Аналарға 63 млрд ақша бөлінген

Аналарға 63 млрд ақша бөлінген

Премьер-министрдің орын­басары Бердібек Сапарбаев бастаған, құрамында бірқатар министрлер мен түрлі билік өкілдері бар жұмыс тобы Түркіс­тан облысына ат басын тіреді. Президенттің халыққа Жолда­уын түсіндіру мақсатында кел­ген жұмыс тобы өңірдегі бір­қа­тар жерде болып, нысандарды аралады. Халықпен кездесіп, тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдады. Кездесулерде Үкімет басшысының орынбасары тұрғындар тарапынан айтылған мәселелерді орындауға тиісті орындарға тапсырма берді.

Б.Сапарбаев бастаған жұмысшы топ алдымен тарихи Отырар ауданын аралап көрді. Топ мүшелері Шәуілдір ауылында күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйінің құрылыс жұ­мыстарымен танысты. Өнер ордасын аралап көрген Сапарбаев облыс және аудан басшыларына жөндеу жұмыс­тарына бірқатар өзгерістер енгізіп, кіреберісін заманауи үлгіде жасау керегін ескертті. Бастысы, сапасына көңіл бөліп, білікті сәулетшілерді тарту қажетін айтып өтті.

Мұнан кейін Үкімет басшысының орынбасары аудан орталығындағы алаң мен әл-Фараби ескерткішінің бүгінгі жағдайымен танысты. Отырар музейін аралап көріп, онда да бірқатар жөндеу жұмыстарын жасау қажетін атап өтті. Келесі жылдың қыркүйек айында кең көлемде аталып өтетін әл-Фарабидің 1 150 жылдығын тойлау кезінде келетін қонақтар мен туристер сол нысандарды аралап, тарихымызбен танысатын болады. Мұнан соң Бер­дібек Мәшбекұлы жаңадан салынған көне Отырар қалашығы жанындағы сапар орталығында өңірдің зиялы қауым өкілдері мен тарихшылар, ға­лымдар бас қосқан алқалы жиынға қа­тысты. Басқосуда Бердібек Сапар­баев әл-Фарабидің мерейтойы алдын­дағы дайындық жұмыстарын пысық­тап, жергілікті тұрғындар мен ғалым­дардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

«Өзгелер қазақта өнеркәсіп, ғы­лым, сауда саттық деген болмаған, көшпенді халық болған деп айтып жатады. Біз өзіміздің мәдениетіміздің жоғары болғанын осы Отырардан бастап көрсетуіміз керек. Отырар музейін қалпына келтіріп, ішіндегі жәдігерлерді жөндеу қажет. Әл-Фарабидің әндері мен шығармаларын жарыққа шығаруымыз керек» деді Бердібек Сапарбаев.

Мұнан соң Үкімет мүшелері Түр­кістан қаласындағы №15 Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебіне барып, мұғалімдермен кездесті. Кездесуде ұстаздардың мәртебесі, білім саласының сапасы және басқа да өзекті мәселелер жайлы талқыланды. Сонымен қатар Жастар ресурстық орталығында жастармен тілдесіп, Түркістан облысында атаулы әлеуметтік көмектің берілуі мен алдағы уақытта өзгерістері жайлы сөз етті.

Премьер-министрдің орынбасары жиында оңтүстіктегі жастарды солтүс­тік өңірлерге көшіру мәселелері мен оның тиімді жолдарын атап өтті. «Біз­дің жастар шет тілдерін еркін мең­герген, заман талабына сай білім алған болуы керек. Сонда ол жас әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады. Пре­зидент Жолдауда дарынды балаларды қолдаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырған болатын. Осыған орай, Үкі­мет «Ел үміті» атты жоба жасап шықты. Жоба аясында келер жылдан бастап Қазақстан бойынша ең дарынды мың бала іріктеліп, мемлекеттің толықтай қамқорлығына алынады. Олардың отансүйгіштік тәрбиесі мен лайықты әрі терең білім алуына жағдай жаса­лады» деді ол.

Сондай-ақ Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ конференция залында өңірдің жұртшылығымен кездесу өтті. Берді­бек Сапарбаев бастаған топ мүшелері облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен басқарма басшылары, ардагерлер мен көпбалалы отбасылар, зиялы қауым мен үкіметтік емес ұйымдардың өкіл­дері, білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет саласының қызметкерлері мен жастар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері бас қосқан жиында Жолдаудың басым бағыттары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысы баяндалды.

Бердібек Мәшбекұлының айтуын­ша, 2019 жылы бір ғана Түркістан облысында мұқтаж отбасыларға атау­лы әлеуметтік көмек беруге 63 мил­лиард теңгеден астам қаржы жұмсал­ған. Көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік пакеттің тағайындалуына орай келер жылдан бастап бұл сомма еселеп арта түспек. Сондай-ақ Президент Жолдауында дарынды балаларды қолдаудың Жол картасын әзірлеуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, Үкімет «Ел үмі­ті» атты жоба жасап шықты. Жоба ая­сын­да келер жылдан бастап Қа­зақстан бо­йынша ең дарынды 1 000 бала ірік­теліп, мемлекеттің толықтай қам­қорлығына алынбақ. Кездесуде тұр­ғындар өздерін мазалаған мәселе­лерге байланысты ой-пікірлерін орта­ға салып, сауал қойды.


Түркістан облысы