Тұрғындар министрмен тікелей тілдесті

Тұрғындар министрмен тікелей тілдесті

Nur Otan партиясы Түр­кістан облыстық филиалының Open Space форматындағы Қоғамдық қабылдау бөлмесі жергілікті және түрлі дең­гей­­дегі билік өкілдері тұр­ғын­­дарды қабылдап, мәсе­ле­­лерін шешетін алаңға ай­­на­лып отыр. Кезекті қа­был­дауды Еңбек және ха­лық­­ты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетов өт­кіз­ді. Бұл жолғы кездесуде об­лыс­­тың 7 тұрғыны жеке мә­се­лесі бойынша арыз-ша­ғы­­мын айтып, министрден кө­мек сұрады.

Атап айтсақ, Кентау қала­сы­ның тұрғыны А.Ыбырайым атаулы әлеуметтік көмек алуға құжат тап­сырып, үш айының ақшасын ғана алғанын, алайда бүгінгі таңға дейін белгісіз себептермен қалған ақ­шалай көмегін алмағанын ай­тып шағымданды. Кентаулық та­ғы бір тұрғын, жеті баланың ана­сы А.Жүзтаева да атаулы әлеу­меттік көмек алуға құжатын тап­сыр­ға­нымен, екі айына ғана алғанын айтып, арызданды. Министр екі ананың да талабы орынды еке­нін айта келе Түркістан об­лыс­тық жұмыспен қамтуды үйлес­тіру және әлеуметтік бағ­дар­­ламалар басқармасының бас­шы­сы Ә.Темірбаева мен Кентау қала­сы­ның әкіміне атаулы әлеу­мет­тік көмек­пен уақытылы қамту жө­нінде тапсырма берді.

Арыстың тұрғыны К.Иман­бекова тұрақты жұмысқа орна­ласа алмай жүргенін айтып ша­­ғым­­данды. Министр Арыс қала­сы әкіміне К.Иманбекованы жұмысқа орналастыру туралы тап­сырма берді. Мәселе дереу ба­қылауға алынды.

Түркістандық К.Тұңғышбаева өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасу үшін талай есікті тоздырған. Алайда түйткіл тарқамаған. Ананың жанайқайы назарға алынатын болды. Оған Түркістан қаласы әкімдігі тара­пы­нан қаладағы бос жұмыс орын­дары туралы мәлімет беріліп, жұ­­мысқа орналастырудың нақты қа­дамдары жасалады. «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы бо­йын­­ша да жұмыс ұсынылмақ.

Қо­ғамдық қабылдауда орда­басылық Ф.Әшірбаева, са­рыағаштық Б.Бекмұрзаева, түр­кістандық М.Сәрсембаева атау­лы әлеуметтік көмек мәсе­лесін қозғады. Өтініштерге байла­ныс­ты Ордабасы, Сарыағаш аудан­дары мен Түркістан қаласы әкім­діктеріне және Түркістан облыс­тық жұмыспен қамтуды үй­лес­тіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасына істі бақы­лап, тиісті көмек көрсету жөнінде нақты тапсырма берілді.

Біржан Бидайбекұлы тұрғын­дар тарапынан айтылған мәселе­лерді мұқият тыңдады. Әрбір арыз-шағымға кең көлемде жа­уап беріп, кеңес айтты. Кей мә­селелердің шешілуін бақы­ла­уында ұстайтынын сөз етіп, әкім­діктер мен мекеме басшыла­рына тапсырма берді. Әрбір ша­ғым­данушы туралы мәліметті тіркеп алды.

– Бүгін қоғамдық қабылдауға Түркістан облысының бірнеше тұрғыны келді. Олардың ба­сым бөлігі жұмыспен қамту, атау­лы әлеуметтік көмек, тұр­ғын үй мәселесін қозғады. Атау­лы әлеуметтік көмектің уақы­тылы төленбеуі жайлы да шағым­дан­ғандар бар. Бүгінде бюджет та­ра­пынан Түркістан облысына тиісті қаражат аударылып, қазан айының атаулы әлеуметтік кө­мегінің қара­жаты төленіп жатыр. Жалпы, Түр­кістан облы­сында 103 мың отбасы, 500 мың адам атаулы әлеу­меттік көмек алады. Кей жағ­дай­да тұрғындар осы көмектің шарт­тары туралы толық білмейді. Оларға кеңес берілді. Сондай-ақ бос жұ­мыс орындарын ұсынатын мемле­кеттік бағдарламалар тура­лы да мағлұмат жетпегендер бар. Өңір­лер­дегі жұмыспен қамту орта­лық­тарына барып, мағлұмат алып қана қоймай, жұмысқа орналасуға болады, – деді ми­нистр.

Министрмен тікелей тілдес­кен тұрғындар мәселе тез ше­ші­мін тапса деген тілегін жеткізді. Қоғамдық қабылдауға келген аза­маттардың шағымдары Nur Otan партиясы Түркістан облыстық фи­лиалының тұрақты бақылауына алынды.


Түркістан облысы