Соңғы 5 жылда елімізде жол бойында малды басып кеткен 643 оқиға тіркелді. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов айтты.
«Тағы бір көкейтесті мәселеге назарларыңызды аударғым келіп отыр. Ол – малды басып кету дерегі бойынша орын алатын жол-көлік оқиғалары. Бұндай жағдайлар көбіне иелерінің қараусыз қалдырылған үй жануарларының қатысуымен орын алады. Соңғы 5 жылда малды басып кеткен 643 оқиға тіркелген. Мұндай жағдайларда, жүргізушілер материалдық шығын шегіп қана қоймай, ауыр жарақаттанып, тіпті қаза болып жатады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты барысында.Орталық бас директорының мәліметінше, тек өткен жылдың өзінде республикалық трассаларда осындай 104 жол-көлік оқиғасы орын алып, 140 адам жарақаттанса, 36 адам қайтыс болған.
«Үй жануарларын жолдар бойында еркін жаюды болдырмау үшін меніңше, мал иелерінің жауапкершілігін қатайту қажет. Сондай-ақ үй жануарлары иелерін жауапкершілікке тарту мәселесін заңдық негізде нақты тетіктермен бекіту керек деп санаймын», - деді Замир Сағынов.