Атырау аймағы – еліміздің ірі индустриалды өңірінің бірі. Облыс экономикасын дамытудың басым бағыттары – мұнай-газ өндіру өнеркәсібі, құрылыс материалдары өндірісі, өңдеу, агроөнеркәсіп және балық шаруашылығы салалары. Мемлекеттен шағын және орта бизнес жобаларына қолдау көріп отырған облыстың жеті ауданында да отандық өндірістер құрылып, аймақтың ғана емес, елдің экономикасына үлесін қосуда.
Атырау облысы – қарқынды дамып келе жатқан өңір. Мұнда мұнай-химия кластерінің инновациялық жобаларынан басқа энергетика, өнеркәсіп өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс индустриясы, машина жасау секілді салалар да үздіксіз дамуда. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өткен жылы өңірдің жұртшылығымен кездесу кезінде Атырау облысының экономикасын әртараптандыру үшін шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Мұнай-газ және мұнай-химия кешендерінен басқа, жергілікті экономиканың басқа да салаларын қолдау қажеттігін атап өтті. Бүгінде өңірде жаңа өндірістер ашу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларынада өнеркәсiп өнiмiнің көлемi қолданыстағы бағамен 3 763,1 млрд теңге болды, өндiрiлген өнiмнiң тиісті кезеңмен салыстырғандағы нақты көлем индексi – 98,2 пайыз. Аймақтың экономикаға үлес қосып отырған орталықтағы кәсіпорындарымен қатар жеті аудандағы, соның ішінде Индер ауданында жүзеге асып отырған отандық кәсіпорынның өнімін алуға жергілікті халықтан өзге, еліміздің басқа облыстарынан да тапсырыс түсуде. Индер ауданындағы сондай іргелі зауыттың бірі – «ИСИ ГИПС ИНДЕР» ЖШС-і ТМД елдеріндегі отызыншы, ал Қазақстандағы үш зауыттың бірі. Бүгінде әлемді шарлаған коронавирус індеті барлық елдердің экономикалық жағдайын төмендетті. Тіпті, өндіріс орындары серіктестік компаниялармен келісімшартты тоқтатуға мәжбүр болып, қаржылық қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр. Алайда егемен ел болғалы ауданға алғашқы болып қағасын қаққан инвестор, әйгілі немістік КНАУФ компаниясының «ИСИ ГИПС ИНДЕР» ЖШС-мен тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Аталмыш зауыт құрылысқа қажетті гипсокартон өнімін сұраныс талабына сай өндіріп, зауыт ашылған бастапқы жылдары елімізден тыс алыс-жақын шетелдерге дейін жеткізді. Бұл қазба байлық элементтерінің бірі – гипсті өңдеу арқылы жасалған өнім сапасының жоғары сұрыптылығынан қол жеткен табыс. Зауыт мамандарының айтуынша, гипсокартон өнімі арнайы зертхана мамандарының тексерісінен өтіп барып сұранысқа жөнелтіледі. Зауыт басшылығы сапаны бірінші орынға қойып, күніне 21 000 шаршы метр, жылына 6 000 000 шаршы метр өнім шығаруды жолға қойды. Жергілікті халық зауыт өнімін «ПромСтройЦентрСервис» ЖШС арқылы алуда. – Елдегі төтенше жағдайға байланысты зауыт жұмысын тоқтату компанияға үлкен шығын әкеледі. Зауыт өніміне деген сұранысты қамтамасыз етуде жауапкершілігіміз бар. Сондықтан пандемияға қарсы барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып жұмыс істеп келеміз. Бүкіл цехты дезинфекциялап, қызметкерлерді арнайы киімдермен жабдықтадық. Қызметкерлердің үйлеріне барғанда қайда, кімдермен болғаны, бәрі-бәрі қадағалауға алынды. Кейбір мамандар қашықтан қызмет атқарса, тасымалдың өзі арақашықтықты сақтай отырып жүргізілді. Зауыттағы проблема – маман тапшылығы. Біздегі колледж зауытқа қажетті автоматика, электроника, темір пісіру сынды бүгінгі заман талабына сай маман даярласа. Механик те тапшы. Қазір заманауи технологиямен жұмыс істейтін маманды өзге аймақтардан іздеуге тура келеді. Бұл бізді көп шығындануға мәжбүрлейді. Зауыттың тоқтаусыз жұмыс істеуі шикізат пен маманға қатысты, – дейді зауыт басшысы Жолдас Үмбетияров. Аудан әкімдігі мен зауыт басшылығы жергілікті азаматтардан маман дайындау үшін оларды білімі мен тәжірибесін жетілдіруге Мәскеу, Қапшағай, Грузиядағы зауыттарға арнайы жолдамамен жіберіп отыр. Зауыт басшылығы бөліскен жағымды жаңалықтың бірі, әлемде 130-дан астам осындай кәсіпорны бар компания басшылары барлық экономикалық тиімді жағын зерделей келе осы өңірден құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт ашу тиімді деген тұжырымдарын айтқан. Компания басшыларының тапсырмасына орай Ж.Үмбетияров Ресей, Беларусь елдерінде тәжірибесімен бөлісіп, зауытқа қажетті құрал-жабдықтар іздестіріп қайтыпты. Кәсіпорын басшысы Жолдас Үмбетияровтың айтуынша, бұл жобаны жүзеге асыруға логистика жағы қолбайлау болып тұр. Көлікпен тасымалдау көп шығынға әкеліп қана қоймай, тапсырысты дер уақытында өтеуге кедергі. Ең ұтымдысы Индер-Мақат теміржолын қалыпқа келтіру. Қазір осы жолмен тасымал жүріп жатырғанмен, жолдың сапасыздығы көңілді күпті етіп тұр. Аймақ басшылығы осы мәселені оңтайлы шешсе, зауыттың экономикаға қосылар үлес салмағы ұлғаятын болады. Жұрт арасында «Индерде Д.Менделеевтің кестесіндегі барлық элемент бар» деген сөз кең тараған. Ақиқатында солай. Облыс экономикасына үлес қосып отырған отандық өнім шығаратын «Ақтау-Битум» құрғақ қоспалар зауыты өткен жылдың сәуір айынан бастап екінші тынысын ашып, жұмыс істей бастады. Бүгінде «Ақтау-Битум» ЖШС өндірісті жолға қойып, өнім көлемін арттыра бастады. Өндірісте барлығы 58 адам еңбек етуде. Заманауи қондырғымен жабдықталған кәсіпорын өткен жылы 4 705 тонна құрылыстық гипс және 1 944 тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіріпті. Жергілікті кен орындарынан алынған гипстік құрамы жоғары шикізаттан төрт түрлі құрылыс қоспалары шығарылады. Олар: қолмен және машиналық әдіспен жағылатын гипсті сылақ қоспалар (штукатурка), соңғы тегістегіштер (шпатлевка). Сонымен қатар ұсақ және орташа иленген гипс ұнтақтарын да дайындау жұмыстары жүруде. «Ақтау-Битум» ЖШС директоры Ержан Ұзақовтың айтуынша, Индердің жерасты қазба байлығынан дайындалған өнім еліміздің Алматы, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Түркістан және басқа да қалаларына жіберілсе, индерліктер тарапынан да сұраныс жоғары. Бүгінде көпқабатты тұрғын үйлермен қатар бизнес саласы мен тұрғындардың жеке ғимараттарын салуда жергілікті өнімге деген сұраныс артты. Өнім сапасы жоғары, бағасы қолжетімді құрылыс қоспаларын өндіру арқылы кәсіпорын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Атырау облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 659 жұмыс орнын құрумен құны 15,8 млрд теңгеге 8 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында 1 жоба іске қосылды. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін 7 жобаның бірі – Inder Tuz Company ЖШС. Толық қуатына қосылуы көзделеген ас тұзын өндіретін зауыттың жобалық құны – 1 млрд теңге. Өнім өндіру қуаты артатын зауытта 30-дан аса жаңа жұмыс орны ашылады. «Тұз» зауыты бүгінгі таңда 150 мың тонна ас тұзын өндіру үстінде. Зауыт толық қуатында іске қосылғанда өнім көлемін 40 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік беріледі. Жергілікті өнімге сұраныс жоғары. Еліміздің барлық өңірлеріне таратылады. Зауытты толық қуатында іске қосу үшін қажетті шаралар қабылдануда. Бұл жобалардан басқа отандық өнімдер шығарып, аймақ экономикасы мен тұрғындардың әлеуметтік жағдайына үлес қосып отырған Индер ауданында орналасқан «Тұзды көл» жерінде арнайы сауықтыру кешенін салу жоспарланған. Талайдың таңдайын қақтырған «Тұзды көл» жерін тиімді пайдалану мақсатында «НефтеСтройСервис» ЖШС қызығушылық танытып, арнайы сауықтыру кешенін салуды көздеуде. Инвесторға Индер тұзды көлі жағалауынан 50 га жер ұсынылды. Қазіргі уақытта құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. «НефтеСтройСервис» ЖШС мекемесінің мәліметіне сәйкес, жоба бірнеше кезең бойынша жүргізілетін болады. Жобаның іске асырылу мерзімі: 2020-2023 жылдар аралығы. Атырау аймағында отандық өнім өндіру мен туған жердің табиғатын халық игілігіне пайдалануды мақсат етіп отырған жергілікті атқарушы биліктің іскерлік жобалары жергілікті халықтың тарапынан оң бағалануда.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы