Бас прокурорға жеткізер шағым көп

Бас прокурорға жеткізер шағым көп

Nur Otan партиясы Ор­та­лық аппаратының респуб­ликалық қоғамдық қабылдау бөлмесі көмек сұрап келген азаматтарға, мүмкіндігі шек­теулі жандарға кө­мек қолын созуға, тұрғын­дар­дың басындағы түрлі мәсе­лелерді оңтайлы шешуге атсалысып келеді. Соның нәти­жесінде көмекке зәру көп азаматтардың өтініш-тілегі орындалды. Қазір­гі уақытта да қоғам­дық қа­был­дауға жазылған тұрғын­дардың мәселелерімен жіті танысу аясында әр өңірде басшылықпен кездесу ұйым­дастырылуда.

Бұл жолы Nur Otan пар­тия­­­сының республикалық қо­­ғам­­дық қабылдау бөлме­сі­не Бас прокурордың қабыл­дауына кіре алмаған бір топ тұр­ғындар келді. Оларды Мәжі­ліс депутаты Василий Олей­ник қабылдады. Арыз­дар­дың басым бөлігі қыл­мыс­тық істерді жүргізген тергеу­шілердің әрекеті мен әрекет­сіздігіне қатысты болды.

Қабылдауға жазылған шым­­кенттік Күлзинат Кыдыр­­баеваның айтуынша, алаяқтар І топтағы ұлының атындағы жеке мүліктерін заңсыз жол­мен сатып жі­берген. Әбден ашын­ған ана еліміздің Бас проку­рорының қабылдауына бірнеше рет жазылғанын, бірақ қабыл­дамағанын айтып ша­ғым­дан­ды. Өтініштері аяқсыз қалған өзге де азаматтар Бас прокурордың жұмысына нара­­зылығын білдірді.

Өз кезегінде Мәжіліс де­путаты Василий Олейник құқық қорғау органдарына және сот төрелігіне көңілі толмаған тұр­ғындардың өті­нішін жоғары билікке жет­кізуге уәде берді.

Мәжіліс депутатының қабылдауына жазылған тағы бір елордалық тұрғын Галина Соколова 1973 жылы туған қызы III топ мүгедегі екенін, күйеуі де инфарктан кейін жұмысқа жарамсыз болып қалғанын, осы­лардың күтімімен үйде отыр­ғанын тілге тиек етіп, пар­тия та­рапы­нан қандайда бір ма­те­риал­дық көмек көрсеті­ле­ті­ніне сеніп кел­генін айтты. Ал авто­көлігі қол­ды болған Елена Солоник­тің шағымын полиция депар­таменті мен ІІМ жауапсыз қалдырған. Шағым­данушы құқық қорғау органдарының жұ­мысына көңілі толмайтынын тілге тиек етті.

Қоғамдық қабылдауда кө­терілген мәселелермен жете танысқан Мәжіліс депутаты өтініштердің барлығына байып­пен жауап берді.

– Қабылдауға келген­дердің бәрін тыңдап шық­тым. Мен осында айтылған бар­лық мәселені Бас про­курор­дың өзіне жеткізуге тырыса­мын. Қа­рас­тырылған мәселе­нің бәрі де өзекті. Әсіре­се, ма­шина ұрлығы бойын­ша түскен шағым мені қат­ты толғандырып отыр. Бұл жағ­дайды Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура өз бақылауына алады, – деді Василий Олейник.

Кездесу соңында қа­был­­дауға келген аза­мат­тар­дың мәселелері бойынша жұмыстар қолға алы­натыны айтылды.


Әбілмансұр ЖАСАН