Қазақстанда 25 адам «Болашағынан» айырылды

Қазақстанда 25 адам «Болашағынан» айырылды

Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Айнұр Кәрбозова айтты.

«Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті. Комиссияның күн тәртібінде екі мәселе болды. Бірінші – конкурстық іріктеуден өткен үміткерлерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы, екінші – «Болашақ« халықаралық стипендиясының жекелеген иелерін келісімшарт міндеттемесін орындамауына байланысты одан айыру туралы. Конкурстық іріктеудің екі кезеңінен өткен 57 үміткерге стипендия тағайындалды», – деді Айнұр Кәрбозова.

Сондай-ақ ол екінші мәселе бойынша келісімшарт міндеттемесін орындамаған 25 стипендиятқа қатысты жан-жақты қаралып, оларды стипендиядан айыру туралы шешім қабылданғанын айтты.

«Екінші мәселеге қатысты айтар болсам, ол академиялық бағдарлама аяқталғаннан кейін магистр дәрежесін алмаған, сонымен қатар оқуын аяқтамаған стипендияттарға қатысты болды. Бүгінгі комиссия мұндай 25 шешім шығарды. Олар келісімшарт міндеттемелерін орындамағандары үшін стипендиядан айырылды. Енді олармен мемлекет алдындағы берешектерін өтету бойынша жұмыс жүргізіледі. Олар оқуларына жұмсалған барлық шығындарды өтеуі тиіс», – деді Айнұр Кәрбозова.