Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам ақыры өзінің менеджері Эгис Климаспен жұмыс істеуді тоқтатты. The Ring нұсқасы бойынша 2017 жылдың ең үздік менеджері болған маман Қанатты біраз жерге апарар еді дейміз өкініп.
Осы жылдың 5 шілдесінде Алматыда доминикандық Хулио Де Хесусты жеңгеннен кейін Климаспен келісімшартты үзу туралы шешім қабылданған. Тараптардың неліктен мұндай шешімге келгені түсініксіз. Айта кетейік, сол жекпе-жекте Қанат орта салмақта екінші деңгейлі WBO International белдігін иеленген еді. Олардың бірге қызмет етуі 2018 жылдың ақпан айында басталған. Климастың жетекшілігімен Қанат 2018 жылы 23 маусымда Лос-Анджелесте жекпе-жек өткізуі керек еді. Алайда боксшы аяғынан жарақат алып, ұзақ уақытқа үлкен спорттан жырақтап қалды. Осы жылдың ақпан айында берген сұхбатында менеджер Қанаттың неліктен хабарласпай жүргенін түсінбейтінін айтқан болатын.
«Қанат Ислам туралы дәл қазір ештеңе айта алмаймын. Ол келген кезде біз жақсы араласып кеттік. Боксшы межелі күндегі кездесуге дайындалып жатты. Алайда жарақат алып қалып, операция жасалуы керек болды. Біз бұл тұрғыда оған толықтай көмек бердік. Содан соң ол Қазақстанға қайтып кетті. Біз анда-санда хат жазысып, жағдай сұрасып тұрамыз. Әзірге онымен сөйлескен жоқпын: рингке қайта орала ма, Америкаға келе ме, жоқ па білмеймін. Ол өзінің 25 жаста емес екенін түсінуі керек. Бұл тақырыпты Қанат та көтерген жоқ, мен де әлі сұрай қоймадым. Егер келемін десе, менің есігім қашан да ашық. Өйткені ол жақсы боксшы» деген еді сол кезде әйгілі менеджер.
Қазір Ислам баяғы бапкері Нельсон Лопеспен қайта жұмыс істей бастаған. Лопес бұл жолы менеджер ретінде Исламның командасында жұмысқа кірісіпті. Қанаттың Алматыда өткізген соңғы жекпе-жегінен кейін оның спорттық әлеуетіне деген күмәннің туындауы – заңдылық. Себебі боксшы соңғы үш раундты әрең өткізді. Бұл тек спорт сарапшысы ғана көре алатын жағдай емес. Қарапайым көрерменге де белгілі. Боксшының өзі жекпе-жек алдындағы сұхбатында «Мен АҚШ жанкүйерлеріне қызық емеспін. Ол жақта бокстасу үшін қаржың көп болуы керек. Мен қазақстандық жанкүйерлерге қызықпын» дейді. Сөйте тұра «Канеломен» кездескісі келетінін айтады. Лопес те солай деп сөйлейді.
«Біз қазір әлемдік рейтингте 8-орында тұрмыз. Бірінші орынға жетуіміз керек. Егер біз чемпиондық белдікті иеленгіміз келсе, онда «Канелоны» ұту керек. Қандай титул үшін жұдырықтасатынымыз маңызды емес. Біз оны («Канело») Қазақстанға әкелгіміз келеді. Біз және біздің команда мұнда тек ақша үшін еңбек етіп жатқан жоқ. Чемпиондық – менің ғана емес, Қанаттың да баяғыдан бергі арманы» дейді менеджер.
Сіздіңше қайдам, біздіңше бұл утопия сияқты. Дәл қазір дәурені жүріп тұрған Сауль Альварестің Алматыдағы «Балуан Шолақ» спорт сарайында жұдырықтасып жатқанын елестетудің өзі қиын. Головкиннің өзімен әрең келіскен, Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасына керіліп-созылып әзер келген мексикалық боксшыны армандаудың ауылы алыс болса керек. Біреулер айтқандай, біздікі мысықтілеулік емес, шындықтың бетіне мейлінше тіке қарауға тырысу.
Қанаттың ендігі келешегі қандай болуы мүмкін? Бірінші орта салмақтағы мықтылармен жұдырық түйістіре ала ма? Бұған спортта жүрген мамандардан артық ешкім жауап айта алмас. Ал кезінде жеңіл салмақта әлем чемпионы атанған Марат Мәзімбаев мынадай пікір айтады.
– Бокста карьерасын әдемі аяқтай алудың өзі маңызды. Себебі жас өз дегенін алады. Боксшы өзі ойлағандай күші мен жетістігін қатар жарыстырып, спорттан кетуі – өте сирек кездесетін құбылыс. Осы жекпе-жек Қанат үшін ескерту болған сияқты. Сондықтан ол қазір мүмкіндіктерін шынайы бағалауы қажет. Қанат бұл кездесуге толыққанды дайын күйде келмеген сияқты. Осыған дейін оны әлсіз қарсыластармен бокстасады деп кінәлайтын. Сол үшін осы жолы мықты боксшыны шақыруды жөн санаған сияқты. Алайда жеңіс сенімді болмай қалды. Негізі чемпиондық кездесу он екі раунд болуы керек еді, бірақ он раундқа ғана созылды. Егер қарсыластың командасы WBO-ға арыз жазар болса, онда кездесу нәтижесі жойылуы мүмкін. Әрі төрешілер де түгелдей қазақ азаматтары болды. Нәтиже жойылар болса, онда супервайзер мен матчмейкерлер де жазаланады, – деді Мәзімбаев.
Қазір бұдан асырып, көзқарас білдірудің өзі қиын. Біздікі – Нельсон Лопестің Алматыға «Канелоны» алып келуін күту ғана.