Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева Қытайда өтетін жарысқа қатыса алмайтын болды.
8-10 қарашада Қытайда өтетін Гран-при турниріне қатыса алмайтынын әкесі Байтақ Тұрсынбаев айтты. Байтақ Тұрсынбаевтың айтуынша, Элизабет желтоқсанда мұзайдынға оралуы мүмкін.
«8 қараша күні Қытайда басталатын Cup of China турниріне Элизабет қатыса алмайды. Ол арқасының жарақатын емдеп жүр. Мәскеуде дәрігерлердің қадағалауымен емделіп жатыр. Ол Америкадағы Гран-при турниріне де бара алмады. Жарақатының толық жазылуын күтудеміз. Бұйырса, желтоқсан айында өтетін Қазақстан чемпионатында бақ сынайды деген жоспар бар», — деді Байтақ Тұрсынбаев.