Мың жылдық митаспа

Мың жылдық митаспа

Қайран жиырма бес! Ауыздығымен алысқан арғымақтай жасымда аздуын айға білеген саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналына әдеби қызметкер боп қабылдандым. Атағынан ат үркетін Оспанхан Әубәкіров, Оспанәлі Иманәлиев, Үмбетбай Уайдин, Қажытай Ілиясұлы секілді сайдың тасындай сатирик ағалардың ішіндегі ең жасы, Шымкентше айтқанда «шымал» сықақшы мен ғана.  Ақсақалымыз – Мыңбай Рәш. «Қарияның» өзі қырық бес-ақ жаста. Фельетон бөлімінің меңгерушісі. Мен сол кісінің құзырындамын. Тікелей бастығым. Бір бөлмедеміз. Түріне қарасаң түк уайымы жоқ адам. Әзілі көп, әжімі жоқ. Қашан көрсең де ұйқыдан жаңа тұрғандай тың. Бір орында тыпырлап тыныш отырмайтын беймаза.  Мыңбай ағаның үйі мен редакцияның арасы жеті-сегіз шақырымдық жер. Көлікке отырмайды. Машинаға мінбейді. Жаяу барып, жаяу келеді. Түскі үзілісте асханаға бас сұғып ас ішкен емес. Үйінен әкелген құлынның етін жеп, балықтың икрасын сары маймен қара нанға жағып түстенеді де, балқаймақ қатып май ішеді.  Күндегісі осы.  Темекіге теріс қарайды. Қандай қонаққа барса да «таңдай жібітерді» татып алған емес. Өзін өзі баптап, өзін өзі сақтап, өзін өзі мұқият күтеді. Тоқсанға толған ұстазымның түр-түсіне қарасаң – қақшаңдап тұр, алпыстағы адамдай. Ал есте сақтау қабі­леті яғни, жады ше? Магнитофоннан аумайды.  Нүктесін басып қалсаң бітті, ағыл-тегіл аңыз әңгіме, жыр-хисса, тау суындай тасқындап ағады. Жаңылмайды. Жаңылыспайды. Біз Мыңбай ағаға таңырқап жүрсек, Мыңбай ағаның өзі атағынан ат үркетін алдындағы ақын-жазушылардың хикаясын айтып қызықтап отыратын. Әңгімесі әсерлі. Кейбір тұста толғанып, домбырасын қолға алып жыр-хиссаны нақышына келтіріп орындағанда анау-мынау әртісіңнен артық. Тіпті сөз зергері Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Тайыр Жароков, Бауыржан Момышұлының сөйлеу мәнері мен дауысын салып әңгімелегенде ұйып тыңдап, соңында қыран-топан күлкіге кенелесің. Бәрінің көзін көрген, көпшілігімен араласқан. Өтірігі жоқ, нанымды. Естіген әңгімемнің есте қалғандарын мен де баяндап көрейін. Кейінгі ұрпаққа керек шығар, бәлкім. Халық әртісі Қалибек Қуанышбаевтың үйіне алғаш рет барғанда шай ішіп отырып: – Қалеке, - депті Мыңбай аға, – сіздің ит боп үріп, қасқыр боп ұлып, бұзау боп мөңіреп, кемпір боп кеңкілдеп жылаған үнтаспаңызды сонау соғыстың алдында бала кезімізде патефон арқылы естігенбіз. Кейінгі кезгі әзілдеріңізді айта отырыңыз. – Ә-ә-ә, айтсам айтайын, - депті Қалекең. – Қайсыбір жылы Мұхтар Әуезовтен бес жүз сом қарыз сұрадым. «Қанша мерзімге?» деп сұрады. «Алты айдан асырмаймын» дедім. Қойын дәптеріне түртіп қойды да бес жүз сом берді. Әне-міне дегенше қарыз қайтарудың да уақыты таяп қалды. Алдаркөсенің қулығына бастым. Немеремнен қалған көне коляскаға ескі-құсқы киім-кешекті қобырайта тиеп алдым да Мұқаңның үй жағында жолын тосып әрі-бері жүрдім. Серуенге шығатын уақытын білем. Кенет Мұқаң қарсы алдымнан ұшырасты да «Ау, Қаллеки, мыналарың не?» деді. Аң-таң. Не дейін? «Ә, өзіңнен алған қарызымды бүгін-ертең қайтара алмайтын болған соң жайма базарға апарып саудалауға бара жатырмын» дедім өтірік желкемді қасып. Сол сол-ақ екен, Мұқаң шыр-пыры шықты. «Бәлі, Қаллеки, айтпа мұныңды, - деді дегбірсізденіп. – Құдай үшін көрсетуші болма, көргендерден ұят. Сен қарызға ақша алған жоқсың, мен еш қарыз берген жоқпын! Келістік пе?» Сөйтіп Қаллеки де қарыздан оп-оңай құтылып кетіпті. Ұлы Мұқаң да алдағанға сенетін бала секілді аңқау болғаны ма? Балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевпен КазПИ-де бірге оқыпты. Мәкең 1946 жылы оқуға түскенде Бердібек аға тіл-әдебиет факультетінің екінші курс студенті екен. Жатағы бір, бөлмесі бөлек. Ұстаздары Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Төлеген Тәжібаев, Сәрсен Аманжолов, Темірғали Нұртазин... Бір күні институтта Сәбит Мұқанов бастаған Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қайнекей Жармағанбетов, Жақан Сыздықов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекқожин сынды қазақтың атақты ақын-жазушыларымен кездесу кеші өтеді. Сол әдеби дүбірде Бердібек Соқпақбаев: «Өлеңде мінезі бар жас баланың, Жылатын алам ба деп жасқанамын» деп басталатын өлең туралы өлеңін оқығанда Сәбит Мұқанов «Ау, мынау ағып тұрған ақын ғой. Бердібек, сен өлең жазуды жалғастыра берсең Әбділда мен Қалижанды қанжығаға байлайтын түрің бар!» деп қол соғып қолпаштағанда, Бердібек айтты: «Көрерміз аға, бірақ Абайдан ұяламын» деді. Жас қаламгердің ибалы сөзіне бүкіл зал ду қол шапалақтады. Бүгінгі жас ақындардың көбісі Абайдан ұялмайды-ау. Мыңбай ағаның шамырқанған сөзі шаншудай тиді. Ойланып қалдым. Жоғары оқу орнын бітіргесін жастар газетіне (Қазіргі «Жас Алаш») журналист боп орналасады. Сапар Байжанов, Кәкімжан Қазыбаев бәрі қатар қалам тербейді. Очерк, мақалалардан басқа сын мақала, фельетондары жарияланып, сатиралық кітаптары арқылы оқырманға кеңінен танылады. Саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналы 1956 жылы ашылып, Бас редакторы Ғабит Мүсірепов жас сықақшыны жұмысқа шақырады. Келе салысымен денсаулық сақтау ми­нистрін келекелеп жазған фельетоны дауға айналады. Сын көрмеген министр Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділ­динге шағымданады. Қаһарлы хатшы фельетон авторын шақырып алып «Үлкен дәрежедегі тұлғаларды бұлай әжуалауға болмайды» деп түнере сөйлегенде «Онда «Араның» не керегі бар?» дейді Мәкең бүгежектемей. Содан басы бәлеге қалмасы бар ма? Ақыр соңында «қатаң сөгіс» арқалайды. Ара түсетін бас редактор Ғабит Мүсірепов  іссапарда. Мәскеуден оралған Ғабең тіеклей вертушкамен Жанділдинге телефон соғып «Менің қол астымдағы бірді-екілі адамды қолдау орнына, қорқыта берсеңдер журналды неге шығарттыңдар?" деп шорт кетіпті. Бірер апта өткен соң Ғабең Қонаевтың қабылдауында болып, сынға қысым жасаудың орын алғанын баяндапты. Ақ-қарасы анықталып, министр орнынан босатылыпты да, фельетон авторына берілген қатаң сөгіс алынып тасталыпты. Содан «Кімсің?», «Мыңбай Рәш!» боп балаң сықақшының бағы жанған. Беделіне қарамастан бет қаратпай жазуды дағдыға айналдырған. Кешегі кеңес өкіметінің кезінде әдебиетті насихаттау мақсатымен ақын-жазушылар ел-елді аралап, оқырман­дармен жүздесіп қайтатын үрдіс бар-тын. Сондай бір сапарда Ғабит Мүсірепов, Тайыр Жароков және Мыңбай аға үшеуі жолсоқты боп шаршағасын, жол-жөнекей бір ауылға түн ауа түнеп шығыпты. «Маған маза беріңдер. Таң атпай оятпаң­дар» дейді Ғабең. Құрметті қонақтардың аты-жөнін естіген үй иесі таңалакеуімнен қой союға ыңғайланып, Тайырдан бата сұрайды. Баяғы бабадан қалған әдет-ғұрып бойынша батаны жасы үлкен адам бермей ме? Солай. «Мазамды алушы болма!» деген Ғабеңді амал жоқ түрткілеп оятады. «Мен саған не дедім түнде?» дейді Ғабең. «Дедіңіз... Бірақ шопанатадан үлкен емессіз ғой, тұрып бата беріңіз. Сіз тұрғанда маған ыңғайсыздау ғой» дейді Тайыр ақын. Ұйқылы көзін бір сипап Ғабең былай бата береді: О, қара қой, қара қой, Баратын жерге бара ғой. Сенде жазық жоқ, Менде азық жоқ, Ауыл-аймақ, Бота-тайлақ Аман болсын. Қой үстіне жұмыртқалаған заман болсын! Дастарқаның толы болсын, Жолаушының жолы болсын! Аллаһу акбар! Қолы босаған сәтте қойқаптағыны қозғап, қай-қайдағы хикаяны айтқанда ертегі тыңдағандай елжіреймін. Мыңбай ағам бір ашылмайды, бір ашылса жуық арада басылуы қиын. Баяғыда арыны қатты арғымақты алдына арқан керіп әрең тоқтатады дегенді еститінбіз. Құдды сол. Бауыржан Момышұлы туралы поэмасын сахнада тұрғандай образға еніп оқығанда «Құдай-ау, бұ неғылған жаңылмайтын жады!» деп аузымды ашып, көзімді жұматынмын. Сөйтсем мұным әшейін бержағы екен. Қызғызстанда өткен «Манас» жырының мың жылдық па, білмеймін, әйтеуір соның дүбірлі тойына «Алпамысты» жырлайтын біздің Бай­батыров жырауымыз аяқ астынан бара алмайтын боп қалады. Оның орнын кім толтырады? «Мыңбай Рәш!» дейді білетіндер. Десе дегендей қазақ халқының атынан барған Мәкең ұлттың рухы мен мәртебесін көтеріп «Манасты» да ырлай­ды, «Алпамысты» да жырлайды. – Есте сақтау қабілетіңіз ерекше. Жастайыңыздан дағдыландыңыз ба? Қалай қалыптастырдыңыз? – деп сұрадым бір күні. – Е-е, шырағым-ай, - деп Мыңбай аға әңгімені әріден қозғады. – Жастайымнан жетім боп өстім. Анам Нұржәмиладан алты жасымда айырылдым. Әкем Ахметкәрім Рәшев соғыс басталған күннің ертесіне-ақ қан майданға кетті. Туған-туыстарым мені он бір жасымда жетім балалар үйіне тапсырды. Ойдан-қырдан жиналған қырық шақты бүлдіршінбіз. Әбдірәсіл деген құсбегі ағайыным 1944 жылы шілдеде аталып өткен ұлы Абай тойына мені де ертіп барғантұғын. Абайға арналған тойды алғаш рет Қажымұқан мен Қаныш Сәтбаевты, Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсірепов пен Күләш Байсейітованы көрдім. Сонда мен он төрт жастамын. Айтпақшы бұдан бір жыл бұрын қырық үшіншінің жазында мен 8 класты тәмәмдап әдетінше ауылға барып демаламын деп жүргенімде әкеммен бірге Житомирде майдандас болған Дүйсежан ағайым артымнан іздеп келіп Алматыға алып кетті. Опера театрында өткен ақындар айтысына ертіп апарды да «Тыпырламай тыныш отыр!» деп ескертті. Әлден соң сахнаға шыққан бір ағай «Жыр алыбы Жамбыл Жабаевты шақырамыз!» деп хабарлады. Басында бөркі бар, үстінде түйежүн шапан киген Жамбыл жәкем биіктеу сәкіге жайғасты да қарлығыңқы даусымен жыр толғады. Ұйып отырмын, құлағыма құйып отырмын. – А-ау, Алатаудан, Арқадан Ақындарым келіпсің. Тілдерінен бал тамған Жақындарым келіпсің. Ертіс, Еділ, Іле, Сыр Бас қосқалы келіпсің. Жүрген жерің думан жыр Сендер елге көріксің. Шаршы топта төгілген Сөздеріңді сағындым. Көзге жылы көрінген Өздеріңді сағындым.   Мұндай дүбір жарыста Кім қызбайды намысқа?! Көтермешің боп келдім, Ақындарым, қарышта!.. Сұрапыл соғыс кезінде қан-құйлы жауға қарсы сес көрсетіп, елді жігерлендіру үшін жиналған айтыс ақындарына салмақ салғандай салиқалы шумақпен аяқтады. Сөздеріңнің күшінен Жау жүрегі түршіксін. Тыңдаған жұрт құлшына Құмарынан бір шықсын! Үш күнге созылған сол айтыста мен Қошқарбаев Шашубайды, халық ақыны Қалқаны, Орынбай мен Кененді, Иса менен Нұрлыбекті, Нартай мен Маясарды, тағы басқа да айтыскер жыр шеберлерін көріп тәнті болдым. Ағып тұр-ау, ағып тұр. Содан бастап «Е-е, ақындардың бәрі жатқа айтады екен ғой. Әйтпесе ол ақын емес!» деген алғашқы сенім жүрегіме ұялады. Ауыл балаларына «Анау ақын былай, мынау ақын былай деді» деп олардың даусы мен мақамдарына шейін айнытпай келтіріп, ауыл-аймақтың әртіс баласы атандым. – Жазушылар одағының мүшелігіне өтерде кепілдемені қай қаламгер ағалардан алдыңыз? – Ұстазым Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен Жазушылар Одағына мүшелікке өту үшін Тайыр Жароков, Дихан Әбілов, Жұмағали Сайннан алған мінездеме-ұсыныстар маған қанат бітірді. Өткен өміріме ой-көзімді жүгіртсем талай жердің дәм-тұзын татып, талай тарландармен тілдескен, сырласқан, қол астында қызмет атқарып, шәкірт болғам, тіпті бірге жүріп біте қайнасқан екенмін. Көрнекті сықақшының ұстазы, классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов «Мыңбай Рәш «Ара-Шмель» журналында қызмет істеген кезден бастап-ақ сатира жанрында өз қолтаңбасын таныта бастады» десе, сатира сарапшысы профессор Темірбек Қожакеев кезінде «Қазақ сатирасына жаңа сардар қосылды!» деп оқырмандардан сүйінші сұрады. Жауынгер жанрдың әртүрлі үлгілерімен жазылған сын-сықақ, мысал-мысқылдарында кері тартқандарды бері тартып, бетімен кеткен жүгенсіздерді усойқыдай уытты тілімен сынап-мінейді. Ол дәуірде тоңмойын, топас, кеуде керген керенаулар белең ала бастаған. Сөздің басын «Мен» дейсіз, Жасы үлкенге «Сен» дейсіз. «Мен өйтем де, мен сөйтем, Менімен кім тең?» дейсіз. Осылай басталатын оспағы сахнадағы әзілкеш әртістердің аузынан түспейтін болды. Темекіні будақтатып тарта­тындарды «Мұржа мұрын» деп келекеледі. Тосын теңеу. Бір ауыз қазақшасына он сөз орысша қосып сөйлейтіндерді «Қойыртпаққа» теңеді. «Қораз екеш қораз да өз тілінде «қыт-қыттайды, қораз құрлы болмадық па? деді. Бүгінгі қоғамда ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлық етек алса, кешегі Кеңес өкіметінің кезінде қымқыру мен жымқыруды бірлесіп жасайтын бастық пен басбух болатын. Сондай-сондай сорақылық әрекеттерді «Әмпей мен жәмпей» деп келекеледі. Ауыз жаласқан арамза тірлікті аямай сынап айғақтап жатты. Әсіресе алаяқтар мен арамзалардың атын атап, түсін түстеп жазған нақты фельетондары мен халықаралық тақырыптағы памфлеттері сықақшы Мыңбайдың абыройын асқақтатты. Шешендігі мен шеберлігі сегіз өрім қамшыдай сұлу әрі сесті. Семсердей сесті сөз оралымдары ұғымды да жұғымды. «Ұсақ қойды – тұсақ қойды, актімен жылпос тұсап қойды» дегендей қақпақылдары қалың оқырманның аузында жүрді. «Ара» - ара болды, шаққан жері жара болады» дейді Оспанхан ағамыз. Ал Мыңбай Рәштің әзілі басқаша. Бас редакторымыз – аудармашы, қарымды қаламгер Нұрғазы Шәкеев. Биязы, жұмсақ адам. Ал оның орынбасары, жауапты хатшы Сақтапберген Әлжіков. Мінезі қатал. Темірдей тәртіптің адамы. Бәріміз ығамыз. Қаққанда қанымызды, соққанда сөлімізді алады. «Шақырып ап Әлжіков, жібереді алжытып!» деп Мыңбай ағам оған езутартар эпиграмма да шығарған. Бас редактор мен жауапты хатшының арасы онша жақсы емес. Жиі тәжікелесіп қалатынын білеміз. Осыған байланысты бір шумақ өлеңін дауыстап оқи бастады. Баласы Әлжік қарттың Сақтапберген Құдайым ақылды оған шақтап берген. Қолынан ештеңе де келмеген соң, Шаңқылдап Шәкеевке тап-тап бер­ген! Дәл осы тұста қиялап ашулы тұрған есіктен Сақтапберген бастығымыз сарт етіп кіріп келмесі бар ма? Сірә, бір шумақтың ұйқасты тұстарын құлағы шалып қалды-ау деймін: – Әй, сеен маған арнап өлең шығарғансың ба? – деді қадала қарап. – Иә, Сәке! – Қане, оқышы... «Ойпырмай, әлгі әзілді қайтіп оқиды?» деп қатты мазасызданып отыр ем, тұзаққа түспей құтылып кетті. Әлгі шым­шымасының алдынғы екі қатарын түр­лендіріп жіберді. «Баласы Әлжік қарт­тың...» деген жоқ. Баласы Әлжекеңнің Сақтапберген, Ақылды Құдай оған қаптап берген!.. Сенер-сенбесін білмеген жауапты хатшымыз миығынан бір езулеп күлді де мәз боп кетті. Табан астындағы тапқыр­лығына таң қалдым. ... «Ара» журналының алақандай бөлмесінде отырғанбыз. Мыңбай аға жылан таптағандай атып тұрды да: – Әй, Оспанханға дауа жоқ қой! – деді шек-сілесі қатып. – Талант. Нағыз тума талант. Алдындағы кітабын бір шетке ысырып қойды да, Осағаңның көкейіне қонған көп сықақтарынан үзінде келтіріп жатқа соқты. – «Осы қоянның жүрегі жүрек пе, әлде ішек пе? «Тәйт!» десең талып қалады, соның өзінде Қоқанға барып «қалады». Мұны кім жазады, тек Оспанхан ғана! – деді балмұздақ жеген баладай қуанып. Мың жасағыр Мыңбай ағам Оспанхан інісінің «Меңдуана» және «Әртіс бөлісу» деген екі сықағын екпіндетіп жатқа оқыды да: – Міне, Оспанхан! – деді риза­шылықпен. Іштарлығынан құштарлығы басым Мыңбай ағамның ақ пейілі аузынан төгіліп тұрды. «Бір-екі рет оқып қалай жаттап алған?» деп іштей бас шайқаймын. «Мың бір түннен» бастап мың жылдық тарихы бар «Шахнамадан» үзінділерді ауызша келтіргенде «Мыңбай ағамның басы мың жылдық митаспа ғой!» деп ойлайтынмын. Қаламгерлер қашанда толғанып жүреді. Туады. Жақсы шығарма туады. Оны әдетте туынды немесе іштен шыққан шұбар жылан деп атаймыз. Тоқсанға келген атамыздың «Суылдақ», «Біле қойдым», «Қисық айна», «Мен айтпай, сірә кім айтар?», «Тс-с... тісіңнен шығарма!», «Кері тартқанды бері тарт» секілді «шұбар жылан» кітаптарын таразылап, талдауды ғалымдар мен сыншылардың еншісіне қалдырдым. Әйтпесе әңгіме ұзап кететін түрі бар.

Көпен ӘМІРБЕК