Nur Otan Атыраудағы жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мәселесін қарады

Nur Otan Атыраудағы жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мәселесін қарады

Nur Otan партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес партияның 2015-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының Атырау облысында орындалу барысын талқылады. Қоғамдық кеңестің жоспарына сәйкес, жұмыс тобы Атырау облысындағы 2017-2018 және үстіміздегі жылдың 9 айындағы жағдайды зерттеді.

Сонымен, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сүйенсек, Атырау облысында үстіміздегі жылдың 9 айында 2018 жылмен салыстырғанда жемқорлық деңгейі 42,2% өсіп отыр. 2017 жылдан бастап 2019 жылдың қыркүйек айына дейін 400-ге жуық қылмыстық іс сотқа жолданса, аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген шығын мөлшері 4,94 миллиард теңгені құрады.

«Аймақта сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары болып отыр. Қылмыстық-тергеу жұмыстарының нәтижесі қылмыстың көпшілігі бюджет қаражатын игеру, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, мемлекеттік рұқсат беру қызметтерін жүзеге асыру кезінде облыстық және аудандық деңгейлердің басшылары жасайтынын көрсетті. Сондықтан да жемқорлыққа қарсы іс әрекеттер бұл індеттің дәл осы «ошақтарына» бағытталуы тиіс»,–деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі, Парламент Сенатының депутаты Еділ Мамытбеков.

Аймақтағы жемқорлыққа қарсы іс-шаралар жөнінде есеп берген Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтардың жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы белгілі бір құжат, рұқсат немесе келісімдерді алуын цифрлық форматқа көшіру және көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту мақсатында Атырау қаласында eatyrau.kz электрондық қызметтер мен сервистер порталы іске қосылғандығын атап өтті.

«Мәселен, Сәулет жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды алу үшін қағаз түрінде өтініш беріліп, оны мемлекеттік орган мен коммуналдық қызметтерге жіберуге 1 ай шамасында уақыт кетеді. Ал электронды портал арқылы 6 жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жауап беріледі. Жалпы, жыл басынан бері облыста азаматтардан 2 598 өтінім қабылданып, 1 915 электронды түрде қызмет көрсетілді. Сонымен бірге,  Атырау облысында тұрғындардың Ахуалдық орталықпен тікелей байланысын орнату мақсатында «Үндеу» сервис жүйесі іске қосылды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады»,– деді Нұрлан Ноғаев.

Кеңес мүшелері атқарылған істерге қарамастан, жергілікті атқарушы органдар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыста формализм жалғасып келе жатқандығын атап өтті.

«Талдау жұмыстары облыстың мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына теріс әсер ететін кемшіліктер мен қателіктер бар екенін және сол арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасалатынын көрсетті. Партия мүшелерінен, әсіресе мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларынан жалпы жағдайға, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты жауапкершіліктерін күшейтіп, жеке-жеке сұру болуын қамтамасыз ету қажет деп санаймын» - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы, депутат Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев.

Кеңес мүшелері сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жергілікті комиссиялар жұмысының мардымсыздығына тоқталды. Отырыстар қызметі тексерілетін органдар басшыларының ақпаратын тыңдаумен шектеледі. Жағдайды мұқият зерделеу, құқық қорғау органдарының материалдарын, азаматтардың өтініштері мен БАҚ мақалаларын талдау үшін қажетті дайындық жұмыстары жүргізілмейді. Комиссиялардың шешімдері жалпы сипатта болып, олардың шешімдерінің орындалуына бақылау жүргізілмейді.

Сонымен қатар, кеңес төрағасы партияның аймақтық филиалдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейтуді және есептік құжаттарды жүргізудегі кемшіліктерді жоюды талап етті.

«Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев жұмыстың маңызды бағыттарының бірі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта аймақтардың рөлін күшейту деп атады. Сондықтан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірлер» жобасын тиімді іске асыру ерекше маңызды болмақ. Біз орталықта да, елді мекендерде де барлық салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін уақтылы анықтау және жою үшін мемлекеттің халықпен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуіміз керек» - деді Омархан Өксікбаев.