Премьер-министрі Асқар Мамин Гаага қаласына ресми сапары аясында Нидерланды премьер-министрі Марк Рюттемен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Қазақстан – Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты.
М.Рюттемен кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, энергетика, қаржы, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, АТ, ғылыми салалардағы өзара іс-қимылды одан ары кеңейту перспективалары талқыланды.
Қазақстан мен Нидерланды Премьер-министрлері V Қазақстан – Нидерланды бизнес-форумының ашылуына қатысты. Оның аясында екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен 5 құжатқа қол қойылды.
Соның бірі – ҚазҰАУ мен Вагенинген университеті арасындағы қазақстандық аграрий студенттерді оқыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандум.
Келіссөздер аясында Гаагада өткен Қазақстан – Голландия Бизнес-форумы шеңберінде Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик Тілектес Есполов ҚазҰАУ-Вагенинген университеті (Wageningen University and Research-WUR) ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойды.
2019 жылдың басында Вагенинген университетінен эксперт-ғалымдар арнайы жұмыс сапарымен ҚазҰАУ-ға келіп, өз тәжірибелерімен бөліскен болатын. Осы кездесуде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне бірлесіп мамандар дайындау мәселелері сараланып, ҚазҰАУ-ға Вагенинген университеті әзірлеген Plant Sciences (Өсімдіктер туралы ғылым) және Food Technology (Тағам технологиясы) білім беру бағдарламаларын енгізу жөнінде шешім қабылданған.
Биылғы жылдың қазан айының басында ҚазҰАУ ғалымдары Вагенинген университетінде болып, алдағы жылға белгіленген жоба-жоспарлар барысын кеңесіп, талқылап қайтқан болатын. Нәтижесінде, «Өсімдіктер туралы ғылым» және «Тағам технологиясы» бағыттары бойынша жаңа буындағы білікті мамандарды бірлесіп дайындау мәселесі нақты келісілді. Осы келісім негізінде әр бағдарламаға 50 студенттен қабылданып, олар өз елімізден сыртқа шықпай-ақ сапалы білім ала алады. Бұл – жастарға заманауи, озық білім беруде өте тиімді әдіс және университеттің қарқынды дамуына ықпал етеді.
Ендігі кезекте ҚазҰАУ студенттері Вагенинген университетінің білім беру бағдарламалары негізінде оқып, оқытушы-профессорлар құрамы жаңа бағытпен сабақ өту әдісі мен инновациялық технологияларын меңгеретін болады. Оқу барысы онлайн түрде өтеді. Аталған екі бағдарлама бойынша білім алғысы келетін үміткерлер Қазақстанның барлық аймағы мен Орта Азия аумағынан таңдап алынады. Сабақтар алдағы 2020-2021 оқу жылында басталады. Бітірген түлектер ҚазҰАУ мен Вагенинген университеті дипломдарын қатар алады. Оқу бағасы Вагенингенге қарағанда 3-3,5 есе арзан.
Қазіргі кезде Нидерландыда Вагенинген университетінде Метрополитен Фуд кластер консорциумы желісі жұмыс істейді. Оның құрамына университет, кәсіпорындар, үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдар бар. Осы консорциум арқылы әлем бойынша 20-дан астам агроинновациялық кластерлер жасалып, ірі жобалар іске асырылуда. Қазақ ұлттық аграрлық университеті осы желі құрамына енді. Бүгінгі күні Вагенинген Метрополитен Фуд кластер консорциумының тәжірибесі бойынша ҚазҰАУ-дың «Агроуниверситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы базасында агротехнопарк құру мәселесі қарастырылуда.