Тұран жолбарысы орала ма?

Тұран жолбарысы орала ма?

Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан Үкіметі Тұран жолбарысын Іле-Балқаш өңіріне жерсіндіруді жоспарлап отыр. Әрине, азулы жыртқыштың Қазақстан жеріне қайта оралуы ерекше оқиға болары анық. Дегенмен қазір бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Тып-типыл жойылып кеткен тұқымды қайта «тірілту» мүмкін бе дегендей сансыз сауалдар да бар. Оған «Тарғыл жыртқыш халыққа қауіп төндірмей ме? Жолбарысқа Леонардо Ди Каприоның не қатысы бар?» деген сұрақтарды да қосып қойыңыз.

ХХ ғасырдың басында жер бетінде 100 мыңға тарта жолбарыс болған. Бүгінде үш жарым мың­дайы ғана қалыпты. Ал Қа­зақ­станды мекендеген «Тұран жол­барысы» тұқым-тұяғымен құрып біткен. Ірі жыртқыштың салмағы 250-300 келі тартатын. Бір ерекшелігі – жирен түсті жүнінің бояуы қанық. Қыстыгүні терісі, әсіресе қарын тұсының жүні қалыңдай түседі. Тұмсығына қою мұрт өскен. Құжаттарға қарағанда, Жеті­судағы соңғы жолбарыс 1940 жылы аңшы оғына ілінген. Арада бірнеше жыл өткен соң Іленің төменгі ете­гінен ізін көргендер бар. Тұран жолбарысы генетикалық-молекулярлық жағынан Қиыр Шы­ғыстағы Амур жолбарысына өте жақын. Ол да жойылып бара жат­қан тұқым. 2010 жылы Дүние­жүзілік жабайы табиғат қоры (World Wildlife Fund) мен Қазақстан Үкіметі Амур жолбарысын Іле-Балқаш өңіріне жерсіндіруді қолға алған. Осылайша, бірден екі мәселе ше­шілмек: Амур жолбарысының саны көбейеді және ежелгі таралу айма­ғында мысық­тұқымдас жырт­қыш­тың популя­циясы қалпына келеді.

Қайда жерсіндіреміз?

Тұран жолбарысының баяғыда мекендеген аймақтарын мамандар көп зерттеген. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Ресей өкілдігінің ди­ректоры Игорь Честиннің ай­туынша, жолбарысты жерсіндіруге Қазақстаннан басқа елдерде қо­лайлы орын табылмаған. – Жолбарыс популяциясы үшін көлемі зор, адам аяғы баспайтын аумақтар қажет. Амал қанша, Әзер­байжанда, Арменияда, Гру­зияда, Иранда, Қырғыз Респуб­ликасында, Қытайда, Тәжікстанда, Түркі­менстанда, Түр­кияда жолбарыс тіршілік ететіндей жер қалмады. Кейбір шағын өлкелер кездес­кенімен, олардың жан-жа­ғында ха­лық тығыз қоныстанған. Ауғанстан мен Иракты қарастырған да жоқпыз, себебі бұл мемлекеттердің ішкі саяси ахуалы күрделі. Ақыры Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы ыңғайлы деген шешімге тоқтадық. Сол өңірді ұңғыл-шұң­ғылына дейін барлап, Қазақстан Ғылым акаде­миясының зоология инсти­тутымен бірлесіп үлкен есеп әзірледік, – дейді Игорь Честин. Оның сөзінше, Іле-Балқаш өңірінде халық аз – бір шаршы ша­қырымға екі адамнан айналады. Экожүйесі де жолбарысқа қолайлы. Жеті мың шаршы метр аумаққа 40-55 жолбарыс жіберсе, жарты ғасырда оның тұқымын 64-98 басқа дейін өсіруге болады екен. 2017 жылы қыркүйекте Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Қазақстанға жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Осы құжаттың негізінде 2018 жылдан бастап «Іле-Балқаш» табиғи резерваты құрылды.

Тарғыл жыртқыш қауіпті емес пе?

Айтпақшы, жолбарыстар жер­гілікті тұрғындардың мал-жанына қауіп төндіреді деген қорқыныш бар. Мамандар оны да ойластырған. – Жолбарыстар ғасырлар бойы осы өңірде өмір сүрген. Ол адамнан қорқады, жайдан-жай тиіспейді. Ал малға шапса, жолбарыс өлтірген әрбір түлік үшін өтемақы төлеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, халыққа жолбарыстың оралғаны пайдалы. Тарғыл жыртқыш бар жерден қас­қырлар да қашады. Қасқыр жеген малға өтемақы төленбейтіні анық. Сонымен қатар әр жолбарысқа жер­серіктен басқарылатын қарғыбау тағып, қайда жүргенін қадаға­лай­мыз, – дейді WWF Ресей өкілдігі Орталық Азия бағдарламасының директоры Григорий Мазманянц. Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сондықтан резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Тарғыл шерінің негізгі қорегі – қабан мен кермарал. Сарапшылар Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа барын анықтаған. Бірақ ол жет­кіліксіз. Алып денелі, алапат күшті жыртқыш еттен тарықпауы үшін қабан саны 30-50 мыңға жетуі тиіс. Сондай-ақ алдағы 4-5 жыл ішінде Іле-Балқаш өңіріне 50 шақты кер­марал апару көзделген. «Қазақ ұлттық географиялық қоғамының» вице-президенті, зоолог Сергей Скляренконың пі­кірінше, алдымен резерваттың эко­жүйесін сауықтырған дұрыс. Бой тасалайтын жиделі тоғайы мен қалың қамысы болмаса, жолбарыс ешқашан жерсінбейді. – Атқарылатын шаруа шаш етектен. Ең бірінші резерватқа су­дың жеткілікті мөлшерде баруын қам­тамасыз ету қажет. Іргелес жат­қан шаруашылықтар суды жөн-жо­сықсыз ысырап қылады. Соған тос­­­қауыл қоймасақ болмайды. Өртпен, орман ағаштарын заңсыз отаумен күресуіміз керек. Ол ау­маққа мал жаюға да тыйым салынуы керек. Бұл бір күннің, бір жылдың жобасы емес. Бұл – миллиондаған ақша тұратын қымбат жоба, – дейді Скляренко. Жолбарыстар хайуанаттар ба­ғынан немесе Қиыр Шығыстағы жабайы табиғаттан алынуы мүмкін. Әрине, қолда өскен аңның еркін­дікке бейімделуі қиын. Мұндай тәжірибе Ресей мен Қытайда жүр­гізілген. Егер ол жүзеге аспаса, Қиыр Шығыстағы жолбарыс попу­ля­циясына зиян келтірмей, жылына екі-үшеуін ұстап отырады. Бұл кезең 5-7 жылға созылып, «Іле-Балқаш» қорығына кем дегенде 20 бас Амур жолбарысы жерсіндіріледі.

Жолбарыстар Іле суын сақтауға да ықпал етуі мүмкін

Бағдарламаны жүзеге асыру ба­рысында Іле өзенінің арнасына ерекше көңіл бөлінеді. Қытай мен Қазақстанның суды қанша пай­даланатыны басты назарда болады. Қытаймен Іле суын пайдалануға байланысты келісім жасағанда «Жол­барыс бағдарламасы» басты уәжіміз болуы ықтимал. 2017 жылы атақты актер Лео­нардо Ди Каприо өзінің Instagram парақшасында осы мәселеге қа­тысты пікір білдірген. «Естідіңіздер ме? Қазақстан жарты ғасыр бұрын жойылған жол­барыстарды Орталық Азияға қай­таратын тұңғыш ел болады. Бір кездері жолбарыстар Түркияның шығысынан Бали аралдарына дейінгі аралықта жортып жүрген, алайда содан бері таралу аймағы 90 пайыз тарылып кетті. Қазақстанның жолбарысты жерсіндіру жоспары – табиғатты қорғауға қосылған қо­мақты үлес», – деп жазылған жария­ланымда. 2010 жылы Леонардо Ди Каприо жолбарыстың әлемдік попу­ляциясын құтқару жөніндегі Санкт-Петербург саммитіне қатысып, жолбарысты сақтау бағдарламасына екі миллион доллар беретінін мәлімдеген. Табиғатты қорғау жо­баларына атсалысқаны үшін белгілі актер «Жолбарыстар елшісі» атанған.

Олар қалай құрыды?

Тұран жолбарысының тұқымы неден құрыды? Қазақ жерінде са­лақұлаш сарыала жолбарыстар XX ғасырдың ортасына дейін жортып жүрген. Ерте заманда Сырдария жа­ғасы, қамысы қалың Шу бойы қаптаған жыртқыш екен. Іленің етегінде де толып жүрген деседі. Жолбарыс аулау қазақтың ата дәс­түрі, машықты өнері болған. Білегін арқанмен орап, үстіне қалың тері жамылған қазақ аңшылары шеріні жалаң қанжармен-ақ жай­ратқан. Ресейде жарық көрген «Военный сборник» журналының 1871 жылғы бір санында Сырдария бойында тұратын Шақан деген аңшы жайлы мақала басылған. Шақан аңға кеткен түні адамжегіш жолбарыс киіз үйге кіріп, баласын өлтіріп, әйелін қа­мысқа сүйреп әкетеді. Қатты күйін­ген Шақан кек қайтаруға ант етеді. Уәдесін орындаған аңшы бірнеше жыртқыштың көзін жояды. Бұл туралы Мұхтар Мағауиннің «Шақан-Шері» романында егжей-тегжейлі жазылған. «Тоқсан үйлі тобырды» аңшы­лықпен асыраған Қамбар батырдың жолбарысты құйрығынан ұстап, басынан айналдыра лақтырып өл­тіргені де жырда көркем баян­далады. Бірақ еуропалықтар келгенше Қазақстандағы жолбарыс по­пу­ляциясы біршама еді. Аң патша­сын жоспарлы түрде аулау 1891 жылдан басталады. Жедел атылатын жойқын қарумен жарақтанған орыс армиясы отарланған жерді жыртқыштардан тазалау үшін арнайы отрядтар ұйым­дастырды. Жекелеген аңшылар да түгі құлпырған қымбат терісі үшін жолбарысты қынадай қырған. Кеңес үкіметі жолбарыстарды аулауға 1947 жылы тыйым салға­нымен, бұл кеш қабылданған шара болды. Бірақ соның арқасында Амур жолбарысы сақталып қалды. 1960 жылдардың ортасынан бастап Тұран жолбарысы Халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабының бірінші санатына тұқымы тұздай құрыған түр ретінде енгізілді.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ