Қала аумағы 3 мың гектарға ұлғайды

Қала аумағы 3 мың гектарға ұлғайды

Түркістан қаласын түлету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Олай дейтініміз, облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталса, жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайды. Алдағы 15 жыл шамасында қала тұрғындарының саны екі есеге өседі деп жоспарланып отыр. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкі­мет отырысында Түркістан қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды. Жиында Түр­кістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Индустрия және инфра­құрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев баяндама жасады. Түркістан қаласын дамытуға бағытталған жұмыс барысын сара­лаған Үкімет басшысы А.Ма­мин алдағы жоспарларды да атап өтті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи бастамасы мен шешімінің арқасында түр­кі әлемінің мәдени-рухани аста­насы ретінде қасиетті Түр­кістан қаласын дамытуға үлкен серпін берілді. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда Түр­кістан қаласы Қазақстанның рухани жаңғыруының символы мен ел мақтанышына айнал­ды», – деді Асқар Мамин. Үкімет басшысы Түркістанның жаңа дамуын қамтамасыз ету, тарихи құндылықтарды сақтай отырып, оны одан әрі өркендету мақсатында 2018 жылғы қыр­күйекте Түркістан қаласын да­мытудың бас жоспарының тұ­жырымдамасы мақұлданғанын атап өтті. Қысқа мерзімде ауқым­ды жұмыс атқарылды. Тарихи-сәулет, әкімшілік-іскерлік ор­­та­лықтардың, көлік және ин­женерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй аймағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілді. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталды. Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұл­ғайды. Халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға дейін өсті. 2025 жылға қарай ол шамамен 250 мың, ал 2035 жылға қарай 350 мың адам болады деп болжанып отыр. Үкімет басшысы Түркіс­танды дамытудың жаңа бас жос­пары белсенді дамып келе жатқан қаланың барлық қажет­тілігін ескеретінін және оның тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға жол ашатынын атап өтті. Жоспар қаланың және Түркістан облысының атқа­рушы органдарымен, сондай-ақ орталық мемлекеттік орган­дармен келісілді. Бүгінде қар­қын­ды жүріп жатқан қаланың құ­рылыс жұмыстарымен қатар инфрақұрылымын дамытудың барлық егжей-тегжейлі схе­ма­лары әзірленді. Үкімет басшысы қасиетті қаланы дамытуға ба­ғытт­алған барлық жоспардың жо­баларын жүзеге асыру бақылауда болатынын жеткізді.

Тельман БЕЙСЕН