Nur Otan партиясының бастамасымен қолға алынған «Менің Туым – Менің Отаным!» акциясына қызылордалықтар да қолдау білдірді. Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуге арналған игі шара қаладағы Aray City Mall сауда орталығында өтті. Оған Nur Otan партиясы облыстық және қалалық филиалдарының басшылығы, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, жергілікті мәслихат депутаттары, жасотандықтар, спортшылар мен қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова акцияның негізгі мақсатына тоқталды. Ол сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің өткен тарихымызды, мәдени мұрамызды, болашаққа ұмтылысымызды бейнелейтінін, Отанға деген сүйіспеншілігімізді, мемлекетке құрметімізді арттыратынын тілге тиек етті.
– Мемлекеттік рәміздер бізді ең маңызды сәттерде, ұлттық мерекелерден бастап, спорттық жеңістерге дейін біріктіреді. Тарихымызда мемлекеттік нышандар, еңсерілмейтін құндылықтар ретінде халықтарды жігерлендіріп, олар үшін ұлы ерліктер жасалған, олар үшін өмірлерін құрбан еткен мысалдар аз емес. Елдің елдігін танытатын Тудың қадір-қасиетін, ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы елімізді, жерімізді қорғау кезінде танытты, ұғындырды. Бүгінде Қазақстанның көк туы астында біздің адамдар ерлік жасап, еңбек, ғылыми, мәдени және спорттық жетістіктерін көрсетеді. Біз түрлі салада жоғары жетістіктерімен еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп жүрген азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Бұл – нағыз қазақстандық патриотизм! Бүгінгі акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерімізді насихаттау арқылы оларға құрмет көрсету, азаматтардың туған еліне деген патриоттық сезімін ояту, – деді А.Әлназарова.
Патриоттық акцияға қолдау білдірген халықаралық деңгейдегі спорттық додаларда топ жарып, көк байрағымызды көкте желбіреткен спортшылар шара барысында сөз алып, бүгінгі таңда азаматтардың санасында мемлекеттік Туды пайдалануға және орнатуға тыйым салу туралы жағымсыз пікір қалыптасқанын, бұл стереотипті жою қажет екені туралы айтты. Мемлекеттік Туды әрбір азамат төрге тігуге, қадірлеп-қастерлеуге құқылы екенін жеткізді. Шарада әннен шашу шашылып, мереке көркі жандана түсті.