Түркістанда журналистер бас қосты

Түркістанда журналистер бас қосты

Түркістанда Тúrkistan open media форумы өтті.

Жиында жалпы қазіргі журналистикадағы мәселелер айтылды және Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы БАҚ жұмыстары төңірегінде әңгіме өрбіді. Үш облыс, бір республикалық маңызы бар қаладағы Журналистер одағының филиалдары өзара меморандумға қол қойды. 5000-нан аса мүшесі бар Журналистер одағына мүшелікке журналистер қабылданды. Ардагер журналистерге құрмет көрсетіліп, арнайы құттықтау хаттар оқылды.

Журналистика саласы майталмандарының басын қосқан форумды Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалы және Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастырды.

Форумға қатысушы мәртебелі қонақтар алдымен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медиа ресурстарымен танысты. Атап айтқанда, университетте журналистика мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер тек теориямен ғана шектелмей, оларды арнайы тәжірибеден өткізуі үшін университетте арнайы жасақталған теле студия, радио студия, фото студия және ақпарат орталығы мен газет, сайттарының жұмыстарымен танысты.

Түркістан төрінде өткен ауқымды шараға Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, белгілі жазушы, ардагер журналист Мархабат Байғұт ағаларымыз, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Әлеуметтік қолдау және тәрбие істері жөніндегі вице-президенті Әміреқұл Әбуов, «Заң медиа» ЖШС бас директоры Досымбек Өтеғалиев, журналист Жұлдыз Әбділдә, жергілікті белгілі журналистер және Жамбыл, Қызылорда облыстарынан танымал журналистер қатысты.

Форумның негізгі ұйымдастырушысы - Қазақстан Журналистер Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі:

«Бүгінгі форумның атауын «Түркістан оупен медиа» яғни, ашық медиа деп бекер қойып отырғанымыз жоқ. Түркістан – дүйім қазақтың рухани астанасы, түбі бір түркі дүниенің тал бесігі. Демек, қазақтың рухани жаңғыруы, рухани оянуы да осы қаладан басталу тиіс. Бұл ретте ақпараттық кеңістікте болып жатқан тенденцияларды жіті бақылап, заман талабына сай өзгеріс жасауға дайын болуымыз керек. Демократиялық қоғамның басты белгісі - ақпараттың ашық әрі еркін таралуы. Бұл – қазіргі таңдағы ең өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Біз білетін дәстүрлі ақпарат құралдары – газет пен журнал, теледидар мен радио көп жылдан бері қалыптасқан жұмыс істеу жүйесін өзгертуге мәжбүр. Өзгеріске қарай қадам баспаса ол ақпарат құралы құрдымға кетері анық. Көп ретте интернет пен әлеуметтік желілер дәстүрлі медианың бәсекелестері ретінде айтылып жүр. Бұл рас. Қазір кез-келген ақпарат құралы немесе сайт, блогердің жеке парақшасы – барлығы да біріне бірі бәсекелес. Себебі аудитория үшін талас жүріп жатыр. Дегенмен, біздіңше, жаңа және дәстүрлі медиаресурстарды бәсекелес емес, ортақ жобаларда ынтымақтасатын әріптес ретінде қаралуы керек. Кез-келген газет-журнал, телевизия мен радио жаңа медиаресурстарды барынша игеруі тиіс. Сол себепті де форумның басты тақырыбы етіп дәстүрлі және жаңа медианың арасындағы ынтымақтастықты таңдап отырмыз», - деді.

Сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов:

«Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде қоғамның түрлі салаларындағы проблемаларды дер кезінде көтеруде. Сол арқылы, оны биліктің назарына ұсынып, оң шешімін табуына ықпал ету жолында еңбек етіп келеді. Дегенмен, БАҚ-ның мұнан да маңызды миссиясы барын ұмытпауға тиіспіз. Ол – қоғамдық пікір қалыптастыру арқылы халықты елдік асқақ мақсаттарға жұмылдыру. Яғни, ақпарат құралдары қоғамды біріктіруші факторға айнала білуі тиіс», деп облыс аумағындағы медиа саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.

Форумда сөз алған университеттің вице-президенті Әміреқұл Абуов оқу орнындағы білім беретін журналистика мамандығы бойынша мәлімет берді.

-Біздегі факултеттерде журналистика мамандығы бойынша білім беретін кафедра бар. Болашақ журналист мамандарына арналып барлық жағдай жасалған. Теле және радио, радие және фото студияларымыз бар. Барлық студияларымыз заман талабына сай техникалармен жабдықталған. Келешекте бұл жерде тәлім алған шәкірттер болашақта мына сіздер сияқты алдымызда мәртебеге ие болып отыратынына біз сенеміз. Сондай-ақ, студенттеріміздің белсенділігінің арқасында қатарында 40-қа жуық студентіміз бар Журналистер клубы ашылған. Олар университетпен тікелей жұмыс жасап отырады. Нағыз мамандардан кем емес деп айта аламын. Журналистика саласының барлық қырында студенттеріміздің жеткен жетістіктері жетерлік. Онымен қоса облыстық телеарнада бізге бекітілген 15 минутымыз бар. Бүгінгі форумға қатысушылардың ішінен осы студенттерге үлгі болатын журналистер қатары көп. Солардың бірқатарына университетіміздің атынан сыйымызды ұсынғымыз келеді, — деп Ә. Әбуов ректор Болатбек Серікбайұлының атынан Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен Қазақстан жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің директор-бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлына шапан жауып, лебіз танытты.


Форумда кезекті сөз алған Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев:

«Баспасөздің Қазақстанда болашағы бар. БАҚ-тар керек, журналистерге халық сенеді», – дей келе ол - журналистика деген орысша айтқанда "штучная" мамандық. Кез-келген адам журналист бола алмайды. Журналист болу үшін адамда жүрек және нақты өмірлік позициясы болу керек. Сонда ғана ол жақсы журналист бола алады. Журналистке xалық сенеді. Сондықтан да журналист елге жақын болу керек. Қазақстанда қоғамдағы түйіткілді мәселелерді ашып айта алатын журналистикадан басқа ешқандай институт жоқ», - деді. Сондай-ақ, ешкімге алақан жаймай өз күнін өзі көре алатын, ешкімге қарыздар емес журналист шындықты айтудан қорықпайтынын айтқан ол журналистердің басын қосып отырған форумды ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

«Алаш» Халықаралық сыйлығының лауреаты, жазушы-журналист Мархабат Байғұт:

-Бүгін өте керемет басқосу болып отыр. Бұндай кездесудің қоғамға, жастарға тигізер пайдасы көп. Форумның тарихи қала Түркістанда өтуінің өзі жұртшылықты қуантып отыр. Сонымен қатар, бұл қаланың мақтанышына айналған еліміздегі Халықаралық деңгейдегі университет шаңырағында болуының өзі керемет жайт. Университеттің жаңа ақпараттық орталығының жұмысымен таныстық. Жастарға барлық жағдайлар жасалынғанын көрдік. Ақпарат саласында қызмет ететін журналистердің еңбегі ешқашан тоқтамайды. Журналист болған адам қартайған шағында да мақала жазбаса тыныш отыра алмайды. Мен өмірін журналистік салаға арнаған қаншама адамды білемін. Сол азаматтардың еңбектері мына жастарға өте қажет. Біз оларға тура бағыт көрсетуіміз керек, — деді.

Форум барысында «Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының» қоғамдық бірлестігінің Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.

Биыл – қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, ел газеті «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына орай форумға осы басылымның ардагер жазушылары мен белсенді авторлары да шақырылды.

Сала бойынша тақырыптар бойынша модератор ретінде танымал журналист Досымбек Қонысбекұлы өз пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, форум барысында әлеуметтік желіде кең етек алған жалған ақпарат тарату үрдістерін, тенденциялары тақырыбында журналист, медиатренер Жұлдыз Әбділда сөз сөйледі.

Пікір алмасу барысында газеттерге жазылу, жалпы БАҚ басқару, ақапарттарды шынайы беру сынды түрлі мәселелер көтерілді.

Ұйымдастырушылар Тúrkistan open media форумын өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Іс-шара түстен кейін университеттің конференция залдарында «Жаңа және дәстүрлі медиа: ынтымақтастықтың жаңа модельдері» пленарлық сессиясымен жалғасын тауып, елімізге танымал журналистер тренингтер өткізді. Сонымен қатар, оқу ордамыздың бірқатар студенттері сертификаттармен марапатталды.