Алматы облысында Бөрібай батырға ескерткіш орнатылды. Биіктігі 5 метрден асатын салт атты мүсін қоладан құйылды.Тұғыры – 7 метр. Айналасын абаттандыруға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 52 млн теңге бөлінген. Мемориалдық кешенге бес тас қойылып, 300 батырдың есімі жазылды. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақты батылдыққа баулып, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Бөрібай батыр талай қалмақ батырын жекпе-жекте жеңіп, босып кеткен халықтың басын біріктіріп, Сарыарқа төсінде Сарысу өзені маңына қоныстандыруымен тарихта қалды. Алайда Кеңес дәуіріндегі солақай саясат есімін ататпай, батыр туралы мәліметтер мақсатты түрде жойылып отырды. Себебі 30-шы жылдары Ақсу халқы сол кездегі билікке қарсы Бөрібайлап ұрандатып көтеріліс ұйымдастырған.
«Егемендік алғаннан кейін осы ақтаңдақтардың орнын қалпына келтірейік, шындықты қайтадан орнына келтірейік деген мақсатпен біз осы шаруаны қолға алдық», - деді ескерткішті орнату кеңесінің төрағасы Берікбол Қасымов. «Көтеріп қолымызға бөрі байрақ, Жауға шаптым Бөрібайлап дегенге келеді ғой. Бұл ұрпаққа айбын, ерлікке өнеге деп айтар едім», - деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.