Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады.
Министр қабылдауына 30-ға жуық тұрғын жазылған. Бес сағат бойы үздіксіз, әлеуметтің мәселесін тыңдады. Министр олардың барлығы мен жеке-жеке кездесіп, әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларын алға тартқан тұрғындардың жағдайына мұқият назар аударып, түйткіл түйінін тарқатуға тырысты.
Мәселен, қабылдауға келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары Серік Жүзбай, Кәмшат Қалиасқарова бастаған топ қолға алғалы жатқан жобаларымен таныстырып, инвестор жағынан қолдау білдіруін сұрады. Олар зағип жандарға елорда төрінен орталық ашпақшы екен.
Келешекте зағиптар үйін ашуды мақсат тұтып отырмыз. Елімізде мұндай жандарға арналған орталық жоқ. Көршілес Ресейде зағиптарға арналған арнайы қалашық бар. Шет мемлекеттерде бұл мәселе бойынша бірқатар жұмыс атқарылған. Осы жайттарды ескеріп, ойлана келе зағиптар үйін ашу туралы шешімге келдік. Жоба дайын. Қазіргі кезде жер мәселесін қамтып жатырмыз. Жоғары жаққа да хаттар жолданды. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласынан құрылысты бастаймыз. Жер мәселесі нақтыланса, аталған істі қолға аламыз, – дейді Серік Жүзбай.
Министрге 13 қараша халықаралық зағиптар күні қарсаңында өтетін «Қараңғыда кешкі ас» атты іс-шараға арнайы шақырту билетін берген Кәмшат Қалиасқаровада қолға алғалы жатқан жобаға қысқаша тоқталды.
– Дүниежүзінде 124 миллионға жуық зағип жан тіршілік етеді. Ал Қазақстан бойынша 25 мыңға тарта зағип жан бар. Бір ғана елорданың өзінде олардың саны 600-ге жуықтайды. Алдағы 5 жылдың ішінде бұл көрсеткіш 2-3 есе өсуі мүмкін деген болжамда бар. Өйткені қазіргі балалардың көбі аурушаң. Кішкентайынан көзілдірік киеді. Осы жайттарды ескере отырып, зағип жандарға арналған орталық ашу туралы шешімге келдік, – деді Кәмшат Қалиасқарова.
Өз кезегінде министр жоба авторларының жұмысына ризашылығын білдіріп, қолдау көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар Біржан Нұрымбетов жоба авторларын арнайы кездесуге шақырды.
Қабылдау бөлмесінде тағы бір елордалық тұрғын Ақтоты Рүстемова бұл жерге екі мәселемен келгенін айтты. Біріншісі – баспана мәселесі, ал екіншісі – 12 жастағы қызының денсаулығын тексерістен өткізуге көмек көрсету.
– «Берекелі баспана» бағдарламасымен 2011 жылы баспана кезегіне тұрдым. Қазіргі кезде кезегімнің саны – 726. Жалғызбасты анамын. Екі қызым бар. Кішкентай қызыммен үйде отыруым керек. Бірақ үйде отырайын десем, пәтерімнің ақшасын төлей алмай қаламын. Үлкен қызым – 12-де. Ауырады. Дәрігерлер түрлі диагноз қойып отыр. Сол қызымды емдету үшін «Ана мен бала» орталығына жатқызғым келеді. Соған қол ұшын берсеңіздер. Орталыққа барсам, дәрігерлер «осындай уақытта кел» деп бір емес, бірнеше рет шақырады. Олардың әр шақыруына баратын уақытым да болмайды. Жұмыстан әр күн сайын сұрана алмаймын. Тексерістен өткізу уақытын бір күнге белгілеп, қызымды қаратып алғым келеді. Анализінен өтуі де ақылы. Олардың бәріне жағдайым жетпейді. Соған жәрдемдессеңіздер екен, – дедіол.
Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қыздың емделуіне көмектесетінін айтты.
– Бұл туралы басшылыққа тиісті тапсырмаларды беремін. Ал баспана мәселесіне келер болсақ, Еңбек министрі баспана мәселесімен айналыспайды. Оны қала әкімдігі шешеді. Бірақ қабылдауға келгеннен соң, оның үстіне баспанаға құжатыңызды өткізіпсіз, қала әкіміне жазбаша түрде өтініш жасаймын. Сізге хабарын айтатын боламыз, – деді министр.
Түркістан облысының тұрғыны көпбалалы анна Назгүл Сейдаханова заңсыз жұмыстан қысқартылғанына наразы. Ол әңгімесін 2014 жылы «Гаухартас» балабақшасына жұмысқа орналасқанынан бастады. Араға 5 жылсалып 2019 жылы сәуір айының 12-сінде жұмыстан қысқартылған екен. Содан бері 6 ай жұмыссыз жүргенін айтып, қайта балабақшаға қызметке орналасқысы келетінін жеткізді.
Қабылдауға келген көпбалалы ананың жағдайымен жіті танысқан соң министр оның жұмыстан қысқаруы заң аясында өткенін түсіндірді. Сондай-ақ Біржан Бидайбекұлы Назгүл Сейдахановаға тек қана мамандық бойынша емес өзге де қолайлы жұмыстар болса орналасуға кеңес берді. Тігіншілік оқуын бастағалы жатқан Н.Сейдахановаға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып алу туралы да ұсынысын қоса айтты.
Жалпы, қабылдау барысында тұрғындар әртүрлі мәселемен көмекке жүгінді. Атап айтқанда, астаналық Арнұр Ысқақова мүмкіндігі шектеулі жандар арасында Қазақстанда форум өткізу туралы ұсынысын ортаға салса, алматылық жалғызбасты ана, ІІ топ мүгедегі Гүлшат Дүйсенова ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту жөніндегі тізімге қосу туралы өтінішін білдірді. Қабылдауда айтылған бірқатар өтініш бойынша нақты тапсырмалар берілді.