Футболдан Қазақстан чемпионаты аяқталуға жақын. Жеңімпаз белгілі. Елордалық «Астана» осымен алтыншы мәрте ел чемпионы атанды.
Биыл «Қайрат» чемпиондыққа бір табан жақын тұрды. «Астананың» чемпионаттағы «әттеген-айларына» қарамастан мүмкіндікті пайдалана алмады. Үздік үштікке кірем деген сенім де «Тобылға» жәрдем бермеді. Биыл да бір таспаны алтыншы рет «айналдырдық».
Жексенбі күні «Тобыл» мен «Астана» арасында маңызды ойын өтті. Таразы басында чемпиондық пен үшінші орынның тағдыры тұрды. «Қайраттың» жанкүйерлері өз алаңында «Тобыл» мүмкіндікті жібермес десті. Алайда қостанайлық клуб «Астананың» адуынына төтеп бере алмады. 37-минутта Юрий Логивиненко жеңіс голын соқты. Осылайша, елордалық клуб өз тарихында қатарынан алтыншы рет чемпион атанды.
«Қайрат» жанкүйерлері әр жылды үмітпен қарсы алады. «Астананың» чемпионаттағы жеті жеңілісі алматылықтарға дем бергендей еді. Алайда Шпилевскийдің командасы қарсыластың жеңілісіне «мас» болды ма, чемпиондыққа нық қадам жасай алмады. 15 жылдан бері чемпион болмағаннан атаққа үрке қарады ма екен, кім білсін?
Сырт алаңдағы ойын кім-кімге болмасын оңай емес. Павлодардың «Ертісі» Алматының ауа райына әбден дайындалыпты. Оңтүстік астананың жылы лебі «Ертіске» әсер еткен жоқ. 38-минутта Сұлтан Сағынаев, 62-минутта Жереми Манзорро «Қайратты» сілкіп алды. Ояна ма деп едік, болмады. Тұғырда тұрған чемпиондық лебі де құлшындыра қоймады. Алатаудан келген клуб «Сен шабуылдамасаң, саған соғады» деген футбол тәмсілін ұмытты. Нәтижесінде, 10 минуттың ішінде 3 гол жіберді. Сонымен ҚПЛ кубогы көзден бұлбұл ұшты. «Қайрат» әдеттегідей күміс медальді қанағат тұтты.
Турнирлік кестеде мерейлі 3-орынға «Тобыл» мен «Орбадасы» таласып жүр. «Ордабасы» сырт алаңда «Атырауды» 3-1 есебімен жеңіп, 3-орынға көтерілді. Қазір шымкенттік клубта – 62, «Тобылда» – 60 ұпай. «Тобыл» қайтсе 3-орын ала алады? Ол үшін келесі кезеңде «Ордабасы» «Тараздан» жеңілуі керек. Сонда «Тобыл» «Ақтөбені» жеңіп, 63 ұпаймен 3-орынға көтеріледі. Егер «Ордабасы» «Таразбен» тең ойнаса, қостанайлық клубтың жағдайы қиын. Не де болса, үшінші орынға деген талас қыза түседі.
Мұнда «Атыраудың» жағдайы қиын. Олар 11-орында тұр. «Атырау» «Таразға» оқты көзін қадап отыр. Келесі кезеңде «Тараз» «Ордабасымен», «Қайрат» «Атыраумен» кездеседі. 10-турдың тағдыры 10 қарашада шешіледі.
ҚПЛ-дың соңғы туры 10 қараша күні өтеді. Бұл күні «Астана» мен «Ертіс», «Жетісу» мен «Шахтер», «Қайрат» пен «Атырау», «Қайсар» мен «Оқжетпес», «Ордабасы» мен «Тараз», «Тобыл» мен «Ақтөбе» кездеседі.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ