Түркістан облысына келген сапарында Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Түркістандағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмыстарымен танысты.
Елбасы Тұңғыш Президент саябағындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жобаларымен және «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағын құру жобасымен танысты. Одан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы кешкісін қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертке қатысып, Түркістан облысының тұрғындарымен жүз-
десті.
Сөз барысында Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды.
– Тәуелсіздік алған соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан – түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті сөз арасында қасиетті қаладағы жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.
– Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Бұл процеске еліміздің барлық өңірлері қатысып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.
Концерт соңында Н.Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.
Елбасы қаладағы бірқатар нысанды аралады. Алдымен жаңадан ашылған неке сарайына барып, ондағы жұмыспен танысып, шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлармен әңгімелесті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті жас отау иелерін құттықтап, бақыт пен береке тіледі.
Одан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығына барған Елбасы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің автоматтандырылған жүйесімен танысты және ондағы «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету үшін ыңғайлы және сапалы жағдай жасау бойынша қабылданған шаралар жөнінде ақпарат берілді.
Келесі кезекте барған жаңа музыка мектебінде Н.Назарбаевқа өңірде өнер мен мәдениет саласын дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде таныстырылды. Балалар шығармашылық ұжымдары Қазақстанның Тұңғыш Президентіне бірнеше музыкалық қойылым көрсетті.
Одан соң Елбасы «Алатау медиа-орталығы» ғимаратына ат басын бұрды.
Нұрсұлтан Әбішұлы өңірлік БАҚ өкілдері үшін жасақталған жұмыс бөлмелерді аралады.
– Шымкент миллион тұрғыны бар қалаға айналды. Осыған орай, біз жеке Түркістан облысын құрдық. Бұл көптен бері ойымда жүрген еді. Осылайша, біз үлкен құрылыс бастадық. Мұның бәрі астанамыздың құрылысын еске түсіреді. Енді еліміздің оңтүстігінде тағы бір әдемі шаһар бой көтеріп келеді. Осының барлығы ел игілігі үшін жасалып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне.
Түркістан төрінде бой көтеріп жатқан әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысымен танысқан Елбасы Түркістан облысы әкімдігінің жаңа ғимаратында болып, Түркістан қаласының рухани-мәдени орталығын қайта құру жұмыстары бойынша аралық нәтижелерімен танысты.
Сондай-ақ Елбасы туризм индустриясын дамыту, су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жобамен танысты. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне болашақ «Түркістан» халықаралық әуежайының және 600 орындық көпбейінді аурухананың үлгілері көрсетілді.
Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаевқа облыс орталығында инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың нәтижелері туралы мәлімет ұсынылды.
Елбасы Түркістанға сапарының қорытындысы бойынша отандық және шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.
Түркістан аумағында қарқын алған құрылыс жұмыстарының ауқымын атап өткен Елбасы:
«Бүгін мен орасан зор ғимаратты аралап көрдім. Көптеген жаңа нысандар бой көтеріп, жастар үшін жұмыс орындары ашылып жатыр. Ауруханалар, мектептер, қонақүйлер, халықаралық әуежай салынады. Су ресурстарымен қамту саласындағы мәселелерді шешу жоспарланған», – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан мен бүкіл өңірдің туристік әлеуетін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз мұнда көптеп туристерді тартуымыз керек. Бүкіл түркі әлемі Түркістанды орталық деп санайды. Туризм – экономиканың маңызды бөлігі. Мұнда көптеген мұражайлар бар. Қазір «Күлтөбе қалашығы» археологиялық паркін құру жұмыстары жүргізілуде, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.