Мемлекеттік рәміздер жөніндегі Талдықорған қаласы әкімінің жанындағы комиссия мүшелері мемлекеттік мекемелер мен білім саласы, оқу орындарындағы жұмыстарды саралады. Комиссия құрамындағы қалалық ішкі саясат бөлімі, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті, Nur Otan партиясы Талдықорған қалалық филиалы, жастар ұйымы мен білім саласының мамандары мемлекеттік рәміздерді насихаттау және пайдалану жұмысын тексеріп, методикалық көмек көрсетті.
Шара барысында Қазақстан Мемлекеттік рәміздерінің бөлмелерде орналасуы, стенд, ғимарат сыртындағы Тудың тазалығы, тұғырдың болуы және жұмыс жоспары қамтылды. Сондай-ақ мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны ауыстыру және жою жөніндегі тұрақты комиссияны бекіту, жою актісі, құрамы ауыстырылған жағдайда комиссияны қайта құру туралы бұйрық, рәміздерді жою кезінен фотосуреттің болуы да назарға алынды.
Қала мектептерінде бұл жұмыс дұрыс жолға қойылған. Мемлекеттік рәміздердің ресми қолданылу тәртібі талапқа сай. Балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдер бұл істі әлдеқашан қолға алған. Әр басшының жұмыс бөлмесінде көк Ту мен Елтаңба ережеге сай қойылған. Кейбір ескертулерді құп алған басшылар түзетіп те үлгерді. Мемлекеттік нышан – Елтаңба мен маңдайша жазулары латын қарпіне ауыстырылып, жаңашылдыққа бет бұрған білім мекемелері де табылды.
Заң мен медициналық бағыттағы оқу орындарының жұмыстары – өз дәрежесінде. Бұл жерде Талдықорған жоғары политехникалық колледжін, Б.Жолбарысұлы атындағы мектеп-лицей, Еңбек ауылындағы шағын орталығы бар №22 орта мектептегі игі істерді ерекшелеп айтуға болады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу тәуелсіздігімізді құрметтеуді нығайтып, жасөспірімдердің отансүйгіштік сезімін қалыптастырады. Комиссия мүшесі, Табиғи реттеу мен метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаментінің бас маманы Марат Төлеубекұлының айтуынша, Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің орналасуы мен қолдану ретінің сақталуы жоғары маңызға ие.
– Көп жағдайда ғимараттың төбесіне орнатылған Ту уақыт өте келе ескіріп, жыртылады. Сондықтан әр мекеме басшысы бұл іске жауапкершілікпен қарағаны жөн. Сондай-ақ мекеменің төлқұжаты саналатын маңдайшасындағы жазулардың өзіндік талапқа сай қойылғаны дұрыс. Кейбір мектепте Мемлекеттік рәміздердің талапқа сай ілінбегені анықталды. Оны сол жерде басшыға көрсетіп, ескерттік. Мәселен, қабырғаға ілінген стендке нышандарды орналастырудың өз реті бар. Алдымен мемлекеттік Тудың, одан кейін Елтаңбаның, сосын барып Гимн ілінуін назарда ұстау керек. Себебі тәуелсіздіктің көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрге орнығып, шын жүрегімізден Гимнді шырқаймыз, – дейді Марат Есенбаев.
«Әр азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Гимнін ерекше құрметтеуге міндетті» деген қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы қала бойынша мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын сөз етті. Ол сонымен қатар нышандардың мән-мазмұны, еліміздің тарихы тәрбие сағаттарында да жүйелі дәріптелетінін айтты.
– Меніңше, мемлекеттік рәміздерді отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі әдістеріне айналдыру мәселесін бірнеше бағытта қарастырған дұрыс секілді. Атап айтқанда, шығу тарихына қызығушылық, құрмет және мақтаныш сезімдерін орнықтыру арқылы ұлтжандылыққа тәрбиелеу керек, – деген ойымен бөлісті.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік рәміздердің насихатталуы педагогикалық білім беру жүйесінде айтарлықтай жүргізілуде. Өкініштісі, кей мектептердегі оқушылар мемлекеттік рәміздердің қабылданған күнін, авторлардың аты-жөнін білмейтінін айтты. Тексеріс барысында бірнеше мекемелердің ғимараттарының жағдайының төмендігі байқалды. Яғни, мемлекеттік мекеме атауы жазылған белгілерге, мемлекеттік Тудың тозғанына және рәміздердің орналастырылуына қарата сын айтылды. Рейд барысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы, Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерінде орналасқан мемлекеттік рәміздердің дұрыс пайдалануы да тексерілді. Комиссия тарапынан айтылған сын-ескертпелер ескеріліп, жағдай алдағы уақытта ретке келтірілетін болды.