Ақтөбеде соңғы тәулікте 7 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазір эпиджағдай тұрақты. Тіпті бірқатар шектеу шарасы жеңілдеуі мүмкін. Өткен тәулікте өңірде 7 адамға COVID-19 диагнозы қойылды. Оның бесеуі — Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ал екеуі Мәртөктегі шекара бекетінде тіркелді. Жалпы, өңірде күні бүгінге дейін 3377 жағдай анықталса, оның 97 пайызға жуығы жазылды. Қазіргі кезде облыс бойынша 378 адам үй карантинінде жатыр. Оларды дәрігер өз бақылауына алды. Мамандардың айтуынша, Ақтөбе облысы қазір «жасыл аймақта».
«Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы әзірленіп жатыр. Бірқатар шектеу шарасы бәсеңдеуі мүмкін. Әсіресе оқушы саны 300-ден аспайтын мектептер ІІ-тоқсаннан бастап дәстүрлі білім беру үрдісіне көшеді. Дәл қазіргідей эпиджағдай сақталса, шектеу жеңілдейді. Тек арақашықтықты сақтап, маска тағып, антисектип қолданған жөн. Егде жастағы адамдардың көпшілік орындарға бармағаны дұрыс», - деді Ақтөбе облысының мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Сербаев.Айта кетейік, 6-қазанда шекарадан өткендерге ПТР тест міндеттелді. Содан бері шекарадан 18 мыңнан астам адам өтіп, 18 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.
«Қазір емдеу мекемелерінде 69 науқас ем қабылдап жатыр. Оның 14-і инфекциялық стационардағы дәрігерлер бақылауында. Пневмониядан ем қабылдап жатқан 29 науқас бар. Олар Ақтөбе қаласы мен бірнеше аудандағы ауруханада жатыр. Өкпені жасалды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.