Солтүстік Қазақстан облысында «Stop-трафик» операциясы аясында жезөкшелікпен айналысқан 5 адам есепке алынса, соның үшеуі – ер адам болып шыққан. СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Stop-трафик» операциясы барысында криминалдық полиция қызметкерлері мен «Әйелдерге қолдау көрсету орталығының» өкілдері халыққа медициналық маскалар таратты. Онда «Адам – тауар емес!», «Құлдыққа келіспеңіз!», «Өз өміріңізді таңдауға құқығыңыз бар!» деген жазулары бар. Сондай-ақ тегін құқықтық көмек көрсететін қауырт желінің «116 16» телефон нөмірі жазылған буклеттер таратылды.
«Бұл – арнайы операция аясында жүргізілген жұмыстың бір бағыты ғана. Бұдан бөлек тәртіп сақшылары осы саладағы құқық бұзушылықтарды анықтауға, оның алдын алуға жұмылдырылып, жағдайдың тууына не себеп болғанына талдау жасайды. Көші-қон қызметі мен учаскелік полиция қызметкерлерінің көмегімен заңсыз түрде жұмысқа жегілген адамдарды анықтау мақсатында құрылыс алаңдары, шаруашылықтар тексеріледі. Ал жыныстық пайдалануға жол бермеу және жезөкшелікпен айналысуға жағдай жасап отырғандарды анықтау үшін көңіл көтеру орындары, моншалар мен сауналар, мейманханалар тексеріледі», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан жеңгетайлықтың 5 және адамды бостандығынан заңсыз айырудың 1 фактісі анықталған. Жезөкшелікпен айналысуға ғимарат берудің 3 фактісі тіркелді. Тек соңғы екі тәулікте ғана жезөкшелікпен айналысқан 5 адам есепке алынды. Олардың үшеуі – ер адам. Тәнін сатуды кәсіп еткен жігіттердің жасы 27 мен 34 аралығында.