«Ювентус» 10 ұпай жинап, алдын ала плей-офф кезеңіне жолдама алып қойды
«Ювентус» жартылай қорғаушысы Аарон Рэмзи Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің төртінші турында «Локомотивке» қарсы өткізген кездесуден кейін пікір білдірді.
Аталған кездесуде туриндіктер 2:1 есебімен жеңіске жетті. Матчтың 3-минутында Роналду алыстан айып соққысын орындап, қақпашы Гилерме оған қауқар қыла алмай қалған болатын. Қақпа сызығына ентіге жеткен допқа аяғын созған Рэмзи оны біржола голға айналдырды.
«Криштианудан кешірім сұраймын. Бірақ менің ішкі сезімім ол допты тебу керек деп тұрды. Бұл менің карьерамдағы ең ерекше гол болатын шығар.
Өкінішке қарай, мен маусым басында ойнай алмадым. Жарақатым кедергі болды. Бірақ қазір өзімді жақсы сезінемін. Алда командама жақсырақ көмектесемін деп ойлаймын. Осы ойындағы мақсатымыз тек жеңіс болған. Әлі де көбірек жұмыс істеу керек. Қазір басты тапсырма орындалды – біз топтан шықтық» дейді Рэмзи.
Бұл кездесуде сондай-ақ «Ювентус» сапынан Дуглас Коста, ал ресейлік командадан Алексей Миранчук мергендікпен көзге түсті. Ойыннан кейін «Ювентус» 10 ұпай жинап, алдын ала плей-офф кезеңіне жолдама алып қойды. Екінші орында мадридтік «Атлетико» (7) келе жатыр. «Локомотив» пен «Байер» 3 ұпайдан еншілеген.
https://youtu.be/EnQzs3C0IHE