Австрия 6 желтоқсанға дейін локдаун жариялауды жоспарлап отыр. Қазір елде 20:00-ден 6:00-ге дейін үйден шығуға шектеу қойылған. Австрия билігі 17 қарашадан 6 желтоқсанға дейін толық локдаун енгізуді жоспарлап отыр. Reuters-тің жазуынша, 13 қараша, жұма күні тәулігіне рекордтық 9 586 жағдай анықталған. Егер шектеулер қатаңдатылса, адамдар үйден оқшаулау режимін сақтауға міндетті болады. Қажет емес тауарларды сататын дүкендер, сондай-ақ қызмет көрсету саласындағы кейбір мекемелер, мысалы, шаштараздар жабылады, барлық оқушы қашықтан оқиды. Жұмыс берушілер мүмкіндігінше жұмысшыларды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру керек.