Елбасының партия қызметін жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгінде Nur Otan партиясы елмен етене жұмысын одан ары күшейтіп, халыққа бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті. Көмекке зәру жандарға қол ұшын созу, оларға қолдау көрсету де партияның басым бағыттарының біріне айналды. Тұрақты әрі жүйелі түрде ұйымдастырылатын қоғамдық қабылдаулардың арқасында ел тұрғындарының мәселелері оң шешімін табуда.
Кезекті қабылдауды Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өткізді. Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындар да, бейнебайланыс арқылы байланысқа шыққан азаматтар да министрге идеялары мен ұсыныстарын, талап-тілектерін айтты. Мәселен, Қанат Ержігітов ұлттық мәдениетті насихаттайтын Dombyra телеарнасын «Отау ТВ» спутник желісіне қосу туралы өтініш білдірді.
Министр қабылдауында болған Жанна Есенғарина есімді азаматша Qazaqstan ұлттық телеарнасын дамыту бойынша өзінің бірқатар ұсынысын ортаға салды. Өз кезегінде Шара Нақыпова да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бірге» жобасын дамыту мәселесін көтерді.
Өтініш берушілердің талап-тілегіне жіті назар аударған министр Дәурен Абаев кездесу соңында ведомство құзіреті шеңберінде орынды ұсыныстың барлығына шама-шарқынша қолдау көрсетілетінін айтты. Ол сонымен қатар қоғамдық қабылдауға қатысқан азаматтардың өтініштері толықтай қаралып, олардың бәрі мүмкіндігіне қарай шешімін табатынын да қоса жеткізді.
– Жалпы, мемлекеттік органдар басшыларының қабылдау өткізуі орынды. Nur Otan партиясының осы алаңын пайдаланған дұрыс деп ойлаймын. Кейбір сұрақтардың біздің министрлікке қатысы жоқ екенін көріп отырмыз. Азаматтар бір мәселені түсінуі керек: мемлекеттік жүйе жұмыс істейді. Егер хат дұрыс жазылып, тиісті жерге бағытталса, оған міндетті түрде жауап беріледі, – деді Дәурен Абаев азаматтарды қабылдаудан кейін тілшілердің сұрағына берген жауабында.
Айта кетейік, қабылдауда тұрғындардың мәселелері бойынша жауапты органдарға берілген тапсырмалардың орындалуы жіті қадағаланады.