Аймақ басшысы сөзін еліміздің экономикасының доноры болып отырған Атырау өңірінің өнім өндірудегі көрсеткіші, экономикалық жағдайы, өңірдегі шетелдік ірі компаниялар жүзеге асырып жатқан ірі жобаның жұмыстары туралы зерделеп айтып жеткізді.
Атырауда биыл 10 ай ішінде облыстағы кен орындарында 39,3 млн тонна мұнай өндірілді. Бұл – республикада өндірілген мұнайдың 55 пайызы. Атырау облысы инвестиция көлемі бойынша республикада көшбасшы екені белгілі. Биыл осы мерзімде негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 2 трлн 657 млрд теңге болды. Еліміздегі инвестицияның 28,2 пайызы –Атырау облысының үлесінде. Аймақ басшысы М.Досмұхамбетовтың айтуынша, Теңіз кенішінде Болашақ кеңейту жобасы зауыты құрылысы жүріп жатыр. Жалпы сомасы 45 млрд долларға бағаланған жоба жылдық мұнай өндіру көлемін 12 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл жоба мұнай-газ секторындағы сервистік қызметтің дамуына ықпал етеді. Қазірдің өзінде аталған салада 300-ге жуық қазақстандық компания мен 27 мың отандық жұмысшы тартылған. Пандемияға дейін компанияда 45 мың жұмысшы болған. Жұмыс күшінің азаюына Теңіз кенішінің індет ошағына айналуы себеп болды. Болашақ кеңейту жобасы 2023 жылы толық аяқталады. Аймақ басшысы өңірде тағы бір ауқымды мұнай-газ жобасы Қашаған кен орнында 1 фазалы кеңейту жобасы жүріп жатқанын хабарлады. Жоба 2025 жылы аяқталады. Нәтижесінде, өнім өндіру көлемі 1,5 млн тоннаға артады. Қашағанда өндірілген 12,7 млн тонна мұнай былтырғы сәйкес мерзімнен 10 пайыз артық өндірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс» деп атап өткені мәлім. Аталған бағыт бойынша Атырау облысында бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. – Инвестициялық жоба деп KPI компаниясының полипропилен жобасын атап өткім келеді. Жақын шетелдерді алғанда ең ірі полимер өндірісі жобасына 2,6 млрд АҚШ доллары инвестиция салынды. Жоба құрылысы 3 000 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік беріп отыр. Зауыт 2021 жылы іске қосылған кезде 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге Қашағанның шикізаты негізінде Газ өңдеу зауытының құрылысы жоспарлануда (GPS Investment ЖШС). Бұл жобаға 2021-2023 жылдар аралығында 370 млрд теңге инвестиция құйылады. Нәтижесінде, шетелге мұнайды шикізат күйінде тасымалдау көлемі азаяды. Өңделген мұнай экспорты ұлғайған жағдайда дайын мұнай-химия өнімі өндірісі жолға қойылады. Тұрақты 600 жұмыс орны ашылады. Жоба құрылысы кезеңінде 2 800 жұмыс орны құрылады, – деді облыс әкімі М.Досмұхамбетов. Мұнай-газ саласы шоғырланған аймақтың экологиясы елімізге ғана емес, өзге елдерге де мәлім екені ащы шындық. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов мұнай-газ секторы өндірісінің дамуы қоршаған ортаға кері әсерін тигізбей қоймайтынын ашық айтты. Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов аймақтағы экологиялық өзекті мәселелерді шешуге қатысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе «Жол картасы» әзірленгенін хабарлады. Айтарлығы «Жол картасында» 40 тармақты құраған мәселені шешу жолдары атмосфераға тасталатын лас қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Соның алғышарты десек те болады, аймақ басшысы келер жылы жасыл белдеу құру үшін көгалдандыру шарасына мұнай-газ секторының 20-ға жуық кәсіпорнын тартпақ. – Осы жұмыстар шеңберінде, «Тенгизшевройл» кәсіпорнын қаланың Қайыршақты округі аумағындағы 1 722 гектар учаскелерде, НКОК компаниясын Атырау қаласының оңтүстік-шығыс бағытындағы «Соколок» каналы бойынан 1 374 гектар аумаққа «жасыл белдеу» құру, «Атырау мұнай өндеу зауыты» кәсіпорнын қалпына келтіруге «Тухлая балка» булану алаңына аумағында 1 421 гектар жерге ағаш көшетін отырғызу жоспарлануда. Жоба жыл сайын қаланың барлық ауданында 100 мыңға дейін ағаш көшетін қосымша отырғызуға мүмкіндік береді,– деп атап өтті Махамбет Досмұхамбетов.Жайық өзенін сақтау және тиімді пайдалану мәселесі де өткір тұр
Бүгінде Атырау облысы әкімдігі тарапынан Жайық, Қиғаш өзендерінде түп тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Тереңдету жүріп жатқан каналдың жалпы ұзындығы 169 шақырымды құрайды. Жайық өзенін сақтап қалуда жергілікті тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, Үкіметтің назарын аударуда. Сайып келгенде, сан ғасырлар жағалауын жайлаған елді тіршілік көзі сумен, балығымен қамтамасыз етіп, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына септігін тигізіп отырған Жайық өзенін сақтап, ұрпаққа аманаттау – әр азаматтың перзенттік парызы. Мемлекет басшысы елдің дамуы мұнай-газ саласына ғана тәуелді болмай, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға серпін беретін уақыт келгенін айтқан болатын. Шөлейтті жерде орналасқанына қарамастан, Атырау облысында соңғы 5 жылда агросектор саласында 10 ірі жоба іске қосылды. Жалпы құны 19 млрд теңге болатын жобалар 689 жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Олардың қатарында «Алмалы құс», «Атырау-Бөдене», «Агро Феликс» шаруа қожалықтары бар. Биыл агросектор саласына бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлінді. Ал «Еңбек» бағдарламасы арқылы 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, 283 субъектіге несие беріліп, 118 жұмыс орны ашылды.Жедел жәрдемнің мәселесі шешілді
Елімізде денсаулық саласы жағдайын пандемияның алғашқы соққысы халыққа айқындап берді. Десек те, саладағы күрделі кемшіліктерді жоюға, әсіресе өңірдегі денсаулық саласын дамытуға Мемлекет басшысы Үкіметке тапсырма беріп, жағдай жақсаруға бағыт алды. Айталық, Атыраудың жедел жәрдеміне шағым толассыз болатын. Мамандары мен арнаулы автокөліктерінің жетіспеушілігі көп жылдар бойы түйіні тарқатылмай келді. Соңғы 3 жылда бұл салада оң өзгерістер байқалады. Пандемиядан алған сабағымыз сол, медицинаға жіті көңіл бөлінді. Атыраудың медициналық орындары жедел жәрдем көлігімен 100 пайыз қамтылды. Атырау қаласында 200 орындық инфекциялық модульді аурухана, кардиорталық жанынан 50 орындық жапсаржай, Құрманғазы ауданында 75 орындық орталық аурухана пайдалануға берілді. Жылыой ауданында 275 орындық заманауи орталық аурухана салынуда. Баспасөз конференциясы барысында Махамбет Досмұхамбетов пандемияның ықтимал «екінші толқынына» өңір медицинасының дайын екенін мәлім етті. Айталық, медициналық мекемелер коронавирус инфекциясына қарсы препараттардың екі айлық қорымен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда 715,6 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынып, дәріханаларға кедергісіз жеткізілуде. «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы кері қайтару талабымен 500 млн теңге бөліп, дәрілік заттардың тұрақты қорын құрды. Жыл басында аймақта 278 медициналық кадр жетіспеді. Осы уақытта облысқа 93 жас маман келді. Оның 35-і аудандық медицина ұйымдарына жұмысқа орналастырылды. Медициналық мамандық тапшылығын шешу үшін облыс әкімі грантын көбейтті. – Атырау қаласы бойынша 80 үй апатты жағдайда деп танылған болатын. Биыл 5 көппәтерлі жатақханадан 412 пәтер тұрғыны көшірілді. Жыл соңына дейін 332 пәтердің тұрғындарын 3 жатақханаға көшіру жоспарлануда. Осылайша, 10 жатақхананың 8-і көшіріледі. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» жолын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда «Мақат – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахан» бағытында жол-құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. «Атырау – Астрахан» жобасы аясында 6 мердігер мекеме жұмыс істеуде. Жол жөндеу жұмыстарына 1 100 жұмысшы тартылды. Оның ішінде 300 адам – жергілікті мамандар. Жоба 2022 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр ,– деп атап өтті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов. Брифингтің соңында облыс əәкімі БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді. Мысалы, «Өңірдің экологиясына айтарлықтай зиян келтіріп отырған «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-ы көшіріле ме?» деген сұраққа облыс әкімі жуырда ғана өңірдегі ірі компаниялар басшыларының қатысуымен жиын болып, компанияларға экология талабын сақтау қатаң ескертілгенін және «Атырау мұнай өндеу зауыты» ЖШС-н көшіру жоспарда жоқ екенің айтты. Құрманғазы ауданының шалғай ауылдарында тұрғын үйлерді құм басып жатқаны туралы қойылған сұраққа облыс әкімі бұл мәселені білетінін және құм басуды сексеуіл егіп тоқтату үшін қаржы бөлінетінін жеткізді. Аймақ басшысына «Атырау онкология ауруынан еліміз бойынша1-орында. Оған экология себеп екені айқын» деген сауал қойылды. «Атырау өңірі онкология аурулары бойынша 1-орында емес. Алайда онкологияның жасарып бара жатқаны рас. Бүгінде Атырауда 4 мыңнан астам науқас есепте тұр, 3 мыңнан аса науқас бұл дерттен емделіп шықты», – деді өңір басшысы. Жалпы, Атырау облысының әкімі М.Досмұхамбетов шетелдік мамандарды отандық мамандармен алмастыру, экология, Жайық өзеніне қатысты қойылған сауалдың барлығына жауап берді.