«Астана» өз алаңында «АЗ Алкмардан» ойсырай жеңілді. Қос кездесудің есебі – 0:11. Алтыншы чемпиондықтың буы елітті ме, жігіттер «Астана аренада» қауқар көрсете алмады.
Биыл «Астана» алтыншы рет ел чемпионы атанды. 2014 жылдан бері астаналық клубтың айдарынан жел есіп тұр. Стойловтың дәуірінде Еуропа елордаға сескене кіретін. Өз кезегінде «Астана» чемпионат демей, басқасы демей барын салатын. Кез келген клубқа «Есілде туған мен едім» деп қасқая қарайтын. Қазір жағдай өзгерген. Чемпионаттағы алтындарға қарын тойды ма, әлде Еуропаны мойындаттық деді ме, көздегі жалынды сөндіріп алдық.
Бірінші факторды қарастырып көрейік. Чемпионаттағы бәсекенің бәсеңсуін алайық. Дойбыда біреу биге шықса, жан жағын жалмайтыны белгілі. «Астана» алғашқы чемпиондығын алғаннан кейін басқа клубтағы мықтыларға көз тіге бастады. Әрине, бұл қалыпты құбылыс. Мысалы, кезінде «Манчестер Сити» «Челсиден» Де Брюйнені алмағанда бақ жұлдызы жанар ма еді? Сол сияқты Салах «Ливерпульге» келісімен еркін көсілді, әлем таныды. Алғашында «Қайратта» ойнаған Эрич қазір «Астананың» капитанына айналды. Сондай-ақ негізгі құрамда жүрген Логвиненко «Ақтөбеден», Шомко «Ертістен» келген. Командадағы жастар Дидар Жалмұқан, Юрий Перцух, Мади Жақыпбаев өзге клубта тәрбиеленген. Осыдан келіп мықтысынан айырылған клуб «ұтылып», иемденгеннің атағы аспандайды. Түптеп келгенде өзіңде тәрбиеленгеннің өзектен теппейтіні еске түседі. Содан болар Еуропа футболында академиялардың салмағы басым. Құрметі бөлек. Жай ғана «Барселонаның» 4 капитанына назар салыңыз. 27 жастағы Робертоның адуынды Альбадан несі артық? Өйткені ол – «Ла Масиялық». Клуб академиядағыларды қанаттандыру үшін «Ла Масия» шәкірттерін капитан еткен. «Астана» да ақырындап жастар құрамасынан талантты танып жүр. Жаслан Қайыркенов, Владислав Пропокенко, Рамазан Каримов пен Лев Скворцов секілді дарынды жастар – сөзіміздің дәлелі.
Белгілі спорт журналисі Дүрәлі Дүйсебай «Астананың» биылғы пәрменіне көңілі толмайтынын жеткізді. Бапкердің бабы болмай тұрғанын, Стоилов тәрізді бапкер келіп, клубты қайта түлету керегін айтады.
«Астана» биыл тағы да чемпион болды. Осымен алтыншы рет. Бұған дейін дәл осындай нәтижеге ешкім жете қойған жоқ. Бұл елорда командасының мықтылығы ма, әлде «Қайраттың» чемпионат соңындағы масқара ұтылысы ма? Жасыратыны жоқ, бұрынғы «Астана» жоқ. Қазір мүлде басқа «Астана». Григорчуктің «Астанасы». Стойловтың бүкіл Еуропа мойындаған командасынан жұрнақ та қалмады. Футболшыларды айтпаймын. Ойын стилі, қорғаныстағы, шабуылдағы ойлы қимылдары, жүйелі өрнегі бүгінде жоққа тән. «Астана» ел чемпионатында да сүреңсіз өнер көрсетті, Еуролигада да ойнап жарытпады. Егер осы жылы бұл екі команданың жаттықтырушыларын ауыстырмаса келесі жылы жағдайдың қалай боларын кім білсін!?» дейді Дүрәлі Дүйсебай.
Спорт журналисі ойын дәйекті жеткізіп отыр. Статистикаға жүгінсек, «Астананың» осы маусымда сәл-пәл босаңсығанын байқаймыз. 2014 жылдан бергі чемпионаттағы жеңіліс санын анықтап көрейік. Алғашқы алтын алған маусымда «Астана» 4 рет жеңілген. 2015 жылы – 5 рет, 2016 жылы – 5 рет, 2017 жылы – 4 рет, 2018 жылы 4 мәрте жеңілсе, биыл жеті рет жеңіліс дәмін татыпты. Жанкүйерлер сүйікті командасын қандай жағдайда да ақтап алары белгілі. «Астананың» ҚПЛ-дағы осал тұсын көргендер Еуропа лигасына барын салатын шығар десті. Алайда болжам нақты нәтижемен келіспейтінін «жеткізді».
Спорт журналисі Есей Жеңісұлы команда таңдау жасауға тура келгенін айтады. «Күзде клуб алдында таңдау тұрды. Чемпионатты алу немесе бар күшті Еуропа лигасына салу. Команда өз таңдауын жасады. «Астана» қарсыластарының жеңілісін сәтті пайдаланды. Күз ортасында не Қазақстан премьер-лигасын, не еурокубокты таңдау қажет болғанда, ел біріншілігіне күш салды. Алтыншы чемпиондығын алды, енді оны ешкім де даулай алмайды. Ал Еуропа лигасындағы сәтсіздік – бапкерлер құрамының қателігі. Қазанның ортасынан бері «Астана» бірінші таймның командасы болып қалды. АЗ командасы екі кездесудің екінші таймдарында біздің чемпионның түте-түтесін шығарғаны да содан. Яғни, «Астананың» бабы тамыз айының ортасы мен қыркүйектің басында шарықтау шегіне жетті де, ары қарай құлдырау басталды. Бұдан қорытынды дәл қазір шығарылмаса, ертең кештеу болады» дейді журналист.
«Астананың» алты рет чемпион болғанына таңдана қараймыз. Ал жанкүйерлерге жақсы таныс «АПОЭЛ» Кипр чемпионатында 2012 жылдан бері қатарынан 7 рет жеңімпаз атанды. БАТЭ 2006-2018 жылдар аралығында 13 рет Беларусь чемпионатын жеңді. Кипрлік клуб УЕФА рейтингінде 62-орында, БАТЭ 61-орында тұр. «Астана» «АЗ-бен» өткен ойыннан соң 57-орынды иемденді. Чемпионаттағы еркіндік еуроаренадағы ахуалға әсер ете ме? Чемпионатында 7 мәрте чемпион атанған АПОЭЛ Еуропа лигасында «Карабахпен» 1/32-ның тағдырын шешкелі жүр. «Астананың» әйгілі қарсыласы «Янг Бойз» G тобында көш бастап тұр. Кезінде елордалық клуб «Славияны» өз алаңында жеңіп еді. Қазір Чехиялық клуб Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. «Барселонамен» «Камп-Ноуда» тең ойнады. Сонда кімнің дәрежесі өскен? 2017 жылғы даңқты «Астананың» қайта оралуына не жетпей тұр? Бюджет? Жоқ, мемлекет қаржыландыратындықтан оған кінә арта алмаймыз. Өйткені клубтың 2016/17 жылғы бюджеті 29 млн доллар болса, 2017/18 жылы 31 млн долларды құраған. Жыл санап артпаса, кеміген емес. Бюджет жақсы болғасын, үздіктердің сонда екені тағы бар. Команда Еуропада сәтті өнер көрсетсе, қалтасы қалыңдайтынын өздері де түсінеді. Демек, «Астананың» Еуроаренада сәтті күресуіне басқа нәрсе жетпейді.
Стоилов секілді бапкер кімге болмасын керек. Келер маусымда Стойчо Младенов клубқа келеді деген сыбыс бар. Ал қызылордалық клубты Григорий Бабаян баптауы мүмкін. Кім келсе де, «Астананың» айбарын қайтарса дейміз.
7 қараша күні «Астана» өз алаңында «АЗ-ды» қабылдады. Өткенде Нидерландыдан бас салбыратып қайттық. Осы жолы жігіттер есені жібермес дестік. Болмады. Ел чемпионатын 6 рет иемденгендерге «Алкмар» жауапсыз 5 доп соқты. Сонда кім чемпион? Кезінде Диего Симеоне шәкірттерінің тізесі дірілдеген стадионда бүгін кімдер гол соқпай жүр?..
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ