Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынған болатын. Аталған жаңғыру бағдарламасында партия Төрағасы партия жанына белсенді азаматтарды топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру қажеттігін тапсырды.
Бүгінде осы мақсатты жүзеге асыру бойынша Қызылорда облысында Nur Otan партиясының Сырдария аудандық филиалының кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары қолға алынып жатыр. Аудан бойынша кадрлық резервке 20 жастан асқан 47 үміткер тіркелді. Тіркеу жұмыстары ережеге сәйкес 28 қазан мен 4 қараша аралығында жүргізілді. Сондай-ақ аталған ережеде 5-15 қараша аралығында үміткерлердің өз бағдарламаларын насихаттауы көзделген.
Пікірталас (дебат) – үміткерлер үшін өз бағдарламасының негізгі ережелерін таныстыруға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Осыған орай Nur Otan партиясы Сырдария аудандық филиалының кадрлық резервіне үміткерлер арасында пікірталас өтті. Тереңөзек кентінің мәдениет үйінде ұйымдастырылған ашық пікір алаңында 6 үміткер бағдарламаларын жан-жақты таныстырды.
Пікірталас сайысы негізгі 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлердің әрқайсысына 5 минуттан уақыт берілді. Олар осы аралықта өздерін таныстырып, партиялық резерв құрамына енуінің негізгі мақсаты және бағдарламасының негізгі бағыттарын баяндады. Екінші кезеңде ұйымдастыру комитеті бекіткен «Аумақтың өзекті мәселелері және оны шешу жолдары» тақырыбында ойларын ортаға салды. Пікірсайыстың соңғы кезеңінде үміткерлер сұрақ-жауап бойынша сынға түсті.
Жалпы, партияның кадрлық резервіне үміткерлер арасындағы пікірталас кезеңі аудан бойынша 11-12 қараша аралығында алты жерде ұйымдастырылады.