Футболдан Қазақстан чемпионатының кезекті маусымы аяқталды. Жанкүйер біткеннің делебесін қоздырған, 9 ай бойы ала доппен әуреге түскен 12 команда «ел чемпионы» деген абыройлы атаққа таласты.
Алтынға негізінен «Астана» мен «Қайраттың» таласарына ешкім де күмән келтірген жоқ. Оларға «Тобыл», «Ордабасы», «Ертіс» сияқты клубтар қарсылық көрсетуі мүмкін деген жорамал жасалған. Болжам бұрыс болған жоқ. Бәрі де бәз-баяғыдай. Ешқандай аутсайдер киіп-жарып сенсация жасай алмады. Клубтардың әлі күнге облыс қазынасына қарап ауыз ашып отырғаны, ортаңқол легионерлердің құжынаған арадай қаптап кеткені Қазақстан футболының адымын аштырар емес. Жә, бұл басқа тақырыптың жүгі. Әзірге кім оза шапты, кім қалыс қалды, соған мән берелік.
«Астана» маусым аяқталуға бір тур қалғанда чемпиондықты рәсімдеп тастады. Олардың сырт алаңда «Тобылды» жеңуі, «Қайраттың» павлодарлық «Ертістен» ойсырай ұтылуы (5:0) елордалық клубты қатарынан 6 дүркін чемпион қылды. «Астана» осы маусымда 69 ұпай жиып, 67 гол соғып, ең нәтижелі ұжым екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Алматылық клуб 68 ұпаймен тағы да күмісті қанағат тұтты. Ал қола медаль 65 ұпай жинаған «Ордабасыға» бұйырды. Ал биылғы ел кубогын қызылордалық «Қайсар» жеңіп алған. Жалпы, кубоктық ойындарға әлеуетті клубтар соншалықты маңыз бере қойған жоқ. Стойчо Младеновтың командасы мұндай «бейқамдықты» тиімді пайдаланып кетті. Осылайша, келесі жылы еурокубоктық додаға қатысатын командалар да анықталды: «Астана» 2020/21 жылғы маусымның Чемпиондар лигасын іріктеу кезеңінен бастаса, Еуропа лигасында «Қайрат», «Ордабасы», «Қайсар» бақ сынайды.
Ал ең соңғы орынға жайғасқан «Ақтөбе» мен «Атырау» премьер-лигамен қош айтысты. Олар алдағы маусымды бірінші лигада өткізеді. Олардың орнын «Каспий» мен «Қызыл-Жар СК» клубтары баспақ. Сондай-ақ «Тараз» клубы ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалу үшін оралдық «Ақжайықпен» ойнайды. Алғашқы матч 15 қарашада Оралда, қарымта кездесу 18 қараша күні Таразда өтеді деп жоспарланған.
* * *
Осы маусымның ең үздік бомбардирі атағы «Астана» жартылай қорғаушысы Марин Томасов пен – «Қайрат» шабуылшысы Адеринсола Эсеолаға бұйырды. Екеуі де 19 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген. Сондай-ақ Марин пас беру көрсеткіші бойынша шашасына шаң жұқтырмаған: ол биыл 13 рет ассистенттік жасапты. Жанкүйерлер Томасовқа бекерге «Голпасов» деп айдар тақпаса керек. Бұл ретте футболшының Хорватия құрамасына шақырылу мүмкіндігі жоғары. Ойыншының өзі «Астана» жаңа келісімшарт ұсынса қол қоюға қарсы емеспін» депті. Демек, еуропалық клубтар тарапынан үлкен сұранысқа қарамастан Томасов келесі маусымда да елордалық клуб намысын қорғауы мүмкін. Бұл ретте Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының «Алтын бутсыны» екі футболшыға беруіне тура келмек. Одан кейінгі орынды мына ойыншылар бөліскен:
•Эппел («Қайрат»), Айымбетов («Ақтөбе») – 16 гол
• Жоао Пауло («Ордабасы») – 14
• Барсегян («Қайсар») – 11
• Нұрғалиев («Тобыл») – 10
• Мбомбо («Қайсар») – 9
Ассистенттер:
• Томасов («Астана») – 13
•Тағыберген («Қайсар»), Какимов («Ақтөбе») – 10
• Исламхан («Қайрат»), Зенев («Шахтер») – 8
• Нұрғалиев («Тобыл»), Вржещиньский («Қайрат»), Механович («Ордабасы») – 7
• Квеквескири («Тобыл»), Жоао Пауло («Ордабасы»), Пешич («Шахтер»), Зорич, Стоянович (екеуі де – «Оқжетпес»), Дарабаев («Ертіс», «Жетісу»), Шомко («Астана»), Суботич («Тараз»), Манзорро («Ертіс») – 6
• Молдақараев («Оқжетпес»), Қуантаев, Степанюк (екеуі де – «Жетісу»), Ротариу («Астана»), Жаңғылышбай («Ордабасы») – 5
• Алмейда, Бобко (екеуі де – «Окжетпес»), Миканович, Астанов (екеуі де – «Қайрат»), Куклис («Жетісу»), Муртазаев («Астана»), Щеткин («Ордабасы»), Нұрғалиев («Шахтер»), Барсегян («Қайсар») – 4
* * *
Шыны керек, биыл көпшілік «Қайратты» чемпион болады деп күтті. Клуб академиясы өрісінің кеңеюі, жеке шеберлігі жоғары футболшылардың қатарға қосылуы, «Лейпциг» академиясының тәлімін көрген жас бапкер Алексей Шпилевскийдің команда тізгінін қолға алуы – жаңа өзгерістің бастауы сияқты көрінген. Клуб алдына – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу, ел чемпионатын жеңу мақсаты қойылған. Алайда мұның бірде-бірі орындалған жоқ. Чемпионат деп жүріп, ел кубогының бәсіне де мән бере қоймады. Ақырында клуб ешқандай титулсыз маусымды аяқтап отыр. Чемпионат бастала сала бірнеше ойын қатарынан жеңілген клубтың чемпиондыққа таласуы қиын еді. Маусым соңына қарай маңызды матчтарда жанкүйерлерін жерге қаратты. Бас бапкер келесі маусымда сенімді ақтаймыз депті. Соңғы турда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңіп, батыс клубын бірінші лигаға шығарып салған соң, Шпилевский журналистер сауалына жауап берген.
– Биыл жігіттер жақсы ойнады. Көптеген қазақстандық жас футболшыларға мүмкіндік бердік. Көбінің Қазақстан ұлттық құрамасына ілінгеніне қуаныштымын. Еуропалық клубқа кеткен Ян Вороговский үшін де қуанамын. Не нәрсеге көңілім толмайтынын өз ішімізде қалдырғым келеді. Анализ жасап, маусымаралық үзіліс кезінде тыңғылықты дайындаламыз. Келесі маусымды жақсы өткереміз деп сенемін. Әрине, команданы күшейту керек. Біздің ыңғайымызға сай келетін ойыншыларды іздейміз. Олар қазақстандық ойыншыларға қарағанда әлдеқайда күшті болуы тиіс. Сонда ғана бәсекелестік орнайды, – дейді бас бапкер.
Ал «Астананың» қарқыны баяғыдай емес екені бәрімізге белгілі. Біраз жылдан бері еурокубоктарда ел намысын абыроймен қорғап келе жатқан клубтың шаруасы биыл шатқаяқтап қалғандай. Қатарына кіл мықты ойыншыларды жинауы, көпжылдық тәжірибесі – чемпиондықты жеңіп алуға біршама көмектесті. Маусымға қатысты «Астана» бас бапкері Роман Григорчук те «Ертістен» 0:2 есебімен жеңілгеннен кейін пікір білдірген.
– Бұл маусымда жігіттер 40-тан астам матч өткізді. Сондықтан олар үшін оңай емес. Дегенмен әрбір матч – практика. Кімнің әлеуеті жоғары, соларға мүмкіндік береміз. «Ертіс» – өте жақсы команда. «Қайратқа» бес, бізге екі гол соқты. Бұл – олардың еңбегі. Өз алаңымызда жанкүйерлер қолдап тұрған кезде жеңілу өте ауыр, әрине. Алда оларға тек жеңіс сыйлау үшін ойнаймыз, – дейді украин маманы.
Клубтың Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі ойындарына жанкүйерлер көңілі толмай жүр. Жарайды, жеңбей-ақ қойсын, бірақ бойларынан ұмтылыс байқалмайтыны, тым құрыса есеп айырмасын қысқартуға деген қауқарының жоқтығы көңілді түсіреді. Біраз күн бұрын өз алаңымызда АЗ-ға қарсы өткізген матчта 0:5 есебімен жеңілді. Екі ойынның қорытындысы бойынша нидерландылық команда «Астанаға» 11 гол соғыпты. Әрине, бұл қай тұрғыдан да ақтап алуға келмейтін көрсеткіш. Қазір L тобында АЗ 8 ұпаймен көш бастаса, екінші орында «Манчестер Юнайтед» 7 ұпаймен келе жатыр. Үшінші орындағы «Партизанның» 4 ұпайы бар. Ал әзірге біздің қоржынымыз бос. Соңғы жеңілістен кейін «Астана» плей-оффқа шығу мүмкіндігінен біржола айырылды. Клуб ендігі екі ойынында жанкүйерлерді жұбатарлық қайрат қылуы тиіс.
Айтпақшы, жаңа маусымда «Астананы» болгар маманы Стойчо Младенов жаттықтыруы мүмкін екен. Мұндай ақпаратты болгариялық БАҚ таратқан. «Қайсар» бапкері Сауд Арабиясы мен Ресейден келіп түскен қолайлы ұсыныстардан бас тартқан. Қазақстан кубогының финалынан кейін «Қайсарды» арнайы келіп құттықтаған Қырымбек Көшербаев қазіргі облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың көзінше Младеновтың келесі маусымда да «Қайсар» тізгінін ұстай беретінін айтқан еді. Егер Григорчук отставкаға кеткен жағдайда көп ұзамай, қаңтар айында Младенов елордаға қоныс аударуы бек мүмкін.