Басқа-басқа допинг дауы бізге жақсы таныс. Осыдан үш жыл бұрын WADA (дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) жарыстан жарыс қоймай алтын біткенді тауысып жүрген чемпиондарымызды баудай түсірген. Бастапқыда күмәнмен қарап, спортшыларымызды ақтап алмаққа талпындық. Кейін келе олардың ешбірінің «ішпедім, тексерсеңдер тексеріңдер» дегенін естімеген соң халықаралық агенттік бірдеңені біледі-ау дестік.
Оған дейін де талай спортшымыз рұқсат етілмеген препаратты қолданғаны үшін ұсталған. Одан кейін де біраз мықтымыздың бет-пердесі шешілді. Өкінішке қарай, допинг дауы – отандық спорттың дамуында өрескел қателіктің бар екенін аңғартатын бірден-бір фактор. Өкініштісі сол, әлі күнге бұл дауды біржола шеше алмай келеміз. Ал ең қызығы, чемпиондарымыздың бүкіл алтын, күмісін шешіп алған WADA жақында ғана Қазақстанның допингке қарсы жұмысын жоғары бағалапты. Қарашаның басында Польшада спорттағы допинг мәселесіне қатысты бүкіл әлемдік V конференция өткен. Сол жерде Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов WADA-ның бас директоры Оливье Нигглимен, Азия бөлімінің басшысы Казухиро Хайашимен шұрқырай көрісіпті. Біздің тарап допинг жайында қабылданғалы жатқан заңның жайымен таныстырған.
Заң жобасын мәжіліс екі оқылымның қорытындысы бойынша қыркүйек айында мақұлдаған болатын. Заңда көрсетілгендей, барлық спорт бойынша бапкерлер мен дәрігерлерге артылатын жауапкершілік күшейе түспек. Сонымен қатар ұлттық допингке қарсы ұйымның да мәртебесі қаралмақ. Спортшыға допинг берген тұлғаларға айыппұл салынбақ: ол шамамен 500 мың теңгеден жоғары болады. Сондай-ақ допинг қолданған спортшының спорттық нәтижесі жойылып, квалификациялық ұпайлары алынып тасталады, ақшалай сыйақы қайтарылып, өмір бойына белгіленген ай сайынғы материалдық көмек те тоқтатылады. Бұдан бөлек, заңда допинг дауына ұрынған спортшының атақтарынан айырылып, чемпиондарға берілген баспанадан да құр қалатыны жазылған. Әлбетте, мұндай дауға ұрынған спортшы ұлттық құрама сапынан да шығарылады. Заңды Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жіберген. Қазақстанның мұндай батыл қадамдары халықаралық ұйымның көңіліне жаққан сыңайлы. Бірлесіп отырып, әлі біраз асуды бағындырамыз депті. Бұл – «бірлесіп отырып әлі талай спортшыңды ұстаймыз...» дегені ме, әлде, «ендігі чемпиондарыңның абыройларын сақтаңдар» дегені ме, оны уақыт көрсетер. WADA-ның Азия бөлімінің басшысы Казухиро Хайашидің айтуынша, енді олимпиада ойындарына дейін алынған сынамалар 10 жыл сақталмақ. Бұл допинг-сынамалар мен қайтарма анализдерді сақтайтын жаһандық алпауыт бағдарлама аясында жүзеге аспақ.
Екі жыл спорттан аластатылған Илья Ильин қазір қайтадан жарыстарға қатыса бастады. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Тек алтынмен апталған, өмірі күміс алқа тағып көрмеген спортшының 12, 13-орында жүргені қынжылтады. Әрине, әртүрлі пайым жасай беруге болады: бәлкім, екі жылғы үзіліс, жеке өміріндегі келеңсіздіктер спортшының бабына да кері әсер еткен болар... Ильяның әңгімесін осы жылдың басында Полтаранин жыры басып кетті. 200 жұп шаңғысын арқалап шетелде дайындалған, мемлекет қаржысымен толықтай қамтамасыз етілген азаматтың допингпен ұсталуы бүкіл елді дүрліктірді. Әзірге оған қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Спортшының өзі «қолданған жоқпын, жай қолдансам ба деген ниетім болды» деп жауап қатқан. Осыдан-ақ бір шикіліктің болғанын аңғарамыз. Дау қызып тұрған кезде белгілі комментатор Сергей Райлянның желідегі парақшасына былай деп жазғаны бар:
«Шаңғы спорты бойынша допинг дауына білдірілген реакция. Айырмашылығын байқаңыз:
Эстония. Шаңғышылардың бірі қандай жағдайда допинг қабылдағанын жария етіп айтты. Мати Алавер бұл істе сыбайлас болғанын мойындады. Іс ел президентіне дейін жеткен. Ол енді бапкерді мемлекеттік марапаттан айырмақ.
Австрия. Бас бапкер отставкаға кетті. Шаңғы спорт федерациясының президенті допингке тап болған спортшыларды ақымақтар деп атап, бәрін қуып шығатынын, құраманы қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді.
Қазақстан. Федерация ешқандай пікір білдірмейді. Ресми сайтында бірауыз ақпарат жоқ. Полтараниннің қайда екені белгісіз».
Допингке қарсы кодексте ешқашан бұзуға болмайтын 10 бөлім нақты жазылған. Допинг ішу – соның бірі ғана. Рұқсат етілмеген препараттың спортшы организміне қалай түскені маңызды емес: мүмкін мақсатты түрде пайдаланды, мүмкін біреу қастық қылды. Қалай болғанда да спортшы ережені бұзған болып саналады. Сондай-ақ препаратты қолдануға әрекеттенудің өзі – ережені бұзу. 2018 жылы елімізде 53 спортшы допинг қолданғаны үшін ұсталған. Қазір жалпы саны 102 атлет жарыстардан, спортқа қатысты шаралардан, жаттығу мен құрама сапынан шеттетілген.