Атырауда баласын ит талаған ана оқиғаның мән-жайын айтып берді

Атырауда баласын ит талаған ана оқиғаның мән-жайын айтып берді

Питбуль тұқымды ит баланың басын тістеп алған. Баласын арашалаған ананың да қолын ит тістеп алған. Оқиға орнына жеткен полиция ауыр жарақат алған баланы дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Қазір ол анасымен бірге травматология бөлімшесінде жатыр.

Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігері Жақсылық Мағзомов: «Баланың жағдайы ауыр болды. Жуып-шайып, жарақатын тазартып шоф салып тігілді. Бірінші көмек көрсетілді. Баланың қазіргі жағдайы орташа. Ем алып жатыр. Қасында анасы бар. Жағдайы орта дәрежеде. Алға қарай бәрі жақсы болады деген үміттеміз», – дейді.

Ал қабаған ит сол маңдағы өндірістік нысандардың бірінен табылды. Питбульдің қожайыны 35 жастағы қала тұрғыны екен. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қабаған итпен арпалысқан баланың анасы Айгерім Айымғазиева: «Келгенде баламды көріп шошып кеттім. Иттің астында жатқан баламның қан мен балшықтан беті жабылып, тек көзі жыбырлап жатыр. Аузына топырақ толып қалған. Ит бетін тістеп, ырылдап тұр. Қолын жыбырлатқан сайын қолын тістей берген», – дейді.