Кәсіпқой бокстағы GGG жасаған керемет карьера кім-кімді де қызықтырады. Әсіресе, Головкинді өкшелеп келе жатқан қазақстандық кәсіпқой боксшыларды.
Қазір біраз қазақстандық боксшы орта және бірінші орта салмақта өнер көрсетіп жүр. Жетістіктері де жаман емес. Көбі жеңіліп көрмеген. Бірақ әлі ешбірі титулдық жекпе-жекке шыққан жоқ. Әрине, біз бұл ретте екінші деңгейлі чемпиондық атақтарды есепке алып отырған жоқпыз. Осы ай басталғалы бірнеше боксшымыз жекпе-жек өткізіп үлгерді. Соның бірі – бірінші орта салмақта жұдырықтасатын Мадияр Әшкеев. Ол аргентиналық Родольфо Мартинесті үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңді. «Эгис Климас (менеджері) жақсы жаңалықпен қуантуға уәде берді. Қазір біраз демаламын. Ал келер жылы тек топ-боксшылармен кездесуге шығамын» дейді Әшкеев. Ол кәсіпқой рингте 14 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
Орта салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы бірер күн бұрын ғана канадалық Альберто Онолуносені жеңіп, BoxRec рейтингінде 55-орынға көтерілді. Жәнібек те 8 кездесудің барлығында жеңіп келе жатыр. Төртеуін нокаутпен аяқтаған.
Супер орта салмақтағы Айдос Ербосынұлы мен Нұрсұлтан Жаңабаевтың да жетістігі қуантады. 12 кездесуде 12 жеңіс еншілеген Айдос келесі жекпе-жегін желтоқсан айында өткізбек. 8 кездесудің барлығында қарсыласынан басым түскен Нұрсұлтан да жыл соңына рингке көтеріледі. Екеуінде де құрлықтық және екінші деңгейлі титул бар.
Көпшілік ерекше үмітпен қарайтын боксшы – Садриддин Ахмедов. Жастар арасында WBC чемпиондық атағын иеленген Садриддин 7 желтоқсан күні Монреалда аргентиналық Хосе Антонио Вильялобоспен жұдырықтаспақ. Ахмедов те 10 жекпе-жекті жеңіспен тамамдаған. 25 жастағы Вильялобос 2017 жылы ақпан айында Камил Шереметемен бокстасып, жеңіліп қалған. Ал Шеремете Головкиннің келесі қарсыласы деп айтылуда. Бұл тұрғыда Садриддин мейлінше жас әрі қарымды қарсыласпен күш сынасатын сияқты.
Көпшілік Мейірім Нұрсұлтановтың жуық арада топ-боксшылар қатарына қосылатынын жиі айтып жүр. Мейірім 3 қараша күні Лас-Вегаста мексикалық Кристиан Оливасты жеңіп кетті. Сөйтіп, қазақ боксшысы 13 кездесуін жеңіспен аяқтады.
Қазақ боксшылары арасынан титулға ертерек жетуі мүмкін спортшы ретінде Батыр Жүкембаевтың есімі жиі аталады. Карьерасындағы 17 кездесуде жеңіске жеткен Батыр келесі жекпе-жегіне дайындығын пысықтауда. Ол соңғы рет 26 қыркүйекте мексикалық Мигель Васкесті төрешілер шешімімен жеңген болатын. Сөйтіп, екінші деңгейлі WBA Continental және IBF Inter-Continental титулын иеленген. Жүкембаев қазір BoxRec рейтингінде 19-орында келе жатыр.
Кәсіпқой боксшыларды тізбелегенде Данияр Елеусіновті ұмытып кетуге болмайды. Олимпиада чемпионы ретінде кәсіпқой бокс әлеміне аяқ басқанына қарамастан, Данияр әлі күнге топ-боксшылармен жұдырықтаса қойған жоқ. 8 рет шаршы алаңға шықты, 8 рет жеңді. Соңғы рет қыркүйек айында америкалық Решард Хиксті аяусыз сабаған. Келесі кездесуін 20 желтоқсан күні Лас-Вегаста өткізеді. Әзірге қарсыласы белгісіз. Даниярдың әйгілі промоутер Эдди Хирнмен жұмыс істейтіні белгілі. Хирн соңғы кезде Геннадий Головкинге де жетекшілік етіп жүр. Британиялық промоутер топ қарсыластарды тауып беруге қабілетті маман. Сондықтан Данияр көп ұзамай титулдық кездесулерге шығуы тиіс.
Жалпы, осы жігіттердің шаршы алаңда шайқас салып келе жатқанына екі жылдай уақыт болып қалды. Алды тіпті 3-4 жылдан бері кәсіпқой бокспен айналысуда. Бірақ әлі күнге орта деңгейлі қарсыластарды құлатудан әрі асатын емес. 2019 жыл тамам. Биыл ешкімнің титул еншілеп үлгермейтіні, бокс кешінің басты жекпе-жегінде жұдырықтаса қоймасы белгілі. Жақсы жаңалықтарды 2020 жылдан күтеміз. Бәлкім, орта салмақты мекен қылған қазақ жігіттері бір-біріне қарсылас атанып қалар, кім біледі.