Бүгін күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігінде еркін күрестен үш салмақтың жеңімпаздары анықталды. Ақмола облысынан келген Дәулет Теміржанов 57 келіде қарсылас шақ келтірген жоқ. Дәулет финалда қарағандылық Жавохир Иристаевты 12:2 есебімен тізе бүктірді. Жамбылдық Рахат Қалжан мен шымкенттік Ғабит Төлепбай қола жүлде иеленді. Айта кетерлігі, аталған салмақта белгілі балуан Нұрислам Санай 1/8 финалдан әріге аса алған жоқ. Ол осы салмақта алдағы Олимпиада жолдамасына ие болған еді. Ал 61 келіде Алматы облысының балуаны Адлан Асқаров жеңімпаз тұғырына көтерілді. Адлан ақтық сында атыраулық Саламат Мәліковтен мықтылығын танытты. Үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Расул Қалиев пен қарағандылық Азат Оганиссян түйіндеді. Алғашқы жарыс күнін 86 келідегі балуандар қорытындылады. Бұл салмақта Шығыс Қазақстан облысынан келген Азамат Дәулетбеков алтын алды. Екінші орын Алматы облысының спортшысы Есқали Дәулетқазыға бұйырса, маңғыстаулық Нұрдәулет Көктеубаев пен алматылық Әділет Дәулембаев үздік үштіктен көрінді. Естеріңізге сала кетелік, бүгін Алматы қаласындағы «Достық» спорт кешенінде күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігі жалауын көтерді. Жарыс 26 қарашаға дейін жалғасады. Енді еркін күрес шеберлері 21-22 қараша күндері қалған салмақтарда сынға түседі. Ал әйелдер күресінен 23 қарашада 10 қарашада жүлделер сарапқа салынса, грек-рим күресінің шеберлері 24-26 қараша аралығында тоғыз салмақта жүлдеге таласады.