Ұлттық брендтер рейтингі түзілді

Ұлттық брендтер рейтингі түзілді

Brand Finance компаниясы 2019 жылдың 100 ұлттық бренді рейтингін жариялады. Қазақстан рейтинг бойынша 44-орында.

Ұлттық брендті қалыптастыру қиын. Оны нарыққа енгізіп, атын сақтап қалу маңызды. Бұл мемлекеттің беделіне, келешегіне, байлығы мен бәсекеге қабілетіне әсер етеді. Brand Finance компаниясының биылғы рейтингі дамушы елдердің ұлттық брендтері дамығанын көрсетті. Өйткені олар дамыған елдердің ұлттық брендтерімен салыс­тырғанда кеңге қанат жайған. Сөзімізге өсімнің орташа пайызы дәлел бола алады. Мысалы, дамушы елдерде бренд құнының орташа өсімі 13,9 пайызды көрсетсе, дамыған елдерде 0,4 пайызды көрсеткен.

Рейтинг бойынша 100 елде зерттеу жүргізіледі. АҚШ, Қытай мен Германияда әлемдегі ең қымбат бренд бар. АҚШ-тың бренд құны 27,8 трлн дол­ларды құрайды. Қытай 19,5 трлн доллармен екінші орында тұр. Германиядағы бренд 4,9 трлн долларға жеткен. Одан кейінгі орында Жапония тұр. Елдегі бренд құны – 4,5 трлн доллар. 3,9 трлн доллармен Ұлыбритания үздік бестікті түйіндейді. Сонымен қатар алғашқы ондыққа Франция, Үндістан, Канада, Оңтүстік Корея және Италия кірді. 2018 жылы Қазақстан аталған рейтингте 51-орын алған. Биыл еліміз 7 сатыға көтерілді. Қазақстаннан кейін­гі орында Жаңа Зеландия бар. Қазақстанның бренд құны Еуропаның кей елдеріне қарағанда жоғары екен. Мәселен, Португалия, Румыния, Мажарс­тан, Словакия елі бренд құнына келгенде Қазақстаннан кейінгі орында тұр.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ