Қырғызстан әлем бойынша Қытайдан ең көп қарыз алған мемлекеттердің бестігіне кірді. Дүниежүзілік экономика институтының зерттеуіне сенсек, қырғыз елінің Қытайға қарызының көлемі ЖІӨ-нің 30% шамасына жетіп қалған. Бұл тұрғыда айыр қалпақты ағайынның алдына Джибути, Мальдив және Конго, Тонга мемлекеттері түседі.
Әдетте экономикада мемлекеттің сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 60% деңгейінен аспауы керегі айтылады. Ал жоғарыдағы дерекке сенер болсақ, Қырғызстанның тек Қытайға қарызының өзі (ЖІӨ) 30% шамасында. Бұл пайызды санға шақсақ, Қырғызстанның Қытай Халық Республикасына қарызы – 1,7 миллиард доллар. Бір қызығы, осыдан 11 жыл бұрын (2008) қарыз көлемі 10 миллион доллардан аспапты.
Иә, қырғыздың қарызына «күлер» ретіміз жоқ. Жалғыз Қырғызстан емес, соңғы жылдары Орталық Азия мемлекеттерінің даму көрсеткіші Қытайдан тартқан қарыз ақшаның көлемімен өлшенетіндей де жағдайға жеткені жасырын емес. Бізбен бауырлас елдердің ол жаққа қарызын санауды сәл кейінге қалдыра тұрып, алдымен Қырғызстанның алдына түскен жоғарыдағы төртеуді түгендеп көрейік. Джибути, Мальдив және Конго, Тонга. Былай қарасаңыз, әлемдік аренада аты шықпаған елеусіздеу елдердің бірі. Бірақ әлемдік сарапшылардың бағамдауынша, Қытай – қарыз беріп, инвестиция салуда ондай критерийге аса қарай қоятын мемлекет емес. Мәселен, батыстың алпауыттары ақша салғалы отырған елдегі ашық саясат ұстанымына, адам құқығы мәселесіне һәм қаржыны қайтару процесіндегі «мөлдірлікке» мән берсе, Қытайды ол проблемалар аса қызықтыра қоймайды. Салған ақшасын түбі бір қайтарып алатынына сенім бар. Сонымен Қытайдан қарыз алудан қара үзіп шыққан Джибути – Африканың шығысындағы шағын мемлекет (23 200 км²). Халқының саны – 956 985 (2017). Үнді мұхитындағы бірнеше ұсақ аралдың басын құраған Мальдив Республикасының халқы 2014 жылғы санақ бойынша 402 071 адам деп есептеліпті. Бірақ оның 338 мыңының ғана азаматтығы тіркелген. Өзге 60 мыңнан аса адам қарызбен ілесе барған «жунголық» болар деп топшылаймыз. Себебі соңғы 20 жылда ҚХР-дан Африка құрлығы мен мұхит ішіндегі ұсақ мемлекеттерге жүздеген мың азамат «жұмыс бабымен» кетті деген деректер бар. Үшінші мемлекет Конго – Орталық Африкадағы мұнайлы (халық саны 4 233 063) елдің бірі. Төрттікті тынық мұхитындағы арал-мемекет – Тонга (халқы 103 252) қорытындылайды.
Иә, ежелгі дәуірде дүниежүзі елдері Қытай жібегіне қызықса, бүгінде қарызға беретін қаржысына мұқтаж. Әрине, қазіргі жаһандану заманында көштен қалмай, экономиканы көтеру үшін артық ақша әр елге қажет. «Іздегенге сұраған» дегендей, ҚХР бұл жерде «алып банктің» рөлін атқарып отыр деуге болады. Алайда қытай несиесінің соңында үлкен салмақ жататыны да жасырын емес. McKinsey & Company-дың бағалауынша, Африкада 10 000 қытайлық кәсіпорын жұмыс істеп жатыр.
Негізі Африка құрлығына батыс мемлекеттері қайтарымсыз, гуманитарлық көмек жөнелткені болмаса, қарыз беріп, инвестиция құя қоймайды. Өйткені онсыз да халқының жартысына жуығы ашқұрсақ отырған құрлықтың қарыз қайтару мүмкіндігі анық емес. Десе де, «Бір белдеу – бір жол» бастамасымен Африка құрлығына назар аударған шығысымыздағы алып республика мұны «бірлесе даму жолындағы көмек» деп түсіндіргенімен, әлемдік сарапшылар оны Қытайдың «жұмсақ күші» деген терминмен атайды.
ҚХР-дың Африкаға қызығуының жөні бар. 2016 жылғы санақ бойынша, тұтас Африка құрлығында 1,216 миллиард халық тұрып жатқаны анықталған. Яғни, үлкен нарық. Рас, қытайдың киім-кешегі қыс болмайтын құрлық тұрғындарына керек бола қоймас, бірақ тамақ, әсіресе арзан азық-түлік ол жаққа ауадай қажет. Демек, Африкаға инфрақұрылым салып, кәсіпорын көбейтіп жатқан «қытай арманы» ертеңгі күнгі өзіне тәуелді тұтыну нарығын қалыптастыру болуы мүмкін.
Айта кетерлік бір жайт, 1980 жылдары қытай-африка сауда-саттығының жалпы көлемі 1 млрд доллар болса, 2000 жылы 10 млрд долларға жетіпті. Ал БҰҰ келтірген мәліметке сүйенсек, 2007 жылдан 2017 жылға дейін Африкаға Қытайдың салған тікелей инвестициясы он есе (43,3 млрд доллар) өскен.
Өзіміздің Орталық Азияға келсек, борышкер бестікке кірген Қырғызстанның Қытаймен жыл сайынғы тауар айналымы – 2 млрд доллар. Оның 1,9 млрд доллары – ҚХР-дың Қырғыз Республикасына экспортының үлесі.
Аймақ бойынша салыстырсақ, Тәжікстан Орталық Азияда қарыз жөнінен қырғыз елінен кейінгі орында келеді. Тәжікстан Республикасының Қытай Халық Республикасына шамамен 1,2 млрд доллар қарызы бар. Дегенмен Eurasianet ұлттық экономикалық зерттеулер бюросы (NBER) жариялаған «Қытайдың шетелдерге несие беруі» есебінде айтылғандай, ҚХР-дың капитал экспорты туралы құжаттары ашық емес. «ҚХР мемлекеттік қарыздар туралы есеп бермейді, сондай-ақ Қытай ұсынған қарыздар көлемі мен сыртқы қарыздардың ағыны туралы толық стандартталған мәліметтер жоқ» дейді баяндама авторлары.
Аталған зерттеуде Қытайға ең көп қарызы бар елдердің тізімі келтірілген. Онда да Қырғызстан әлем бойынша 5-орында (ЖІӨ-нің 30%) тұр. Яғни, әлем бойынша Тәжікстан – 20, Түркіменстан – 23, Өзбекстан 40-орындарда. Бұл зерттеуде Қазақстанға қатысты нақты көрсеткіш аталмаған.
Әйтсе де, Қазақстан үшін ҚХР Ресейден кейінгі ТМД-дағы ең ірі сауда серіктесі екені анық. Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 12 млрд доллар болды. Бұл – үлкен көрсеткіш, десек те ондағы айналымның жартысына жуығы біздің тараптан экспортталып жатқан мұнай мен газ, металлургия, астық секілді тауар түрлері.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы уақытқа дейін елімізге құйылған шетелдік инвестицияның ішінде 20 млрд доллар – Қытай инвестициясы. Сондай-ақ 2019 жылғы сәуірде «Бір белдеу, бір жол» форумында елдер энергетика, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында қосымша 27,6 млрд долларға 55 жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылғаны белгілі.
Әрине, қай мемлекетте болсын қаржылық тәуелдік саяси тәуелдікке әкеледі деген қорқыныштың болуы заңды. Бұл тұрғыда АҚШ мемлекеті Қытайдан қарыз тартуға құмар әлем елдеріне үнемі ескерту жасап келеді. Ресми Вашингтонның көлденең тартатын дерегі – Шри-Ланка тәжірибесі.
Естеріңізде болса, Шри-Ланка үкіметі Бейжің алдындағы қарызын өтеу үшін Үнді мұхитындағы жаңадан салынған портты 99 жылға ҚХР-ға жалға беруге мәжбүр болған.
Әлемдік саясаткерлер Қытайдың сыртқы елдерге бағытталған экономикасының дамуы қарқын алғаны сонша, енді оған кедергі болу адамзаттық апатқа әкелуі мүмкін екенін айтады. Бүгінгі күні экономикасы өскен Қытай жылына 200 млн тонна мұнайды сыртқы нарықтан сатып алуға мәжбүр. Бұл – мұнай өндіруші Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік.