Қазақстандағы оқ-дәрі шетелге неге сатылған?

Қазақстандағы оқ-дәрі шетелге неге сатылған?

Армениялық алыпсатар компанияның біздің елден басқа бір елдерге жеткізген даулы патрондардың егжей-тегжейі белгілі болды.

«Қазтехнологиялар» компаниясының мәлімдеуінше, оның барлығы – мерзімі өткен ескі оқ-дәрі.

«Қазтехнологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дархан Ақбаев: «Ол оқ-дәрілер бүгінде қарулы күштерде, басқа да құрылымдарда қолданылмайтын оқ-дәрілер. Бәрі Кеңес Одағы кезінде, 70-жылдары шығарылған оқ-дәрі. Соңғы тұтынушының сертификаты бойынша ол оқ-дәрілер Біріккен Араб Әмірліктеріне және Сауд Арабиясы еліне жіберілген», – дейді.

Оқ-дәріге қатысты шулы әңгіме Армения ақпарат құралдарында тараған. Онда армениялық компания Қазақстаннан 200 миллион дана патрон сатып алып Түркияға жеткізіпті-міс делінген. Бірақ бұл ақпаратты сол компания өкілдері де, Қазақстан тарапы да жоққа шығарды. Дегенмен 2015 жылы армениялық «Мостон Инжиниринг» компаниясы мен «Қазтехнологиялар» акционерлік қоғамы арасында келісім болғаны рас.

Жалпы мұндай патрондардың сақталу мерзімі – 25 жыл, ең арысы 35 жылға дейін барады. Ал Қазақстан 70-жылдарда шығарылған, яғни, мерзімі 45-50 жылға жеткен патрондардан енді сатып құтылып жатыр. Оны араб елдері не мақсатпен сатып алып жатқаны жұмбақ.