Сегіз жылдан бері бауын тапса, байлауын таппай келген түйткілдің түйіні осылайша тарқатылды. «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолға алынған құрылысты «Газ-Сервис» ЖШС 182 миллион 270 мың теңгеге жүргізген. Мамыр айында басталған құбыр тарту жұмыстары осы дүйсенбіде мәресіне жетіп, енді «Жамбыл-Жылу» ЖШС 100 мың теңгеге газды үйме-үй кіргізіп беруде. Басқа аудандарда құны 300 мың теңгеден кем болмай жатқанда, «Жамбыл-Жылу» мекемесінің қолжетімді бағасы бұқара үшін көп демеу болуда.
Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Қыдыралыұлы, аудандық мәслихат хатшысы Рүстем Бегалиев және облыстық мәслихаттың депутаты Масат Берік каракемерліктердің қуанышына ортақтасып, жылы лебіздерін жеткізді. Ал ауыл ақсақалы Ахатай Балқыбеков ауылға газ кіргізуге атсылқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Алтын алқа иегері Алшакүл Қалыбаева да көптен күткен қуанышқа қол жеткізгендеріне сенер-сенбесін білмей, көз жасқа ерік берді.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы