Тарихта қалған кәсіпорын

Тарихта қалған кәсіпорын

Сыр елінде кен орны болмаса да, индустрияландыруға үлес қосқан Жосалы механикалық зауытының өзіндік даму жолы мен тарихы бар.  Зауыт та­рихы көнекөз аға ұрпақ  пен зауытта еңбек еткен ардагерлерге ғана мә­лім, кейінгі ұрпақ осы өндіріс орны туралы біле бермейді. Кеңес өкіметі тұ­сында негізі қаланып, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында күні-түні ең­бек етіп, майданды қару-жарақтың бір түрі – минамен қамтамасыз еткен зауыт ірі өндіріс ошағына айналды.

Соғыстан кейін де дүниежүзіне әйгілі болып, 400-ден аса кәсіпорын мен геологиялық басқармаларға өз өнімдерін жіберіп отырды. Мысалы, Куба, Ауған­стан, Иран, Вьетнам, Аргентина, Си­рия, Тунис, т.б. мемлекеттерге зауыт өнім­дерінің маркасы танымал болған. 1925 жылдың 10 маусымында КСРО Еңбек және қорғаныс кеңесінің арнайы қау­лысымен Атбасар түрлі-түсті металл тресі құрылды. Бұл трест құрамына Қарсақбай комбинаты мыс балқыту зауыты, Бай­қоңыр көмір шахталары мен Жосалы те­мір жол стансасының қасынан мыс қа­был­дап, тиейтін қойма кірді. Бұл қойма ор­нына кейін тұтынушылар одағының дү­кендері орналасты. Қарсақбай – қазақ елі­нің тұңғыш отандық металлургиялық орта­лығы болатын. 800 шаршы шақырым аумақты алып  жатқан бұл жер Қызылорда өңіріне жататын. Жосалы Қар­сақбайға ең жақын орналасқан, пат­ша өкіметі кезінде салынған «Орынбор-Ташкент» темір жолының бойындағы станса еді. Қарсақбайға қажетті жүк­терді түйемен, атпен 430 шақырым қашық­тыққа тасыған. Екі ортада 18 бекет орна­ласып, осы екі араны жүк керуені 7 күн жүретін. Бұл керуенде 1 500 түйе, 1 000-нан астам атарба болып, жүк тасылса да, жұмысты үлгерте алмады. Жер қойнауынан табылған мыс рудасын темір жол бойына тасу мақ­сатында қазіргі зауыт төңірегіне, сол кез­дегі ең ірі деген 300-350 автомашинасы бар «АМО» маркалы автобаза паркі ашыл­ды. Бұл кәсіпорынның ашылуына сеп­тігін тигізген комбинат директоры Иван Васильевич Деев пен ұлтымыздың мақтанышы, атақты академик, «Атбасар түсті металл» тресінің бас геологі Қа­ныш Сәт­баев болды. Ол қыстақтың түкпір-түк­пірінде болып, жергі­лікті халықты өн­діріске тартты. 1938 жылғы 19 қазан Қарсақбай зауыты өміріндегі ерекше күн болды. Бұл күні зауыт алғашқы металын және Байқоңыр шахтасы көмір бере бастады. Болашақ Жосалы механикалық зауытының ірге­тасы Жосалы автобазасы негізінде қа­ланды деп айтуға болады. 1930 жылы Жо­салы стансасында құрылған автобаза «Қа­рағанды-Жезқазған» темір жолы іске қосылғанша 9 жыл бойы мыс  тасыған. Елімізде ашаршылық болып жатқанда бұл кәсіпорын жүздеген азаматты нәу­беттен құтқарды. Жоғарыда айтқан темір жолдың іске қосылуына, жұмыс көлемінің ұлғаюына орай  1939 жылдың 15 маусымында КСРО Түсті металлургия Халық комиссариатының бұйрығымен Қарсақбай зауытының бұрынғы авто­ма­шина жөндеу шеберханасының база­­сында Жосалы бұрғылау, құрал-сай­ман за­уыты ұйымдастырылды. БКП (б) Ор­талық комитетінің жа­нын­дағы пар­тиялық бақылау комис­сия-сы­ның Қазақ КСР бойынша жа­уап­ты бақылаушысы Рязанцевтің Жо­салы зауы­тына «Главгеолмашцвет» бас­шы­лары тарапынан берілген арнаулы тап­сырыстардың орындалуы жайлы жа­саған баяндамасында 1941 жылдың 1 қыр­күйегінен бастап геологиялық құрал-сай­мандарды шығаруды тоқтатқаны жа­зылған. Жаңа тапсырыстар қабылдауға, эва­куацияланған 1 200 адамды және 300 ста­нок орналастырып, іске қосуға дайын еке­ні айтылды. Сонымен бірге 1942 жыл­ғы 5 қаңтардағы берген хабарында «рез­балы калибрдың нұсқасын жасап, оны Таш­кент қаласына өңдеуге, өз дәрежесіне жет­кізу үшін жіберемін» деген мәліметтер бар. 1942 жылы 23 қаңтарда Қорғаныс Коми­тетінің қаулысымен Жосалы меха­никалық зауытына 82 миллиметрлік шо­йын миналарды шығару тапсырылды. 1942 жылдың 6 наурызындағы КСРО түс­ті металлургия Халық комиссариаты бұй­рығымен тек қана наурыз айында 10 мың дана мина шығару міндеті қойыл­ды. Зауыт жұмысшыларының қажырлы еңбегінің арқасында 1942 жылдың 1 сәуірінде арнайы тапсырысты орындауға 13 станок жұмылдырылып, тәуліктік нор­ма 500 данаға жетті. Зауытта соғыс жыл­дары және соғыстан кейін түрлі ұлт өкілдері еңбек етті. Аудандық ар­хив құжаттарын ақтарғанда зауыт еңбек­керлерінің көпшілігі қазақ, орыс, шешен ұлты болғанын, сонымен қатар өзбек, тәжік, корей, татар, еврей, латыш, украин, белорус тіпті финдердің еңбек еткенін анық­тадық. 1954 жылы 96 адам еңбек етсе, оның 34-і қазақ, 41-і шешен, 8-і грек, 10-ы орыс, 2-еуі татар, 1-еуі корей ұлты­нан екен. Сан жылдық тарихы бар Жосалы ме­ханикалық зауытында тағдыры тоғысқан  түрлі ұлттардың жұмыс істеген кездері мен кейінгі өмірін, олардың ұрпақтарын зерттеу жұмысына арқау етсек, артық болмас еді. Өйткені мұның өзі басқа ұлт өкілдеріне қазақ халқының кеңпейілдігін танытатын бірден-бір мәлімет болды. 1956 жылы зауыт маңында балабақша, электростанса, тағы басқа нысандар салынды. Жұмысты көп жағдайда қолмен атқаруға тура келетін. Механикалық цехта детальдарды қолдан таситын, мұны көбінесе көмекші әйелдер атқаратын. Алда механикаландыру мәселесі тұрды. Зауыттағы инженер-конструктор Борис Иванович Ким станок арасына тізбектелген конвеер орналастырды. 1956 жылы Пушкарь бас инженерлік қызметіне келді. Құрылыс бөлімін өз ісіне адал Ақмырза Қуатов басқарды. Материалдың жетіспегеніне қарамастан, қыстақ орталығында зауыт демеушілігімен кинотеатр және мектеп салынды. Шығарылған өнім жайлы сол кезеңдегі Чехословак Социалистік Республикасы мамандарының бірі Миклаш былай деп жазды: «КСРО-да ФКО сүзгішін ЧССР-ға Жосалы механикалық зауыты дайындап, «СоюзГеотехника» арқылы жеткізілді». 1983 жылы мемлекеттік ко­миссия сапа белгісін берді. Келесі жылы ФКО сүзгіші Мәскеу қаласындағы «Гео­экспо-84» халықаралық көрмеге қа­тысып, құрмет дипломына ие болды. Зауыт­тың әрбір шебері мен инженер-тех­ник қызметкеріне НОТ тәрбие  сала­сы, еңбекте өндіріс сақтауды, жаңа тех­никаны енгізу мен технологияны же­тілдіріп, сапалы өнім шығаруға бағыт бе­ріп отырған. 1976 жылы зауыт өнімі мем­лекеттік сынақтан өте алмаса, 1982 жылы шығарылған өнімнің барлығы бі­рінші категорияны иеленді. 1983 жылы ФКО жоғары сапамен шығарылып, гео­логиялық құрал ретінде дүниежүзінде тұң­ғыш рет Жосалы механикалық зауытында жасалып, ірі капиталистік елдердің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Сирия, Пәкістан, ЮАР) патентіне ие болды.

Миуа БАЙНАЗАР