90 жылға жуық тарихы бар академияның басына бұлт үйірілгелі біраз болған.
«Жыл бойы Академияда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, білім беру саласындағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, оқу процесі профессорлық-оқытушылық құраммен, өндірістік практика базаларымен, оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз етілмеген. Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілердің сұранысына толық сәйкес келмеді. Бұл түлектердің жұмысқа орналасуына да әсер етті. «Атамекен» ҰКП жүргізген рейтинг бойынша Академияның білім беру бағдарламаларының шамамен 60% жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келмейді» деген хабар тараған. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешім шығарған болатын. Университет БҒМ шешіміне байланысты сотқа шағымданған. Ведомствоның мәліметінше, сотта әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 464-бабы 2-бөлігіне сәйкес ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының білім беру қызметін жүргізуге рұқсат беретін бас лицензиясынан және оның қосымшаларынан айыру туралы қаулысына қатысты академияның шағымы бойынша әкімшілік іс қаралды.Қазіргі таңда аталмыш ЖОО-да 5 мыңнан астам студент оқиды. Академияда оқу құны – білім беру бағдарламасына байланысты 427 мың теңгеден бастап 1,5 млн теңгеге дейін. Студенттер өз қалауы бойынша қаладағы өзге оқу орындарына ауыса алады. Академиядағы бакалавриаттың 8 бағыты, магистратураның 6 бағыты, докторантураның 4 бағыты бойынша лицензиялар Алматы қаласының басқа 30 жоғары оқу орнында бар. Бұл туралы ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова айтқан болатын.«Сот Білім және ғылым министрлігінің Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын бас лицензиясынан айыру туралы шешімін өз күшінде қалдырып, қаулыны министрліктің пайдасына қабылдады. Академияның білім беру қызметіне қатысты комитет тарапынан жүргізілген тексеріс барысында анықталған бұзушылық фактілерін де сот растады», – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетіндегілер.