Нұрсұлтан Назарбаев Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барды, - деп хабарлады elbasy.kz. Елбасы елорданың жаңа мәдени нысанымен танысып, театрдың шығармашылық ұжымымен кездесті. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев астана көшкелі қалада қазақ драма театрына жаңа зәулім ғимарат салып беруді ойластырғанын атап өтті.
– Баршаңызға шығармашылық жетістік пен табыс тілеймін. Бүгіннен бастап біз театрды ашық деп жариялаймыз. Оның құрылысына «Самұрық-Қазына» компаниясы арнайы қаражат бөлді. Мұнда барлық жағдай жасалған. Көрермендердің осы театрға қуана келетініне сенімдімін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.Театрдың жаңа ғимараты Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен бой көтерді. Ғимараттың жалпы ауданы 22 мың шаршы метрден асады. Мұнда 635 орындық үлкен зал, 202 орындық камералық зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы орналасқан.