«Жолда қабылдау» акциясы аясында алаяқтарға алданып қалған Қостанай қаласының тұрғындары полицейлерден көмек сұрады. Белгісіз копаниялар зейнеткерлерге массаж аппаратын жарнамалап, оларға оны 660 мың теңгеге сатқан. Бұл туралы Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі хабарлады. Арыз айтып келгендердің бірі Елена Янованың айтуынша, оның 75 жастағы анасын алып-сатарлар банкке апарып, оның атынан бөліп төлеуге несие рәсімдейді, себебі оның массаж жабдығына жеткілікті сомасы болмаған. – Бұл 3-7 қараша аралығында қаладағы қонақ үйлердің бірінде болған. Алматылық 3 компания массаж аппаратын жарнамалап және барлық зейнеткерлерге 660 мың теңгеге сатады, негізінен нарықтағы құны 20 мың теңге тұрады. Анама алдап несие алдырған соң амалсыз ай сайын 76 мың теңгеден төлейміз, – дейді ол. Арызданушылардың мәліметі бойынша, бір компания қонақ үй залын жалға алған, қалған екеуі несие рәсімдеген. Қазіргі уақытта полицияға 6 зейнеткер арызданып отыр, бірақ зардап шеккендер одан да көп болуы мүмкін. Қостанай облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Андрей Григоревский атап өткендей, қазіргі уақытта материалдар жинақталу үстінде. Барлық істер бақылауға алынады. Сондай-ақ, акция барысында қала тұрғыны Ержан Нұрғазы жеке үй салу үшін шетел азаматтарын тарту мәселесі бойынша сұрақ қойды. Оған Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Қайрат Дүтпаев түсініктеме берді. – Егер сіз жеке тұлға ретінде жұмыскерлерді тартқыңыз келсе, бірінші кезекте бес адамға дейін еңбек келісімін алуыңыз керек және бір айға 2 АЕК көлемінде мемлекеттік баж төлеу қажет. Осыдан кейін рұқсат алу үшін көші-қон қызметі орталығына жүгінесіз, – деп атап өтті Қ. Дүтпаев. Nur Otan партиясының облыстық филиалында «Жолда қабылдау» акциясы аясында қостанайлық тәртіп сақшылар бір күнде 100 адамды қабылдады.