2020 жылы Жапония астанасы – Токиода өтетін жазғы Олимпиадаға лицензия алған кезекті қазақстандық спортшылардың тізімі жарияланды.
Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, әзірге Ұлттық құрама еншісінде спорттың 14 түрінен 25 лицензия бар.
«Ұлттық құраманы 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына дайындау бойынша кешенді жоспар жасалды. Басты мақсат – төртжылдықтың басты додасы үшін Олимпиада жолдамаларына қол жеткізу» дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Серік Сәпиев.
Мәселен, жеңіл атлетикадан екі спортшы – Ольга Рыпакова (үш аттап секіру) мен Георгий Шейко (20 шақырымдық жүру) лицензия иеленген. Сондай-ақ ашық суда жүзуден Виталий Худяков, жүзуден Дмитрий Баландин (2 лицензия), велошосседен Евгений Гидич Олимпиадаға жолдама алса, садақ атудан 4 лицензия бар.
Мәнерлеп жүзуден Александра және Екатерина Немичтер өнер көрсетеді. Грек-рим күресі мен әйелдер күресінен екі-екіден жолдама бар. Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов Жапония астанасына жол тартса, Валентина Исламова мен Эльмира Сыздықова да төрт жылдықтың дүбірлі додасына сақадай сай.
Еркін күрестен әзірге төрт лицензия бұйрыған. Нұрислам Санаев (57 келі), Дәулет Ниязбеков (65 келі), Данияр Қайсанов (74 келі), Ерғали Әлішер (97 келі) Токио татамиінде тер төкпек.
Ал спорттық гимнастикадан Милад Карими, стенд атудан Сәрсенгүл Рысбекова, мылтықпен атудан Юрий Юрков, қазіргі бессайыстан Елена Потапенко мен Павел Ильяшенко байрақты бәсекеде барын салады.
Осы орайда, мынаны айта кеткен жөн. Биыл ұлттық құрама спортшылары Олимпиадаға жолдама беретін көптеген жарысқа қатысады. Олардың қатарында Әлем чемпионаты, Азия біріншілігі және әлемдік іріктеу турнирі бар.
Келер жылы да Олимпия ойындарына жолдама беру жалғаса береді. Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2020 жылғы додаға кемінде 32 спорт түрінен 105 жолдама алуды жоспарлап отыр.
Әлихан АБАЙ