Әліпби ұлттық рухтың әрін келтіреді

Әліпби ұлттық рухтың әрін келтіреді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің латын графикасындағы олқылықтарды жойып, жаңа әліпбиді жетілдіру туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тапсырмасы ұлт жанашырларына ой салды. Олардың кейбірі Үкіметке алфавитке қатысты өз ұсыныстарымен қайта жүгінуде.

Солардың бірі – зерттеуші Ғазиз Нәдірбаев Білім және ғы­лым министрі Асхат Айма­ғам­бе­товке хат жолдады.

«Құрметті, Асхат Қанағатұлы! Сізге көптеген нұсқалардың бірі ретінде қазақ тілінің жаңа әліп­биі­нің мына үлгісін ұсынғым келеді. Әріптерге дәйекше не акут секілді қосымша символ қо­сақтауға қарсы адамдардың бірімін. Себебі қазіргі заманда адамдар қолмен жазғаннан гөрі, басқанға бейім тұрады. Байқа­ға­ным, жастар қазақшаны латын­ша қаріптермен тергенде қосым­ша символдар қоюға тырыспай­ды. Ондай мәтінді қазақша бі­ле­­тін­дері интуитивті түрде оқи бе­ре­ді. Бірақ бұл келер ұрпақты немесе өзге этнос өкілдерін ша­тас­­тыруы мүмкін. Өйткені олар қазақ сөзінің дұрыс дыбыста­луын білмейді. Салдарынан, уа­қыт өте келе біз қосымша сим­вол­дар ке­сі­рінен тіліміздің ұлт­тық ды­быс даралығынан айы­ры­лып қалуы­мыз мүмкін», – дей келе, ми­нистр­ге әліпбидің өз жобасын ұсын­ды.

Ол мысалы, «Әә» әрпін «Ah ah» (Аhreket), «Ғғ»-ны «Gh gh» (qaraghaj), «Ңң»-ды «Nh nh», «Өө»-ні «Oh oh» (Ohzekti), «Үү»-нің «Uh uh» (Uhjrek), «Ұұ»-ні «Uu» (Ulghajtqysh), «Цц»-ны «Ts», «Чч»-ны «Ch ch», «Іі»-ні «Ii», ал «Ии» мен «Йй»-ді «Jj» деп таң­балауды орынды санайды.

Бірақ БҒМ басшысы бұл ой­мен келіспейтінін жеткізді.

«Құрметті, Ғазиз Нәдірбаев! Білім және ғылым министрлігі сіздің қазақ алфавитінің латын графикасына көшуіне қатысты өтінішіңізді қарады. Латыншаға өту мәселесіне қызығушылық білдіргеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Сіздің өтінішіңізді А.Байтұрсынов атындағы Тіл бі­лімі институтының маманда­ры­­ның қатысуымен қарадық», – деді министр.

Ол Қазақстан Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жар­лығымен «Қазақ тілі әліп­биін кириллицадан латын гра­фи­касына көшіру туралы» Пре­зи­денттің 2017 жылғы 26 қазан­дағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізілгенін еске салды. Қазіргі уақытта оның мәліметінше, Қа­зақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін ла­тын графикасына кезең-ке­зең­­мен көшіру жөніндегі іс-шара­лар жоспарына сәйкес, осы Жар­лықты іске асыру жұмыс­тары ары қарай жүргізіліп жатыр.

«Ғалымдардың байламынша, ә, ғ, ж, ң, ө, ү дыбыстарын ah, gһ, zh, nh, oh, uh диграфтарымен таң­балау, транслитерациялау оларды жазуды қиындатады. Әрі бұлай жазылған сөздердің жап­пай әртүрлі оқылуына соқты­ра­ды. Бұл фактіні мамандар ғылы­ми зерттеулермен, сынақ-тәжі­ри­белермен дәлелдеп шықты. Мәселен, әлеуметтік сауална­ма­лар, жазу тәжірибесі машықта­рын бақылау және басқа да іс-шаралар жүргізілді», – дейді Асхат Аймағамбетов.

Ол өзге тілден келген кірме әріп­терді жаңа әліпбиге көшір­ме­ген дұрыс дейді.

«Сіздің жобадағы ë (jo), э (e), ю (jw), я (ja) секілді кирил­ли­ца­да­ғы бірқатар әріптер жаңа ал­фа­витке қосылмады. Себебі қа­зақ тілінің латын қарпіндегі жа­­з­уын­да ана тіліміздің ұлттық бірегей­лі­гін сақтауға екпін түсі­ру ұйға­рыл­ды. Тиісінше, бұл әріптер тек орфографикалық ере­­желерде нақтыланатын бо­ла­ды», – деді Білім және ғы­лым министрі.

Ол бүгінде латын графика­сы­на негізделген қазақ тілінің жаңа тұрпатты әліпбиі Елбасы қабыл­да­ған Жарлықта бекітілген үлгі­мен қолданылатынын нық­тады. Президент Қ.Тоқаев тап­сырма­сы­мен тек соған өзгерістер ен­гі­зі­леді және кемеліне келтірі­ле­тінге ұқсайды.

БҒМ басшысы әліпбиді же­тіл­­діруге қатысты өз ұсыныс­тары бар азаматтарды Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетіне жүгінуге ке­ңес берді. Жаңа әліпбиге көшу бо­йынша негізгі жұмыстарды да сол үйлестіреді.

 

Елдос СЕНБАЙ