Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партияны жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын. Бағдарлама аясында партия қатарына отаншыл, елге жанашыр азаматтар тартылсын деген талап қойылды. Сол міндетке сәйкес, Түркістан облысының Түлкібас ауданында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу жүргізілді. 28 қазанда басталған пилоттық жоба 16 қарашада түйінделді.
Еліміз бойынша пилоттық жоба ретінде алғаш рет өткізілген бастаманың ұйымдастыру жұмыстары жоспарға сай, кезең-кезеңімен атқарылды. Nur Otan партиясының Түлкібас аудандық филиалына қарасты 23 бастауыш партия ұйымның мүшелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кандидаттар ашық және әділетті түрде тіркелді. Іріктеу жұмыстары партияның орталық аппараты бекіткен нұсаулыққа сай атқарылып, үміткерлер бастауыш партия ұйымдарына таныстырылды. Жобаны жүзеге асыруда Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Түлкібас аудандық филиалы және Түлкібас ауданы әкімдігі жемісті жұмыс атқарды.
Дауыс беру шарасы барысында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевты сөзге тарттық.
– Елбасының «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партияны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бастамасына сәйкес еліміздің әрбір облыстарынан бір-бір ауданда пилоттық жоба негізінде партиялық кадрлық резервтерді дайындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған шара мақсаты – халықтың ортасынан шынайы көшбасшыларды анықтап, оларды партия қатарына резервке тарта отырып, елдік мәселелер мен проблемаларды бірге көтеру және оларды нақты шешу. Бұл жерде тұрғындарға бір партияға мүше болу деген міндет болған жоқ. Өйткені халықтың кез келген өкілі халықтың өзінің жақсы бастамаларын, осы ауданды дамытуға қатысты өздерінің бір жақсы ұстанымдары болса, біз бәрін қабылдауға ашық түрде шақырдық. Соған сәйкес, партияға мүше емес 23 азамат та кадрлық резервтік іріктеуге қатысып отыр. Сонымен қатар бұл жерде басым беріп отырғанымыз, көпбалалы аналарға да мүмкіндік беріп отырмыз. Бұлардың қатарында 40 әйел мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да мүмкіндік беріп отырмыз. Сондай-ақ қатысқандардың 20 пайызын жастар құрайды, – деді ол.
28 қазан мен 4 қараша аралығында партиялық кадрлық резервіне іріктеу жұмыстары жүргізілді. 100 үміткер тіркелді. Оның ішінде 60 ер, 40 әйел бақ сынауды жөн көрген. Жас ерекшеліктеріне орай, тіркелген үміткерлер арасында 35 жасқа дейін 21 адам, 35-50 жас аралығында 38 адам, 50 жастан жоғары 41 адам, сондай-ақ 7 көпбалалы ана олардың қатарында өзін ұсынған. Қорытынды дебаттар мен дауыс беру кезеңіне 96 үміткер өтті. Олардың қатарында ұстаздар мен белсенді жастар да бар.
Пилоттық жоба бойынша, 5-15 қараша аралығында екінші кезеңдегі үгіт-насихат жұмыстары өтті. Тіркелген кандидаттар өз бағдарламалары мен ұсыныстарын таныстыру үшін ауданның әр ауылында болып, партия мүшелерімен кездесулер мен дебаттар өткізді. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен жергілікті газеттерде үміткерлердің өмірдерегі мен бағдарламалары жарияланды. Инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздықты азайту, жастарға жағдай жасау, туризм мен спортты дамыту және өзге де түйткілді мәселелерді қозғап, шешу жолдарын ұсынды.
Тіркелген үміткерлерге дауыс беру 16 қарашада ауданның 15 аумағында ашық және еркін түрде өткізілді. Тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Аудандағы Nur Otan партиясының 6 мыңнан астам және Jas Otan Жастар қанатының бір мыңнан астам мүшесі, жалпы 7 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасады. Жаңа көшбасшыларды таныған түлкібастықтар билік тармағына азаматтар осылай таңдалғаны жөн екенін айтты. Пилоттық жоба арқылы ауданның белсенді азаматтары бір арнаға топтасып, Nur Otan партиясының бұл бастамасына ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысы