Есірткіні жарнамалаған баннер ілгендерді полиция іздеп жатыр

Есірткіні жарнамалаған баннер ілгендерді полиция іздеп жатыр

Алматының орталық көшелерінде есірткі жарнамасы туралы баннерлер көпшіліктің наразылығын тудырып жатыр. Алғаш ол туралы қоғам белсендісі Әсем Жапишева Facebook парақшасында жазды.

Жазба авторы ондай жарнамалық баннерлерді бірнеше орталық көшеден көргенін жазады.

«Баннерде QR-код пен сайт атауы көрсетілген. Сол код арқылы сайтқа өтіп, стафф, спид, мефедрон, кристал басқа да заттарды алуға болатыны көрсетілген. Одан да сорақысы баннер ілген адамдар айфон, тағы басқа заттарды ойнату үшін байқау ұйымдастырған. Байқау талаптары – баннер қасында суретке түсіп, достар мен таныстарды тэгтей отыра әлеуметтік желіде жариялау керек. Тек бұл фитнес орталықтың жарнамасы емес, есірткі дилерлерінің жарнамасы»,– деп жазады ол.

Әсем Жапишева мұндай баннерлердің Алматыдан бөлек, Қазақстанның ірі қалалары Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Өскеменде бар екенін айтты. «Аталған дерек қалалық Полиция департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бақылауына алынды. Құқық қорғау органдары тарапынан шұғыл шаралар қолға алынды. Тексеру нәтижесінде баннерді жариялаған компания анықталды. Жақын арада тапсырыс беруші де табылып қалады», - деді Полиция департаментінен.

Қазір полиция аталған баннерлерді алып тастауда.