Түркия көшбасшысы Реджеп Ердоғанның іс-қимылы бір-бірін жақтырмайтын екі державаны айран-асыр етіп отыр. Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескен ол «Триумф» аталатын ресейлік С-400 зениттік-зымыран кешенін сатып алу ниетінен бас тартпайтынын мәлімдеді. Бірақ сонымен бірге Ресей де бұл қорғаныс жүйесін НАТО мүшесіне сатқанына өкінуі мүмкін.
Анкарада билеуші Әділет және даму партиясының парламенттік фракциясы алдында сөз сөйлеп, таяудағы Америка басшысымен келіссөздеріне қатысты түсініктеме берген Түркия президенті ресейлік ЗЗК-дан бас тартуы мүмкін емесін Ақ үйге ұқтырғанын жеткізді.
– С-400-ді сатып алу туралы шешімге Түркия қалай келгенін Трампқа түсіндірдім. Д.Трамптың өзі Анкараның ұстанымын негізді деп санайды. Біз Түркияның бұл мәселеде артқа қадам жасамайтынын хабарладық. Бұған қоса, біз осының баламасы саналатын АҚШ-тың Patriot жүйесін сатып алуға да мүдделі екенімізді атап көрсеттік, – деді Р.Ердоған.
Оның алған бетінен қайтпайтынын білген америкалықтар бұл елді өзінің F-35 жойғыш-бомбалаушы ұшағын жасау бағдарламасынан шығарып тастауға ниеттеніп отыр. Бірақ оның түріктер өндіретін қажетті элементтері мен бөлшектерін қайдан алатынын білмейді.
Бұған қоса, Ақ үй F-35-ті ары қарай Түркияға сатудан бас тартуды ойластырып жатыр. Ал НАТО мүшесі болып есептелетін бұл елдің барлық әскери авиапаркі аталған ұшақтардан құралған.
Ал Ердоған мырза егер АҚШ осы бағдарламаға өзгеріс енгізуге қатысты теріс ниетінен және ымырасыз ұстанымынан қайтпаса, Анкараға оған балама іздеуге тура келетінін мәлімдегенін жеткізді. Балама дегені бірінші кезекте Сирияда пәрменділігін дәлелдеген ресейлік ұшақтар болуы ықтимал.
Өз кезегінде Дональд Трамп Түркияның ресейлік С-400-ді сатып алумен байланысты проблеманың алда шешілуінен үмітті екенін айтты. Сондықтан болса керек Анкараны санкциялармен қорқытқанымен, әзірге оларды енгізген жоқ.
Түркия кіретін НАТО ұйымы да өз аумағында ресейлік құпия технологияларға құрылған, «ішкі құрылысында» не жасырынғаны беймәлім әскери құралдың – зымырандарға қарсы жүйенің жұмыс істегенін қаламайды.
Вашингтон С-400 кешені өзінің F-35 стелс-жойғыш ұшақтарына қауіп төндіретініне сенімді.
Айта кеткен жөн, Анкара бұл ЗЗК-ны биыл сатып алды. Контракт құны – 2,5 миллиард доллар. Бірақ әзірге түріктерге жеткізілмеді. Оны жеткізу мерзімі таяған сайын пікірталастар қызуы да артуда.
Ресей әскери-өнеркәсіптік кешеннің мақтанышы саналатын «Триумфты» қарсыластар блогы – Солтүстікатлантика Альянсы ұйымының мүшесіне сатуға қарсылар Ресейде де жетеді. Себебі тиісті келісімшарт бұл кешендермен бірге Түркияға оның технологияларын да ішінара тапсыруды қарастырады. Мұны Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков растады. Әйтсе де, егер түрік мемлекеті өз жерінде С-400-ді іске қосса, Мәскеу ұтады. Оның үміт қылып отырғаны да – осы.
Айтқандай, Р.Ердоған таяуда Д.Трамптың тосын хатын өзіне қайтарғаны туралы журналистерге баяндап берді. Ол хатта АҚШ лидері дипломатиялық әдеп-жоралғыны сақтамай, түрік басшысына «Ақымақ болма!» деп кеңес беріпті. Дегенмен сарапшылар Анкараның ақырында Трамптың өзін ақымақ етуі ықтимал деген пікір айтады.
Әскери мамандар Түркия Ресей кешенін сатып алғанымен, оны пайдаланбауы да мүмкін екенін болжайды. Өйткені Вашингтонмен қарым-қатынасты ушықтыра беру оған қажет емес. Онда «Триумф» Ердоған мырзаның көпбағдарлы саясатының тек бір құралына айналмақ.
Елдос СЕНБАЙ