Ауыл туралы әңгіме қозғалған жерде жұмыссыздық қоса айтылады. Ал Алматы облысы Кеген ауданына қарасты Саты ауылында жұмыс көп те, істейтін адам жоқ. Себебі бұл ауылдың қонақ күтуден қолы босамайды. Көлсай мен Қайыңдының кереметін көруге келгендердің тоқтайтын нүктесі – Саты. Еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін еңбекқор сатылықтар «Бұл бізге Құдайдың берген бағы мен байлығы» дейді. Бір айтары, өзгелер миллионер атаған ауылдың мұңы да бар екен.
Індет жетпеген ауыл
Айналасында Көлсай, Қайыңды, Саты және Шелек өзені ағып жатқан Саты ауылы шекаралық аймаққа жатады. Сондықтан сізді ауылдың кіреберісінде әуелі шекара қызметі қарсы алады, бақылаудан өткізеді. Одан кейін тақтайдай тегіс жолмен ауылдан гөрі аудан орталығына көбірек ұқсайтын Сатыға кіресіз. Бұл ауылдың бір атауы – Таушелек. Ауылдағы мешіт те солай аталады. Халық екеуара басқосуда таушелектік екенін айтып қалады. Ресми атауы – Саты. Бізді күздің соңғы айындағы ауыл тіршілігінің қайнап жататыны таңғалдырды. Әсіресе, құрылысы қызған нысандар бірден көзге түседі. Ауылдың орталық көшесінің бойында бой көтерген салтанатты мейрамхана мен қонақ үйлердің сыры кебе қоймағанын көргенде бұл ауыл коронавирус туралы естімеген бе деп ойлап қаласыз.Қонақжай үйді кеңейтіп жатқандардың бірі осы – «Жұлдыз». Кірпішін түсіріп қойған.«Өзім Қарағанды облысында туып-өстім, осы ауылдың келінімін, ата-енем қонақ қабылдаумен тоқсаныншы жылдары айналысып бастаған екен. Енді бұл кәсіпті бізге тапсырды. Жеті жылдан бері айналысып келемін, қонақ күту, дастарқан жаю өзіме ұнайды. Қонақ келген сайын энергиямыз тасып, шаршауды ұмытамыз. Таңғы сағат 4-тен сиыр сауып, сүт тартып, бауырсақ пісіріп, бәріне үлгереміз. Туристердің қалаған тамағын жасап береміз, коронавирус шыққалы қой етінен жасалған сорпаны сұраушылар көбейді», – дейді «Жұлдыз» қонақжай үйінің иесі Жұлдыз.
Таушелекте «ашылмаған арал» көп
Қайыңды мен Көлсайға туристер УАЗ көлігімен жетеді.УАЗ көлігін қырық жылдан бері тізгіндеген Сисенбай Баймырзаұлы – туристерге кеңес заманынан бері қызмет етіп келе жатқан кәнігі гид.
Ал өзі УАЗ-ымен туристер қайда барғысы келеді, сонда апарады.«Қайыңдының арғы жағында қырғыз елі тұр. Таңертең ерте шықсаңыз, түске дейін сол жерде боласыз. Кеңес заманында талай туристі тау асырдық. Ол кездегі жұмысымызды туризм деуге келе ме, жоқ па, білмеймін, кейін 2003 жылы бізді үш ай оқытып, туристі қалай қабылдау керек екенін үйретті. 20 қап цемент, 1 тоңазытқыш, 4 төсек-орын берді кәсіп бастауға. 30 отбасы оқып, 7-еуіміз кәсіп бастап едік. Қазір ауылда 300-ден аса отбасының 80 пайызы турист қабылдайды», – дейді «Омархан» қонақжай үйінің иесі Сисенбай Баймырзаұлы.
«Біз туристерге брендке айналған Қайыңды мен Көлсайды ғана көрсетеміз ғой. Ал бізде мұндай орындар толып жатыр. Саты сайы, Күрметі сайы, Құдырғы, Талдысай, Өрікті бар. Ол жаққа адам бармаған, нағыз туристік нысан болатын жер, туризмдегі ашылмаған аралдар ғой», – дейді ол.
«Ауа райы жақсы болса, бір ұядан 50-80 келіге дейін бал алуға болады. Былтыр әр ұядан 50 келіден алдым. Бізде миллиондаған шөптің түрі бар, аралар балды тау гүлдерінен жинайды. Омарта шаруашылығы білгенге табыс көзі, айналысуды көптен бері армандап едім, сәті енді түсті. Өзімді үйренуші санаймын. Меңгеріп алған соң балаларым мен немерелеріме үйреткім келеді», – дейді.
Жұмыс бар, жұмысшы жоқ
Саты ауылының халқы толығымен жұмыспен қамтылған деуге болады. Туризммен айналысатындарды айтпағанда, осы ауылда орналасқан Ұлттық парк орталығы, мектеп, аурухана, Мәдениет үйі, шекара заставасы, төтенше жағдай қызметі, сейсмостанса дейсіз бе, барлығында сатылықтар еңбек етеді. Туризммен оқушылар да айналысып жүр, олардың арасында жылқысын жалға беріп, бір жазда 1 миллион теңге табыс тапқандар бар.«Біздегі ең өзекті мәселе – интернет. Туристердің бірінші кезекте сұрайтыны – сапалы интернет. Себебі төлем жасауда қиналады. Ақпараттық технология дамыған заманда интернеттің нашарлығы ұят-ақ. Әрқайсымыз уайфай орнатқанбыз, бірақ оның жылдамдығы өте баяу. Сондықтан алдын ала тапсырыс жасап келетін туристерге телефонында байланыстың қай түрі болуы керегін ескертеміз. Біз үй салушы едім, көмек бер, турист күтіп жатырмын, көмек бер деп ешкімнің табалдырығын тоздырып жүрген жоқпыз. Бәріміз жеке кәсіпкерлік ашқанбыз. Салығы мен тиісті төлемді уақытында төлеп отырмыз. Бізге интернет жылдамдығын көтеріп берсе болғаны», – дейді «Албан» қонақжай үйінің иесі Жанар Жұматаева.Бәрінен де қонақжай үй салып жатқандар өзбек жұмысшыларына күніміз қарап қалды деп қиналып отыр. Себебі жергілікті халық екі күн жұмыс істесе, үшінші күні той-томалақ пен өлім-жітімге сұрана береді. Сатылықтардың мұңы мұнымен бітпейді.
«Сатының сыртына шығып, 500 метр жүрсе қалың тоғай толған қарақат, шырғанақ, таңқурай. Қайыңды, Саты сайлары таңқурайға толып тұр, бұл жақтың таңқурайының дәмі бөлек. Табиғат байлығын сақтап күтіп ұстасақ, бәрімізге жетеді. Сол жидектерден жасалған тосапты сатып алуға дайынбыз, туристер де қуана-қуана алар еді. Ал бізде тосап жасауға мүмкіндік жоқ, қонақжайымыздан күні-түні қонақ арылмайды. Біздің ауылда ерінбеген кісі айран-сүтін сатып та табыс таба алады», – дейді ол.
«Якутиядан келген туристер қамшы алып келді. Мынау сізге сәттілік әкеледі деп сыйға тартты. Ал оған кәдесый сыйлайын деп едім, таппадым», – дейді Қарлығаш Құдабаева. Қонақжай үйдің иелері кәдесыйға тапсырыс беруге интернеттің итшілетіп жіберетіні де кедергі деп отыр. Жалпы, интернет жылдамдығы барлық ауылған тән мәселе. Бұл проблема әсіресе онлайн оқу кезінде қатты сезілді. Биылғы маусымда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жыл соңына дейін интернет тартылатын 928 ауылдың тізімін жариялады. Сол тізімде Саты да бар. Тек уәде – күйінде қалмаса екен.
Сатының өз сайты бар
Сатыда екі қабатты еңселі мектеп бар. Айтжан Түркебаев атындағы мектеп оқушылары сабақты мектепке барып оқып жүр. 1986 жылы салынған мектеп екі жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен, фитнес клубы бар, спорт секциясы жұмыс істейді, 280 оқушыға 60-тан астам мұғалім сабақ береді. Жылда мамыр айында мектеп оқушылары арасында туризм тақырыбында сурет көрмесін өткізу дәстүрі бар. Көрмеге қойылған суреттерді Көлсай ұлттық паркінің музейінен көруге болады. Саты ауылы туралы ғаламтордан тұшымды дүние таппайсыз. Есесіне қажет материалды Саты ауылының өз сайтынан көруге болады. Ақпараттық-танымдық isaty.kz сайтын мектептің 2000 жылғы түлектері жасап, іске қосқан екен. Мектеп түлектері туып-өскен ауылы туралы ақпаратты молайтуды көздеген болса керек. Сол үшін сайтқа материалдар жүктеп, контентпен толтыруды мектеп оқушыларына жүктеген. Алайда сайттағы контент әзірге мардымсыз. Интернеттің баяулығы бір себеп болар деп болжадық.Айтқандай, Нұртас Адамбайдың "Әкім" фильмі Саты ауылында түсірілген. Сол фильмнің кейіпкері – ауыл әкімі ауылға газ әкелемін деуші еді ғой. Бірақ ауылға әлі газ келмепті. Газ келеді дегелі екі жыл өткен, бірақ келмеген. Енді алдағы екі жылдан кейін газ жағып отырасыздар деген уәде беріліпті. Ал оған дейін халық көмір жағуға мәжбүр. 1 тоннасына 22 мың теңге төлейді. Миллионер ауыл үшін бұл қымбат емес деп ойлай ма әлде көмір жағу да туристер көретін экзотика ғой дей ме екен, әйтеуір газ тартушылар асығар емес...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Фотоларды түсірген автор