Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы 2022 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынында Венгрия құрамасын қабылдады. Бүгінгі кездесуде қазақстандық футзалшылар ойын басынан тізгінді қолына алды. Нәтижесінде бірінші кезеңде алаң иелері қарсыластар қақпасына жауапсыз төрт гол соқты. Оны Арнольд Кнауб 7,13, Дәурен Нұрғожин 10, Альберт Ақбалықов 14-минуттарда өзінің еншісіне жазды. Екінші кезеңнің алғашқы минутында қазақстандық ойыншылар есепті үстемелей түсті. Голды 22-минутта Дәурен Тұрсағұлов соқты. Ойында Қазақстан құрамасы қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті. Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы бесінші топта сынға түседі. Қарсыластары - Венгрия, Беларусь және Израиль құрамалары. Енді қазақстандық футзалшылар 2021 жылдың 28 қаңтарында сырт алаңда Израильмен кездеседі. Алғашқы турдан кейін Қазақстан құрамасы бірінші орынға шықты. Екінші орында Беларусь тұрса, одан кейінгі орындарда Израиль және Венгрия құрамалары келеді. Әрбір топтың жеңімпазы мен үздік нәтижеге жеткен екінші орындағы алты құрама финалдық кезеңге тікелей жолдама алады. Ал екінші орындағы төмен нәтиже көрсеткен екі құрама 2021 жылдың 14 және 17 қараша күндері тағы бір жолдамаға таласады. Финалдық турнир 2022 жылдың 9 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында Нидерланды елінде өткізіледі. Аталған топта бүгін Беларусь сырт алаңда Израильді 3:0 есебімен жеңіп кетті.