Қазақстанның Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қорғаныс министрлігінде мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуымен стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысына оқу-жаттығудың негізгі міндеттері мен кезеңдері туралы мәлімет берілді. Аталған оқу-жаттығу қазіргі сын-қатерді ескере отырып, Қазақстанның қорғаныс жүйесі мен әскери қауіпсіздігін сақтау мақсатында ведомствоаралық іс-қимылдарды нығайтуға бағытталған.
Оқу-жаттығу барысында елімізге төнетін сыртқы қатерді болдырмау үшін әскери және әскери емес сипаттағы мемлекеттік шараларды жүзеге асыру мәселелері пысықталды.
Мемлекет басшысы әскери қауіпсіздік саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, сондай-ақ қорғаныс жүйесі алдындағы міндеттерді шешу үшін мемлекеттік органдарды дайындау шараларын жолға қою жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Оқу-жаттығу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев өздерінің әскери борыштарын атқару кезінде қаза тапқан Қазақстан әскерінің сарбаздары мен офицерлерінің рухына тағзым етті.