Достастық елдерінің депутаттары елдерге үлгі ретінде ұсынылар заңдарды қабылдады. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған қазақстандық қалаулылар делегациясы Санкт-Петерборда өткен ТМД парламентаралық Ассамблеясының мерейтойлық 50-ші жиынына қатысты.
Парламентшілер өткенді бағалап, жеткенді саралап, болашаққа жоспар құрды. Сондай-ақ бірқатар үлгілі заңдарды құптады.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Мәжіліс спикері Н.Нығматулин ТМД ПАА-ны – әлемдік парламентаризм жүйесінде өз орны бар, өнімді диалогқа арналған тиімді алаң деп атады. Оның байламынша, Ассамблеяның әр құрылтайы азаматтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында елдердің интеграциялану жолындағы бірізді қадам саналады.
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол саясаттың сабақтастығын сақтауы арқасында Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы серіктестікті белсенді және өзара пайдалы сипатта дамыту бағдарынан таймай келеді, – деді Мәжіліс басшысы.
Елбасының ТМД экономикалық ұстындарын нығайту бойынша бастамаларының мәніне, сондай-ақ сауда кедергілерін жоюға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздығына тоқтала келе, Нұрлан Зайроллаұлы Достастықты заманауи өмір шындығына бейімдеу ісі оң қарқында ілгерілеп келе жатқанын жеткізді.
Оның байламынша, ТМД-ны жаңғырту және эколюциялық дамуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғастырылғаны жөн. Қазіргі уақытта ТМД-ны ары қарай дамыту тұжырымдамасы және оны жүзеге асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары жаңартылуда. Өзгерістер бірінші кезекте посткеңестік елдер ынтымақтастығының экономикалық мәселелеріне қатысты болады.
Мәжіліс төрағасы осы кеңістікте өзара тығыз іс-қимылды қарастыратын жаңа интеграциялық бірлестіктердің пайда болуы және өрістеуі енді жаңа құжатта көрініс табуы қажетін мәлімдеді. Әйтпесе, ТМД-ға кіретін мемлекеттердің өзге интеграциялық бірлестіктермен экономикалық байланыстарының өркендеуіне кедергі туады.
Цифрлық экономика, электронды сауда секілді ықпалдастықтың жаңа салалары да айрықша назар аударуды талап етеді. Елдердің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастығы да күшейтуге зәру.
Нұрлан Нығматулин Достастықтың 2030 жылға дейінгі Экономикалық даму стратегиясының іске асырылуына байланысты ТМД ПАА-ның күн тәртібі де өзекті боларына сенім білдірді.
– Мемлекет басшыларының барлық шешімінің орындалуына парламенттік деңгейде жан-жақты қолдау көрсету қажет. Бүгінде парламентаралық Ассамблеяның әрбір пленарлық отырысы прагматикалық сипатқа ие болуы аса маңызды бола түсуде. Елдеріміз бетпе-бет келіп отырған заманауи сын-қатерлер жағдайында парламентшілердің рөлі де артуда. ТМД кеңістігінде интеграциялық процестердің дамуына заңнамалық тұғыр түземіз. Сол себепті Ассамблея қызметінің маңызды бір қыры – үлгілі заңнама. Ол ұлттық заңнамалардың өзара үйлесуіне қызмет етеді және интеграцияның тиімді құралы болып есептеледі, – деп түйді Н.Нығматулин.
Мерейтойлық жиында ТМД парламентшілері «Мүлікті сенімді басқару және траст туралы», «Міндетті құқық туралы», «Экологиялық шығынды бағалау туралы», «Экологиялық туризм туралы» үлгілі заңдарды қабылдады.
Елдос СЕНБАЙ